33 жылдан берi омарташы

Пятница, 19 Август 2016 09:37 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 7152 раз

Омарташылық – қат-қабат сыры көп кәсіп. Ет жеп өскен қазақ баласы үшін бұл жұмыстың таңсық көрінетіні рас. Алайда балдың қасиетін өзгелерден кем білмейтініміз жасырын емес. Қыры мен сыры көп кәсіпті меңгеріп, өнімді еңбек етіп жүрген омарташылар бар екен. Шымкент қаласының тұрғыны Ташкентбай Серікбаев солардың бірі. Отбасылық кәсібі алға қарай даму үстінде.

500-ГЕ ЖУЫҚ ҰЯШЫҒЫМЫЗ БАР

Jb8jvjDtAHI

Шаруаның кәсібімен таныстық. «Бал ұстаған бармағын жалайды» деген сөз бар. Ара шаруашылығын тәп-тәуір меңгерген ол балдың түр-түрін өндіріп, көптің алғысына бөленіп жүр. Ұлдары Болат пен Медет те осы кәсіптің тізгінін ұстапты.
Кәсіпті дөңгелетіп отырғандарына отыз жылдан асыпты. Бүгінде «Экомед» ЖШС-ін ашып, алға қарай ұмтылып-ақ жатыр.
– 33 жылдан бері осы кәсіптің жолындамыз. Үш ұлым да жақсы меңгеріп алды. Өзбекстанның Бостандық ауданынан көшіп келгенімізге үш жылдан асты. Мұнда жұмысты басынан бастауға тура келді. Қазір 500-ге жуық ұяшығымыз бар. Біздің өсіріп отырғанымыз – «Карпат» арасы. Тұқымды жаңартып тұру үшін жылда Украинаға тапсырыс береміз, – дейді омарташы жұмыс барысымен таныстырып.
«Карпат» арасының артықшылығы көп. Мәселен, аталған тұқымдас аралар бір күннің ішінде 3600-ге дейін жұмыртқалайды. Бал жинауға таңертең ертең шығады, әрі кеш қайтады. Жаңбырда да қорек іздейді. Өзгелерден басты айырмашылығы – адамды шақпайтындығы.
Ташкентбай Орынбайұлы бұл кәсіпті 1984 жылы тауда тұрған кезінде үйреніпті. Көршісінің бал шаруашылығымен айналысатыны қызықтырған. Бастапқыда бір жәшік алып, оны төртке, алтыға бөліп көруге тәуекел етеді. Одан кейін 100 отбасы ара ұяшығын өсіріп, ақырындап көбейте бастайды. Міне, содан бері осы кәсіпке байланып қалыпты.
– Үйренгенше біршама қиындықтар кезікті. Әсіресе, араның кенесінен құтыла алмай, бір-екі жыл әлекке түстік. Бал арасы ауырса, оны бірден дәрілеп тастау керек екен. Соны білмей қыстың күні аздап өлтіріп те алдық. Тіпті 100 ұядан 20-25-і ғана қалған сәттер де болды, – дейді өзі.

БIР ФЛЯГЫ – 60 МЫҢ ТЕҢГЕ

789

Биылғы жартыжылдықтың алғашқы өнімі Шардараның құмындағы қоянсүйектен алынған. Жалпы, жеті тоннаға жуық өнім. Омарташылар енді күз маусымында мақтаның балын алуды жоспарлап отыр.
Әселдің көбісін негізінен көтерме бағамен алыпсатарлар әкетіп жатыр. Ресейге жөнелтетіндер де бар. Шымкенттен бөлек, Астанадан да сұраныстар көбейіп тұр. Қазір бір литр балдың бағасы – 1800 теңге. Ал бір флягы 60 мың теңгеге бағаланады.
Омарташылар келешекте балды Біріккен Араб Әмірлігіне жеткізуді жоспарлап жүр. Ол жақта балдың бағасы қымбат.
– Қайда өткіземін десең де жол ашық. Осы жердегілердің балын жинап, Ресейге экспортқа шығаруға да мүмкіндік бар. Тек ара өсірушілер бірігу керек. Қазір ондай ниетті адамды байқай алмай жүрмін. Біреудің біреумен шаруасы жоқ, – дейді омарташы.
Тұтынушылар арасында балдың «Шардараның қоянсүйегі», «Қасқасудың әселі», т.б атаулары бар. Әсіресе таудың балына сұраныс жоғары.
Бұл кәсіппен шұғылданушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып тұрады. Мәселен, көбісі практиканы меңгергенімен, теория жағынан білетіні аз. Табыс көбейсін десең, ең бірінші араның тұқымын тазартып тұру керек. Кәсіби маман осылай дейді. Өзі келесі жылы «Карпат» арасына тағы тапсырыс бермек.

«ШЫМКЕНТТЕН ДҮКЕН АШСАМ...»

Еңбектің еленгені осы шығар. Осыдан бір ай бұрын ғана «Оңтүстік Батыс» мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС кәсіпкер отбасыға «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытқаны үшін» деген атақ беріпті. Міне, осының арқасында мемлекеттен субсидия беруге жол ашылды.
Қай кәсіпке болса да, адалдық, тазалық керек. Көптің көңілінен шыға білсең, сол бақыт. Отыз жылдан бері кәсібіне адалдық танытып келе жатқан азамат ең әуелі тәртіп керектігін айтады. Еңбекқор азамат келешекте қолға алар жоспарларымен де бөлісті.
– Аустриялық мамандар араның заманауи ұясын жасап шығарды. Оның біреуі 600 Еуро тұрады. Омарташылар үшін өте қолайлы. Араны орнынан қозғалтудың қажеті жоқ. Мен сол ұяны алғым келеді. Қазір құрылғыны қалай жеткізу мәселе болып тұр. Жақында, соған тапсырыс береміз, – дейді кәсіпкер.
Ендігі үлкен мақсаттың бірі – Шымкенттен бал сататын дүкен ашу. Осылайша, таза бал сатуды көпшілікке дәріптемек. Адамдардың таза өнімге деген көзін жеткізу. Түбінде, Шымкенттегі бал өнімдерін экспортқа шығарсам дейді.
«Әке көрген оқ жонар» демей ме?! Омарташы кіші ұлын Польшаға білім алуға аттандырмақ. Осы кәсіптің терең сырын білу үшін әрине. Әке аманатына адал болу деген осы шығар.

Последнее изменение Пятница, 19 Август 2016 09:58
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.