Дин достықты дәрiптеп жүр

Среда, 13 Июль 2016 05:13 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4399 раз

Ұзаққа жүгіретіндердің де түр-түрі бар. Америкалық стайер Дин Карназес адам таңғаларлық қашықтықты бағындырып жүрген әлемге танымал марафоншы. 53 жастағы кәсіби спортшы Шымкентке келді. Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстанды, нақтырақ айтқанда Ұлы жібек жолы бойында 525 шақырымды жүгіріп өтуге бел байлапты.

IMG 0134

Құрметті қонақты қаланың «Орталық» саябағында Шымкент қалалық спорт мектептерінің басшылары, қала тұрғындары мен жасөспірім споршылар күтіп алды. Ташкенттен шыққан ол түс ауа 80 шақырымды басып өтіп, үшінші мегаполиске аяқ басты.
– Қазақстанның халқы қандай екенін өз көзіммен көруге ниеттендім. Қазақ елінің табиғаты қандай әдемі. Ең маңыздысы, адамдарында мейірімділік бар. Мен мұнда Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойларыңыздың қуанышын бөлісуге келдім. АҚШ пен Қазақстан арасындағы достастықтың 25 жылдығын да бірге тойлау – басты мақсатым, – деді ол.
Әзілге де ыңғай танытып тұратын қонақ келесі жылы Қазақстанға қыстың күні келетінін айтып, көпшілікті ду күлдірді. Орта Азиядағы негізгі бағыты – Өзбекстаннан старт алып, Қазақстан арқылы Қырғызстанға жету.

IMG 0136

Дин Карназес адам мүмкіндігі шектеусіз екенін ісімен дәлелдеп жүрген, ұзақ қашықтыққа жүгіруші әлемдегі ең танымал спортшының бірі. 2005 жылы 560 шақырымды 80 сағат 44 минутта ұйықтамай жүгіріп өткен. Ал 2002 жылы Оңтүстік полюске аттанған марафонды -25 градуста аяқ киімсіз жүгіріп, елді таңғалдырды. 217 шақырымдық «Өлім аңғарын» +49 градуста бағындырған. Сондай-ақ, оның жазушылығымен танылған қыры да бар. Әлемге жасаған саяхаттарынан көрген-түйгендерін қағаз бетіне түсіріп келеді.
Шымкенттіктер әдетіне сай, қонаққа деген құрметін көрсетті. А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана жанындағы «АҚШ бұрышында» қадірлі қонақ жастармен кездесіп, ой бөлісті.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.