АСТАНА — ЖАҢА ӨРКЕНИЕТ ТАБАЛДЫРЫҒЫ Избранное

Четверг, 05 Июль 2018 06:11 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 205 раз

Астана мәдениеті. Осы туралы сіз бен біз ойланып-толғанып жүрміз бе? Мәдениетті біз көбіне, түрікше айтқанда, «күлтүр» мағынасында ғана түсінеміз. Бұған дауласып жатпаспыз.

333

Алайда, Шығыспен тамырлас екеніміз рас болса, мәдениетті - өркениет деп түсінер дәрежеге көтерілуіміз керек. Иә-иә, Әбу Насыр әл-Фарабиды жатсынбаған жұртта цивлизацияны «мәдениет» дейді. Бұл жүрегіміздің (арабша қалып яки қалыбымыздың) бір бұрышында тұрғаны дұрыс. Сонда біз Астана мәдениетіне үлес қосу арқылы қазақ өркениетіне, бәлкім адамзат өркениетіне үлес қосатын болып шығамыз.
Бір кезде ұғым-түсініктің жеті атасын білетіндер «астананы» парсының «табалдырық» сөзінен таратты. Осыны айтып күлгендер де болды. Несі бар, табалдырық жаман сөз бе екен? Бәрі де табалдырықтан басталады. Киіз үй де, қоржын там да, Хан сарайы да, зәулім ғимарат та. Астана – жаңа ұлт дамуының, мемлекет дамуының табалдырығы десек ше? Ойға қиғаш емес. Мемлекет құрылысы тұрғысынан да қисынсыз көрінбейді.
Айтқандайын, Алаш қайраткерлері саясаттың ұртоқпағы төпеленген жылдары ұлт ақын-жазушыларының басын қосып, серпілтетін «Алқа» атты шығармашылық ұйым құрған. Ұйым бағдарламасында кіріспе сөз, қазақ ұғымына сай «Табалдырық» деп берілген. Зиялылар қаламгерлерге: «Табалдырықты аттап, төрге шық, «Алқаға» кір» дейді. Осы сөздің рәміздік мәні бар деп білеміз. Бұл – ойлыларды бірлесуге нұсқаған ишара әрі бардың бастауы, тіпті талаптыны жігерлендіру. Астана да, елорда мәдениеті де осы секілді: ол Қазақстанды жаңалыққа, жаңа істерге бастауы тиіс. Астана мемлекет мағынасындағы ұлтты ұйыстыруы қажет. Әйтпесе қайсыбіреулер Алты Алашты айтпағанның өзінде, Әлихан Бөкейхан тұсының Алашында тек қазақтар болған деп топшылайды. Сонда жалпы зиялымен бірге «темірқазық жастанып, қу толағай бастанып» жүрген Вадим Чайкин, Александр Бабкин, Николай Пропкин, Степан Шендриков, Владимир Шибалин т.б. азаматтарды қайда қоямыз? Ал, 1907 жылы қазақ Ресей Мемлекеттік Думасына сайлану құқынан айырылғанда, үлкен мінберден Алаштың сөзін сөйлеген Дзюбинский, Волков, Виноградов, Скалозубов, Шишкин сынды орыс зиялыларын бізге тілектес емес еді деп қалай айтамыз? Міне, көкірек көзі ашық, ақыл терезесі тең болса, ту ұстаған, айтары бар, жоғын жоқтаған ұлтқа қарай тілеуқорлар ұйыспайды дегенге ешкім сенбес. Әрине, өркениет өзіңді сыйлаудан, ағайыныңды сыйлаудан, ұлтыңды сыйлаудан, адамзатты сыйлаудан басталады. Бұйырып немесе тағдырдың жазуымен кемеге отырдың ба, сондағы ағайынның бәрін жақын тұт. Иіліп сәлем бер, бүгіліп қызмет ет. Бөлектенбе! Барыңмен бөліс! Жаның қаламаса, басқа кемеге отыр. Өзіңді де, өзгені де қинама.
Өркениеттің тағы бір әлеуеті – дәстүрге барып тіреледі. Дәстүр кесірткінің құйрығындай үзіле берсе, оның аты дәстүр емес. Кеуде қағып, «бәрі бізден басталады» деу – тексіздің ісі. Дәстүр – кешенді нәрсе. Мысалы, Астанада қазақ тарихының ұзақ-сонар жолы сайрап жатуы тиіс. Мұны біреулер «музей жасау» деп түсінуі мүмкін. Бірақ олар мықтап қателеседі. Өйткені Астананың іргетасы қазақ топырағындағы қалалар мен далалардың тағылымымен суарылмаса, бекем әрі орнықты көрінбейді. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасының бастамасымен тек-тамыры археологиялық тұрғыдан зерттелініп жатқан елорда түбіндегі Бозоқ қалашығын реставрациялау бас қаламызға сән де береді, нәр де береді.
Дәстүр тұрғысынан алғанда, осыдан біраз жыл бұрын Астана тұтқасын ұстағандарды сынаған бір сәт ұшырасты. Ақбұлақ өзенінің бойында (синагогаға қарсы бетте) Құран оқылып, батасы беріліп, қазығы қағылып қойған мешіт орнына бір сәтте балалардың ойын алаңы орнады. Бетон қазықтар түбінен сындырылып алынғанын көргенде, осы істі дуылдатып бастаған «қайраткерлерге» де, иманы шыңдауды талап ететін астаналық замандастарға да не дерімізді білмедік... Бұл да – өркениет жолындағы шыңдалу соқпағы екен. Қазір жұрт жәмиі – «Хазірет Сұлтан» мешіті және сәулеті мен әлеуеті жарасқан елшіл мешіттер бой түзеп келеді. Олардың мұнарасы да, еңсесі де биік болуы тиіс!
Астанада бірегей Ұлттық музейден бастап бірнеше мәдениет ошақтары бар. Мұның бәрі шамасы келгенше елорда мәдениетіне қызмет етіп жатыр. «Астана опера» да, қазақ және орыс театры да астана жағдайына сай жаңа ырғақ іздеп жатқандай көрінеді. Бұл, әрине, жақсы нәтижеге тартылған жол деген сөз. Ақаң – А.Байтұрсынұлы айтқандай, «Тіршілік өнерінің артылуы тіршілік керек қылуына қарай болмақ». Жаңа елорданың сұранымы көп-ақ. Алайда өнерде болсын, тіршілікте болсын істің дұрыс қалыптасуы, талғаммен дамуы құр кеудеге емес, білікке байланысты. Осы ретте данышпан Ақаң бүй дейді: «Аз күшімізді алға шыққан жақтағы керексіз іске салғанша, басқадан кейін тұрған жағымызға жұмсау жөн емес пе!».

3-1

Сөз жоқ, Астана мәдени-ғылыми, шығармашылық әлеуеті қуатты қала болуға тиіс. Президент кітапханасы, Жазушылар одағының Астана филиалы, Тіл және мәдениетке байланысты бірлестіктер, Назарбаев университеті, 2 ұлттық университет пен 20-ға жуық акционерлік, жекеменшік университет-институттар, осында орналасқан мерзімді басылымдар күші – Астана мәдениетінің олжасы. Бұл қуат бір кісідей елордаға қызмет етіп жатыр. Жұрт көріп отыр, «ұлт руханиятына олжа салайық!» деген үркердей қаламгер, Еуразия ұлттық университетінің елшіл ғалымдары, Өнер университетінің намысты тұлғалары, Тіл саласының шағын да болса талапты тобы Астананың мәдениет айдынында жиі көрінеді, ал қалған ыждағатты, талғамды, табанды замандастарымызбен ұшырасуға зәруміз. Осыдан 12 жыл бұрын желтоқсанда Астана қаласы академик, дін қайраткері, фарабитанушы Ақжан Машанидың 100 жылдық мерейтойын Жастар сарайында айрықша бағдарламамен атап өтті. Осы шараға жиылғандардың қарасы 40 адамнан аспады. Осы мәдени оқиғаны Астанада орналасқан басылымдар да көзден таса қылды. Байыптау да болмады, барды базарлау да болмады. Қазір дәл солай дей алмаймыз. Әлем форматымен ел де, жұрт та форматы өзгерді. Талғам да таразыланды. Аймақтар «Астана не дейді, елорда зиялылары не дейді?» деп алаңдайтын болды.
Өркениет – баяғы «коммунизм» дегендей жұртты алдаусырататын меже емес. Өркениет – сіз бен біздің күнделікті жауапкершілігіміз, күнделікті тіршілігіміз. Иманды болу үшін сақал қойып, шапан киюіңіз (формализм) міндетті емес, жүрегіңіздің – таза, адамшылығыңыздың кінаратсыз болуы шарт. Сондай-ақ иман, мәдениет деген қасиеттер бір иіскеп, бір тиісіп, бір шұқып, бір опырып алып жүретін жосықсыз, ағымдағы іс-әрекет жиынтығы емес. Ол – сіздің жаныңыздың өлшемі, таразысы.
Астана мәдениеті қазақ санасында бізге дейін де қалыптасқан, дамыған. Бұл - лайықты бейнеттің зейнеті, еңбектің беделі, ақылдың жөні, ойдың мәйегі секілді құбылыс. «Барған жеріңнің биігіне шық, үлкеніне жолық» дейді қазақ. Астана дегеніміз, елорда мәдениеті дегеніміз – осы. Яғни бүкіл ел бүгін, ертең осы биікке шығады, осы биікке жолығады. Сондықтан бұл биік осал болмауы тиіс.
Алаш қайраткері, көшбасшысы Әлихан Бөкейхан «Құдайдан соңғы күшті нәрсені» бір еңбегінде – рәсім (яғни дәстүр), ал бір мақаласында – мәдениет деп көрсетеді. Бұл ойдың маңызын біз естен шығармауымыз қажет. Астана мәдениеті ғасырлар тезінен өткен дәстүрді ұстанса һәм өзінің арғы тегі өркениет екенін қаперге алса, сын мен тәжірибе табалдырығынан аттап, адамзат пен ғаламның ғажайып шаһарларының ортасынан лайықты орнын алатынына иманымыз кәміл.

Дихан Қамзабекұлы,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры,ҚР ҰҒА академигі

Последнее изменение Четверг, 05 Июль 2018 06:21
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.