ҚАЛАДА ЖОЛ-КӨЛІК ЛОГИСТИКАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ Избранное

Пятница, 09 Август 2024 05:50 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1995 раз

Шымкент қаласы мегаполис статусына ие болғалы көптеген өзгерістер енгізіліп келеді. Соның ішінде біршамасы Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қатысты болып отыр. Жыл басынан бері қандай жұмыстар атқарылды, әуежай терминалы қашан іске қосылады? Осы және өзге де сұрақтарға басқарма басшысы Ролан ИБРАГИМОВ сұхбат барысында жауап берді.

abtobus

 

– Қоғамдық көлік мәселесі – мегаполистің өзекті проблемасы. Осыған сәйкес жыл басынан бері қандай өзгерістер енгізілді?

– 2020 жылы қалалық мәслихат жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасын бекітті. Соған сәйкес, 77 маршрутты құрайтын жаңа маршруттық желі әзірленді. Маршруттық желіде 6 ХАБ, 33 жеткізуші, 39 магистралды және 6 айналма маршруттар қаралған. Бүгінгі танда осы маршруттар толығымен қызмет көрсетуде, қала аумағындағы, сонымен қатар, шет аймақтарда орналасқан барлық шағын аудандар мен тұрғын алаптар қоғамдық көлікпен 100 пайыз қамтылған. Қазіргі уақытта күнделікті 916 автобус және 11 тасымалдаушы компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетеді. 2024 жылғы 5 айда тасымалданған жолаушы саны – 36 738 679 құрайды. Сонымен қатар, жалпы автобустар саны резервпен қоса алғанда – 1 140 болса, оның 640-ы метан газымен, 464-і дизель отынымен және 36-сы бензинмен жүреді.

abtobus-1

– Биыл қалада қоғамдық көліктер жаңара ма?
– Биыл Шымкент қаласында 229 қоғамдық көлікті жаңарту жоспарлануда. Оның ішінде, бүгінде «Автоимпульс» ЖШС тарапынан «Zhongtong» маркалы 5 жаңа автобус наурыз айынан бастап, «Санжар моторс» ЖШС және ЖК «Абдуганиев» «SAZ LE 60» маркалы 12 автобус мамыр айынан бастап, «Ман-оңтүстік» ЖШС «Youtong» маркалы 3 жаңа автобус қызмет көрсетуде. Жалпы бүгінде қаладағы 1142 автобустың 95 пайызға жуығы соңғы 5 жылда алынған. Қоғамдық көліктер жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылуда.

– Қоғамдық көлікте қандай санаттағы адамдар тегін жүре алады?
– Бүгінде қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығы І-топтағы мүгедектерге, «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төс белгі иегерлеріне, Тыл ардагерлеріне, зағип жандарға және олармен бірге жүретін бір адамға берілген. Ал, 7-18 жасқа дейін мектеп оқушыларына тарифтің 50 пайызын төлеу жеңілдігі, студенттерге 50 теңге төлеу қарастырылған. 1 мамырдан бастап қала әкімінің тікелей тапсырмасымен қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі жоғарыда аталғандардан бөлек, келесі санаттағы азаматтарға да қолжетімді болады. Олар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандар тегін жүру мәртебесіне ие. Сонымен қатар, ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталғандар, саяси қуғын-сүргiн құрбандары ретiндегі адамдар, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, 70 жастан асқан зейнеткерлер мен мектеп оқушылары да қоғамдық көлікте тегін жүре алады.
Қазіргі қолданыстағы кешенді схема да өзектендіруді қажет етеді. Сондықтан халықтың сұранысын ескере отырып, жыл басынан бері 22 бағыттағы қоғамдық көліктердің сызбасы оңтайландырылды.
Сонымен қатар, қоғамдық көліктерде орнатылған қолданыстағы электронды билеттендіру жүйесіндегі туындаған мәселелерді шешу және бәсекелестік орта қалыптастыру мақсатында, жаңа электронды билеттендіру жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Жеке инвестор «SmartMobility» ЖШС-гі қызығушылық танытып, өз есебінен жүйенің бағдарламасын әзірлеп, қоғамдық көліктерге валидаторлар орнату жұмыстарын іске асыруда. Қазіргі таңда, тасымалдаушы мекеме «Shymkent bus» БК» ЖШС-не тиесілі 35 бағыттағы автобустарға орнатылды.

– Валидатор дегеніміз қандай жүйе?
Аталған жүйе әдеттегідей көлік картамен, Avtobys мобильді қосымшасы арқылы Bluetooth, NFC, QR кодтары және контактісіз банк карталары арқылы төлемдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қосымша мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер және басқа санаттар үшін көлік карталарын сатып алмай-ақ, жеңілдетілген тарифтерді пайдалана алады. Қазіргі таңда қоғамдық көліктерде аялдаманы дыбыстағыш құрылғымен қамту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде бұл құрылғы №12, №27, №35, №74, №84 бағыттағы жолаушылар көлігінде жалпы саны 110 автобуста орнатылған. Ал, жыл соңына дейін тағы 500 көлікте аялдамалар дыбыс құралымен хабарланады деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, қоғамдық көлік жүргізушілеріне бірыңғай киім үлгісінің дизайны бекітіліп, тасымалдаушы компанияларға қамтамасыз ету міндеттелді.

– Қаладан шалғай орналасқан шағынаудан мен көшелерлегі аялдамалардың жағдайы қалай? Барлығы жаңа үлгіге ауыстырылды ма?
– Жалпы, қала аумағындағы аялдама орындары – 1886 құрайды. Павильондармен қамтамасыз етілгені – 1338, оның ескі үлгідегі аялдама саны – 500, ал жаңа үлгідегі аялдама – 838. Осыған байланысты, ағымдағы жылы қала аумағын толық аялдама павильонымен қамтамасыз ету үшін қажетті аймақтарға 398 аялдама орнату және 500 ескі аялдаманы жаңалау жоспарланды. 2024 жылдың ІІІ-ші тоқсанында 898 жаңа аялдама павильондарын орнату жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қаланың орталығында орналақан 200 аялдамаға атауларын орнату жұмыстары іске асырылуда.

– Бірнеше жылдан бері ұзақ мерзімді құрылыс нысанына айналған Шымкент әуежайының терминалы қашан іске қосылады?
– Терминал құрылысы «ЅСАТ» АҚ инвестициялары есебінен іске асырылуда. Терминалды іске қосу жолаушылар ағынын сағатына 200-ден 2000-ға арттырып, ал өткізу қабілетін жылына 10-12 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ терминалдың ішін 7 аймаққа бөлу арқылы жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады. Жаңа жолаушылар терминалы іске қосылса, 2000-нан астам азамат жұмыспен қамтылады. Халықаралық бағыттардағы маршруттық желілерді дамыту бойынша жұмыстар атқарылады. Шетелдік әуе тасымалдаушылар мен инвестициялар тартылып, әуе жүк тасымалы дамиды. Туристік сервисті дамыту үшін тартымды имидж қалыптасады.
Сондай-ақ, алдағы уақытта әуежайды мультимодальды орталық ретінде дамыту стратегиясына сәйкес, әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін ангар кешенін салу, әуе кемелеріне жедел жанармай құю үшін отын құю кешенін, қонақ үй кешенін жаңғырту және әуе кемелеріне жер үсті қызмет көрсету мақсатында жаңа арнайы техникалар сатып алу жоспарлануда. Бұдан бөлек, перрон және кірме жолдармен жүк терминалын жаңарту, әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін авиациялық-техникалық орталық пен борттық тамақтандыру цехын ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қашықтықтан 3300х60 құрайтын жаңа ұшып-қону жолағын салу жоспарлануда. Бұл әуежайға заманауи ауыр ұшақтарды қабылдауға және ауа райының қолайсыздығына байланысты тұманды кезде ұшақтардың қонуына мүмкіндік береді. Атқарылған жұмыстарды бақылау барысында қала әкімі мердігер мекеме басшысына әуежайға кіреберіс жолды кепілдік мерзіміне сәйкес кемшіліктерді түзетуге тапсырма берді. Еске сала кетейік, әуежай құрылысының 2-кезеңі биыл аяқталып, ел игілігіне беріледі.

– Теміржол вокзалын қайта құру жұмыстары қалай жүзеге асуда?
– Қала көркін арттырып, тұрғындар мен қонақтарға заманауи талапқа сай жайлы жағдай жасау мақсатында теміржол вокзалының ғимараты қайта жаңартылды. 10 жылға жоспарланған инвестиция қаражаты 1 жыл ішінде қарастырылып, былтыр 10 маусымда басталған жұмыстар 2024 жылдың 10 мамырында толық аяқталды. Сенімгерлік басқаруға нысанды беру арқылы қайта жаңғырту жұмыстары тиімді жүзеге асқанын атап өткен жөн. Мұнда тәулігіне 27 бағыт бойынша поездардың қызметі ұйымдастырылған. 1968 жылы салынған ескі вокзалдың жалпы ғимарат алаңы 1 770,2 шаршы метрді, жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 2 мың жолаушыны құрайды. Бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249,33 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамға дейін артты. Сондай-ақ, жолаушыларды күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін артты. Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылды. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.