Өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері пысықталды Избранное

Среда, 25 Январь 2017 05:36 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3754 раз

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысты.

Елбасы отырыста мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі республика дамуының жүйелі және заңды кезеңі болып табылатынын атап өтті. Президент бұл ретте Үкіметті Парламентке беру бастамасы да өте орынды екендігін жеткізді. Алайда президенттік жүйе өз күшінде қала береді.

– 25 жылдың ішінде Конституцияда бар қағидаларды орындап, бірталай экономикалық жетістіктерге жеттік. Енді әрі қарай жылжу үшін 5 мемлекеттің мен айтқан қадамы бар. Оның ішінде бесінші айтқан жүйеде «Ашық Үкімет» демократияландыру деген мәселеге мән беруге тиіспіз. Сондықтан қазіргі жағдайда қарап, Президенттің өзіне алған бірнеше өкілеттігін Үкіметке қарай жылжыту мәселесін қарауымыз керек. Сол өкілеттіктерді Үкіметке, Парламентке, Президентке бөлу мәселесін қараған жөн. Бұл уақыты жеткен мәселе деп санаймын. Оның үстіне президенттік жүйе қала береді. Біз оны жояйық деп отырғанымыз жоқ. Ол Қазақстан үшін өте қажет, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы әуел бастан Қазақстан Президентінің ерекше құзырына жатқызылған өкілеттіктер санының азаятынына назар аударды.

– Мысалы, бағдарламаларды бекіту, Үкіметтегі кадрлық өзгерістер мәселелері, жаңа басқару органдарын құру Үкімет пен Парламенттің құзырына берілуі мүмкін, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті мемлекеттік басқару жүйесінде Парламенттің рөлін пәрменді түрде күшейту қажеттігін атап өтті.

– Біздің жағдайда Үкімет жеңіске жеткен партиядан немесе фракциядан жасақталады. Осылайша, көптеген мәселелер бойынша Парламенттің Үкіметке қатысты рөлі қайта қаралуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.