ҚЫЗМЕТШІСІ ПАРА АЛСА, БАСШЫСЫ ОТСТАВКАҒА КЕТЕДІ Избранное

Пятница, 06 Ноябрь 2020 04:26 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 413 раз

 DSC9410

Мемлекеттік қызметшілерге құнды сыйлықтар тарту етуге тыйым салынады. Осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметшілерге олардың лауазымына қарай құны 10 айлық есептік көрсеткішке (27 780 теңгеге) дейін сыйлық беруге рұқсат етіліп келген.

Мемлекеттік лауазымға ие тұлғаларға осы ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы және (немесе) жекжаттары туралы жазбаша нысанда хабарлау міндеті енгізілуде.
Жазаның ең төменгі мерзімі белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға айыра отырып, 3 жыл бас бостандығынан айыру көзделген.
Ең жоғарғы санкция – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен судьялар үшін шетел банктерінде шоттар ашуға және бағалы заттар сақтауына тыйым салынды. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы бұдан былай қолданылмайды. Пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жаза қатаңдатылады.
Міне, осы және өзге де өзекті мәселелер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі Ырза Тұрсынзада және Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы мегаполиске жұмыс сапарымен келген кезде айтылды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, қоғамда парасаттылық құндылықтарын қалыптастыруды көздеген Агенттік және Штаб өкілдері қала активімен кездесті.
– Қалада жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, биыл педагог мамандарын жұмысқа қабылдауға арналған
hr-process порталын іске қостық. Осыған дейін оқушыларды мектепке қабылдау, балабақшаға орналастыру ісі толығымен электронды жүйеге өткен болатын. Біз екі жол арқылы нәтижеге жетеміз. Бірі – жемқорлық әрекеттерінің орын алуына мүмкіндік бермеу болса, екіншісі – салдарын түсіндіріп, алдын алу. Сондай-ақ «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мемлекеттік органдардың жаңаша бағытта жұмыс істеуіне елеулі ықпал етіп отыр. Қала әкімінің аппараты және 4 аудан әкімдігінде сервистік әкімдіктер ашылып, 197 мекеме OpenSpace форматында жұмыс жасауда, - деді кездесуде қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Жиын барысында ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Ырза Тұрсынзада жемқорлықтың алдын алудағы насихаттық жұмыстар оң әсер беретінін атап өтті.
Өз кезегінде, Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғ.Асанұлы ақпаратқа қолжетімділікті оңтайландыру, азаматтардың мемлекеттік билікке деген сенімдерін арттыру және билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстың тікелей арнасын құру мақсатында құрылған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасымен таныстырды.
Шымкент қаласы әкімінің аппараты басшысының орынбасары Рашид Мыңбаевтың айтуынша, Шымкент қаласы әкімдігінде бағынысты қызметшілері сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін басшылардың отставкасы және жауапкершілігі институтын іске асыру бойынша алгоритмі бекітілді.
2019 жылдың 10 айында 12 азамат сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған болса, 2020 жылдың 10 айында 5 азамат сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол берген. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 58 %-ға азайғанын көрсетеді.
Айта кетсек, қалада «Open Space» пилоттық жобасы аясында Шымкент қаласының әкімдігі, 4 аудан әкімдігі, 5 басқарма, 137 мектеп, 11 емхана және 8 колледж ашық түрде жұмыс істеуге көшкен.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.