Көрікті аулалармен танысты Избранное

Пятница, 19 Август 2016 08:44 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5595 раз

Әл-Фараби ауданы бойынша «Таза қала» акциясына қатысуға өтініш білдірген аулалар мен көшелерді комиссия құрамы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері аралап шықты. Акцияға қатысуға аудан бойынша барлығы 89 өтініш келіп түскен.

WhatsApp Image 2016-08-18 at 18.14.14

«Таза қала» акциясына Әл-Фараби ауданына қарасты 61 ауланың тұрғындары қатысуға бел буыпты. Комиссия мүшелері көріктендірілген және абаттандырылған аулаларды аралау барысында шымкенттіктердің ұйымшылдығы пен ауызбіршілігінің жоғары екенін байқады. Айта кетерлігі, аулаларына аса мән беріп, айнала-төңірегін таза ұстап және көгалдандырып отырғандардың басым бөлігі – зейнеткерлер. Мәселен, Қалдаяқов көшесі, №1/5 үйдің төрағасы Сейдахмет Ходжаев өткен жылдан бастап ауланы көріктендіруге белсене кіріскен. Қарияның бұл бастамасын көрген көршісі Фархат Исмаилов та қолдап, аулаға ескірген доңғалақтардан аққудың бейнесін ойып, жасапты. Сонымен қатар, пластикалық құтыдан жасалған түрлі заттарды көруге болады. Аула тұрғындары биыл 47 ағаш көшетін де отырғызыпты.

WhatsApp Image 2016-08-16 at 15.50.02

Ал Жангельдин көшесі, №22А үйінің тұрғындары биыл екінші рет «Таза қала» акциясына қатыспақ. Өткен жылы тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы бойынша көпқабатты үй жөндеуден өткен. Онда тазалық пен әдемілікті тек ауладан ғана емес, кіре беріс жерден де байқауға болады. Оның іші сырланып, әктелген. Тіпті қабырғаға картиналар, ал терезелерге перде ілінсе, ыдыстағы гүлдер үйдің шырайын аша түскен.

Мұнан соң, комиссия мүшелері Рашидов көшесі, №25 үйдің ауласына да барды. Ондағы шырайлылықты сөзбен айтып жеткізу қиын. Осы бастамаға ұйытқы болып жүрген Наталья Фролова мұның барлығы да көршілердің көмегі арқасында жүзеге асқанын айтады. Комиссия мүшесі, Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Омаров разылығын білдіріп, мұндай игі істердің тәрбиелік мәні зор екенін жеткізді.

«Таза қала» акциясының қорытындысы 19 қыркүйекте қала күні мерекесі қарсаңында белгілі болады. Айта кетейік, Әл-Фараби ауданы бойынша «Үздік аула» номинациясына 61 аула және «Үздік көше» номинациясы бойынша 28 көше тұрғындарынан өтініш түскен.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.