Елдіктің еңсесін биіктеткен ЕЛОРДА Избранное

Четверг, 05 Июль 2018 06:03 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 288 раз

Қандай да болмасын мемлекет даму барысында өзінің ұлттық келбетін қалыптастыруды негізгі бағыттардың бірі ретінде ұстанады. Тарихи қайнарларға бет бұру – сол мемлекетте өмір сүретін азаматтардың тарихи жадын, рухани болмысын, отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға игі ықпал етеді. Ол сол мемлекеттің нығаюы мен дамуын қалыптастырады.

2-2

Астана – ХХІ ғасырдың інжу маржаны іспеттес. Елорда құрылысы XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасырдың басындағы еуразиялық алып жоба. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ғаламат идеясымен қолға алынған ғасыр басындағы осындай ғажайып жоба - тәуелсіздік алған қазақ елінің астанасын Сарыарқаның сары төсіне көшіруі. Астананы көшірер алдын Целиноград қаласын аралап шыққан Елбасы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Целиноград Қазақстанның облыс орталығы емес пе, неге мұның көшелерінде бірде-бір қазақша атау жоқ?» деген болатын. Осыдан кейін сол кездегі ономастика комиссиясы 27 көшенің атын қазақшалаған. Біз
Астанаға келгенде сол атауы ауыстырылған көшелер жөнінде Ақмоланың орыстілді БАҚ-на әртүрлі мақалалар шығып тұрды. Соның бірі «Кенесары деген кім Карл Маркстың атын ауыстыратындай», деген мақала мені қатты ойландырды. Ол жылдары Астана қаласының Сарыарқа ауданының әкімінің орынбасары едім. Бірден түсіндім, ешкімге өкпелеуге болмайды өзге этнос өкілдері түгілі қазақтардың өзі тарихын жете білмейді. Сондықтан, аты өзгерген көшелердің Сарыарқа ауданына тиісті көшелерінің мерекесін өткізуді жоспарладым. Бұған дейін Шымкент қаласында қызмет істегенде ағаларымыз Қуаныш Төлеметов, Амалбек Тшанов қала басшылығында жүргенде Шымкент қаласының көшелеріне ұлы тарихи тұлғалардың, Алаш арыстарының есімдері берілген кезде кереметтей етіп көше мерекелерін өткізген едік. Дәл сол сияқты ең алғаш Кенесары көшесінің мерекесін өткіздік. Мерекеге Алматыдан тарихшыларды, журналистерді, жазушыларды шақырдық. Залға Кенесары көшесінің байырғы тұрғындары, көшенің еңбек сіңірген қайраткерлері, көп балалы отбасылар, зиялы қауым жалпы көше тұрғындары келді. Сонда Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Құныпия Алпысбаев Ресейдің тарихшысы И. Павловтың: «Орыстар мені кешірсін, бірақ, біздің Ресейде Кенесарыға жететін қолбасшы жоқ», деген сөзін келтірді. Осылайша Астана халқына Кенесары хан туралы жан-жақты тарихи деректерге сүйене, толық мәлімет берілді. Көшенің байырғы тұрғындарына, көп жасаған құрметті азаматтарға, көп балалы аналарға кәсіпкерлер сый-сияпаттарын жасады. Риза болған тұрғындар көшелерінің
Кенесары есімін алғанына мәз болып тарасты. Дәл осылайша Әлихан
Бөкейхан, Мұхтар Әуезов,
Әліби Жангелдин т.б. көшелердің мерекесін өткіздік.
Астана қаласының қазақилануына елеулі үлес қосқан 2006 жылы қала әкімі қызметін атқарған – Астана қаласының әкімі Өмірзақ Шөкеев. Мені
Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасына басшы етіп тағайындады. Бұл қызметке кіріскеннен кейін «Жеріңнің аты - бабаңның хаты» деген қағида бойынша, Елбасы кезінде ескерткен Астана қаласының көшелерін қазақ тіліндегі атауға ауыстыруды қолға алдық. Ұзамай Бас шаһардың әкімі болып Асқар Мамин келді. Әкімнің орынбасары болып
Ермек Аманшаев тағайындалды. Ол кісі менің ойымды қостап «Ең алдымен,
Астана қаласының ономастика комиссиясының құрамын өзгерту керек, Астана бүкіл қазақтың елордасы» деп ономастика комиссиясының құрамына
Нұрғожа Ораз, Әбіш Кекілбаев,
Рымғали Нұрғали, Фариза
Оңғарсынова, Мырзатай
Серғалиев, Ақселеу Сейдімбек,
В.Р. Гундарев, Мырзатай Жолдасбеков, Қойшығара
Салғараұлы, Ханкелді Әбжанов,
Алдан Смайыл секілді т.б. мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тарихшыларды қосты.
Ұлттың рухани өзегі тіл десек, соның бөлінбес бөлшегі, біте қайнаған нәрі – ономастика саласы Астана – еліміздің бас қаласы болғандықтан Қазақстанның тарихи, мәдени, географиялық дидарын беретіндей атаулар болуы тиіс. Осыны басшылыққа ала отырып, ономастика комиссиясы көптеген көшелерге қазақ жерінің байырғы атауларын беруді дұрыс деп тапты. Атап айтқанда, қаладағы көшелерге Қаратау, Еділ, Қаратал, Балқантау, Зеренді, Марқакөл, Аспара, Жаңаөзен, Абыралы, Меркі, Үстірт, Аягөз тағы сол сияқты жер-су атаулары берілді. Бұл атауларды таңдауда және бекітуде олардың тарихи маңызы және байырғы болмысы санатқа алынды. Еліміздің жаңа тарихтағы даму жолы – Астанамен тікелей байланысты екендігі белгілі. Сондықтан ономастика комиссиясы бірқатар тарихи оқиғаларға қатысты атауларды және тарихи тұлғалардың есімдерін беруді ұйғарды. Атап айтқанда, Күлтегін, Асанқайғы, Қадырғали Жалайыри, Шәкәрім Құдайбердіұлы,
Ыбырай Алтынсарин, Сүгір Әліұлы, Ілияс Есенберлин, Ықылас Дүкенұлы, Ағыбай батыр және т.б. Өткен ғасырдың басында халқымыздың тәуелсіздігі үшін күрескен, арттарына мол рухани мұра қалдырған Алаш қайраткерлерінің есімдері де Астана көшелеріне берілген болатын. Олардың ішінде Мұстафа Шоқай, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Телжан Шонанұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Ғұмар Қараш сияқты тұлғалар бар. Қазақ тарихында өзіндік ерекше орны бар Қозыбасы, Аңырақай, Арқайым, Қазығұрт, Бұланты, Абат-Байтақ, Саққорған сияқты тарихи жер атаулары да елорданың жаңа атауларының қатарынан орын алды. Халқымыздың күрделі тарихи өткелдерден өтуінде қазақтың батыр, өнерпаз, даналығымен көзге түскен қыздарының еңбегі айрықша болғаны тарихтан белгілі. Олардың есімдерін Астана көшелеріне беру – бүгінгі ұрпақтың бойына имандылық, мейірім, адамгершілік сезімдерін ұялатуға ықпал етері сөзсіз. Бұл ретте Жұбан ана, Домалақ ана, Қарашаш ана, Айша бибі, Ұмай ана, Тұмар ханым, Ұлпан, Айғаным, Дина, ақын Сара, Ұлбике ақын есімдерін айтамыз.

2-1

Қазақ халқының тарихи-мәдени дамуына бірқатар өзге ұлт өкілдерінің үлес қосқаны мәлім. Солардың ішінде көше атаулары Мәриям
Жәгорқызы, Әбубәкір Диваев, Василий Бартольд, Николай Хлудов есімдеріне ие болды. Жаңа атауларға ие болған көшелерге мемлекеттік гимннің авторлары Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов есімдері де берілді. Кейбір көшелерге қайта атау беруде бір тарихи оқиғаның бірнеше рет қайталануы да есепке алынды. Мәселен, Ұлы Отан соғысына байланысты атаулар көптеп кездеседі: Жеңіс даңғылы, Кеңес Одағының батырлары құрметіне қойылған ондаған атаулар. Сондықтан 9 май көшесіне қазақ халқының батыр қызы
Ә.Молдағұлованың есімі берілді. Сондай-ақ кейбір атаулар түзетілді. Айталық,
«Қ.Мұңайтпасов көшесі» бұдан былай «Қажымұқан көшесі» деп аталатын болды. Сондай-ақ,
Сарыарқа даңғылының көпірден кейінгі бөлігі – «Тұран» даңғылы, Софиев тас жолы – «Алаш тас жолы», Рождественский тас жолы – «Қарқаралы тас жолы» деген атаулармен аталатын болды. Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен және Астана қаласы мәслихатының шешімімен 2006 жылы Астанада 113 көше қайта аталса, 2007 жылы 145 атаусыз көшеге атау беріліп, 154 көше қайта аталды. Астана қаласының көше атауларының 92 % қазақша берілді, бұл көрсеткішке бірде-бір үлкен қалалар жеткен жоқ.
Астана – Шығыс пен Батыс нақыштары тоғысқан ірі мегаполис, үшінші мыңжылдық қаласына айналды. Қонақтар
Қазақстанға келгенде осы мемлекетке атау берген ұлттың тарихи-мәдени болмысымен, салт-дәстүрлерімен, жетістіктерімен танысады. Елордамыз Ақорданы алтын бағана ете отырып, бүгінде қанатын кеңге жайып, Сарайшық, Тұран, Хан Шатыр секілді атаулармен толығуы қуанарлық әрі құптарлық жағдай.
Есте қалған тағы бір жағдай, Астана көшелерінен бөлек, мейрамхана, дүкендер, т.б. нысандардың атаулары шет тілде болды. Мен 2002 жылы Сарыарқа ауданында әкімнің орынбасары болып жүргенімде, Елбасы Астана активінің жиналысында сол кездегі екі ауданның – Алматы ауданы мен Сарыарқа аудандарының әкімдерін тұрғызып қойып: «Жігіттер, не мынау: «Синима-сити», «Сити-маркет», «Еуропа-палас» ... Бұл қай елдің Астанасы? Соны қарамайсыңдар ма?» деп, ескерткен еді. Ертеңіне «Казахстанская правда» газетіне «По Астане как по Бродвею» деген мақала шықты. Бұл мақала менің жаныма жаққаны сонша сол кездегі құзыретті кісілерге алып бардым. Бірақ ол кісілер бұл мақалаға мән бермеді. Бұл мақаланы 2006 жылдың сәуіріне дейін сары майдай сақтап жүрдім. Әйтеуір, әр нәрсенің өз уақыт-сәті болады екен. Алла тағала маған Тілдерді дамыту басқармасында қызмет етуді нәсіп етті. Бұл басқармаға бастық болып келгеннен кейін, әлгі жігіттерді жайлап шақырып алдым. Оларға: «Егерде Астана болмағанда сендер мына сити-маркеттеріңді салар ма едіңдер? Елбасының бір ауыз сөзі сендерге сын емес пе? Атыңды, мекемеңнің атын атады, жоқ әлде жеке заң шығару керек пе деген едім. Ойбу Ореке оны бізге ешкім айтпапты. Атауды өзгертуге он күн рұқсат беріңіз деді. Несін жасырайын, арасында қиқаңдап: «Бұл атауға біз пәлен мың доллор жұмсадық, имидж жасап алдық» деп қарсылық танытқандар да болды. Бірақ түптің түбінде әлгі нысандардың бірі Қазына, бірі Ақсұңқар, енді бірі Самұрық деп аталды. Елбасы ескерту жасаған осындай үлкен нысандарды ауыстырып алғаннан кейін жайлап басқаларын шақырып, барлығы 700-ден астам нысандардың атауы қазақ тіліне ауыстырылды.
Алаш зиялылары бастаған рухани мәселелер тәуелсіздік мұраттарымен сабақтасып, ұлтты ұлт ететін талай шаруаны бастағаны, жолға салғаны белгілі. Сол зиялы қауым көтерген ілгері мәселенің бірі – тіл мәселесі. Бұл орайда біздің тарапымыздан «Алаш» париясының құрылғанына 90 жыл толуына орай, ұлты үшін құрбан болған Алаш зиялылары – Әлихан
Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын-
ұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Бернияз Күлеев, Хайреддин Болғанбаев, Шаймерден
Қосшығұл, Мұстафа Шоқай және т.б. еске алу кештері өтті. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарында ақын-жазушылармен, тіл жанашырларымен кездесулер, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылды. Осының арқасында бізбен бірге жұмыла жұмыс істейтін 20-дан астам жастар ұйымын құрдық. Көше атауларын өзгерткенде тіл жанашырларына, журналистерге, елден көшіп келген аға буын өкілдеріне, жастарға арқа сүйедік. Жастармен бірге Астана қаласына ескерткіші қойылған ұлы тұлғаларға арнап «Тағылым мен Тағызым» атты кештер өткіздік. Астананың мыңға тарта аялдамасы қазақшаланды.
Астана қаласында кезінде 34 мектептің ішінде бір ғана № 4-ші Жамбыл атындағы қазақ мектебі болса, қазір 84 мектептің 31 – таза қазақ тілді мектеп, 43 – аралас, 10 – орыстілді мектеп. Барлық оқушылардың 80%-дан астамы қазақ тілді мектепте білім алуда. Елбасы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының жиынында «Қазақстандықтар үш тіл білу керек, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі. Бірақ қазақ тілі үш тілдің бірі емес, біріншісі, негізгісі, маңыздысы. Қазақ тілі Қазақстан республикасының мемлекеттік тілі» деген болатын. Ол кезде түсінбеген қандастарымызға түсінікті болсын деп жоғарыдағы мақаласында «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деді.
Қазақ тілін қыран құсқа теңесек, қыран құс биікке самғаған азаттықтың символы, оны қолына қондырып, бағындыра алатын әлемде жалғыз халық бар, Ол Қазақтар! Қазақ тілі жеті атасын асып қаны бұзылмаған тіл. Кезінде қала әкімі Иманғали Тамағамбетов қаладағы барлық балабақшаларды қазақ балабақшалары етіп өзгертті. Қаланың он үздік мектебін анықтап, мұғалімдерге қосымша айлық белгіледі. Он үздік мектептің тоғызы қазақ тіліндегі мектеп болды. Жалпы, Иманғали Нұрғалиұлы Тілдерді дамыту басқармасының, оның басшысы менің әрбір ұсынысымды, оң істерімді үнемі қолдап отырды.
Тіл басқармасының жанында зиялы қауым өкілдерінен құрылған алқалы топ бар. Мұның басы-қасында М.Жолдасбеков, Ф.Оңғарсынова, С.Шүкірұлы, М.Ахметов, А.Сейдімбек болды. Осы кісілер білім-білігін, қажыр-қайратын, тілімізді насихаттауға жұмсады. Мұны біз Ақпарат күндері деп атап, балабақшадан бастап, мемлекеттік мекемелерге дейін дәріс оқып, кездесу өткізіп, халқымыздың салты, тіліміздің мерейі, елдігіміздің абыройын насихаттадық. Кей кезде қалалық мекемелермен шектелмей, республикалық деңгейдегі мекемелерге соқпақ салатынымыз бар.
Үштілділік туралы айтқанда Астана қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Италияның Милан қаласынан келген Болатқызы Әйгерім, Францияның Париж қаласынан келген Мехмет Зенгин, Германияның Мюнхен қаласында туылып, Ирландияның Дублин қаласынан келген Өзгежан Кесижи-Аюби әрқайсысы 6-7 тіл білсе де 10-15 минуттық сөздерін қағазға қарамай, қазақ тілінде сөйледі. Бізге жер бетіндегі 200 мемлекеттің ішінде тоғызыншы орын алатын жер қалдырған, 2000-ға тарта болашағы бар тілдердің ішінде алғашқы орындарды иемденетін тіл қалдырған ата-баба аманатына адал болу қажет.
Астананы қазақыландыруға үлкен үлес қосқан мерекелердің бірі – Наурыз мейрамын тойлау. Алғашқы жылдары қазақтың салт-дәстүрін көрсеткенде қуыршақты шомылдыратын, қуыршақты бесікке бөлейтін, кез-келген қызметкерлерінің басына орамал жауып, беташар салтын көрсететін. Осындай халықтың салт-дәстүрін бұрмалайтын әдеттерден арылу үшін Тілдерді дамыту басқармасында жүргенде әз Наурыз деген кітап шығардық.Наурыздан бастау алған осындай салт-дәстүрге лайық іс-шаралар жыл бойы Астананың жүздеген мейрамхана, дәмханаларында өтіп жатады. Бұның өзі бүгінгі Астананың қазақтың астанасы екендігінің айқын дәлелі.Қазақ елінің бас қаласы ретінде Астана жиырма жылдың ішінде ұлттық мазмұнға ие болды. Астана қазіргі кезде қазақ ұлты 75 пайызды құрайтын қалаға айналды. Осындай демографиялық қарқын көршілес Қарағанды, Ақмола облыстарына да оң әсер етті.
Барлық материалдық игіліктің негізінде рухани қазына тұғыр болады. Елдік мұратты жүзеге асыруда жалпы халық қызығатын, соған тартылатын құбылыс қажет десек, жаңа Қазақстандағы дәл осындай құбылыс Астана қаласы болды. Астана елдің экономикалық локомотиві ғана емес, оның рухани қайнарына да айналды. Ал оның рухани келбетінің негізі ұлттық нақыш, ұлттық мазмұн. Астана ономастикасының ұлттық мазмұнға ие болуы тұтас мемлекет үшін жоралы үлгі, өнегелі тағлым. Әлбетте, бұл жұмыс оңай болған жоқ. Оған көптеген азаматтар атсалысты. Адам осындай тілеулес ортада көп іс тындыра алады. Жаңа мемлекет болып жатқан Қазақ елінің азаматтары мейлінше шабытты, жігерлі болғаны абзал. Сонда ғана елдік мүдде үдесінен шығамыз.

Оразкүл Асанғазы,
қоғам қайраткері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.