ТІЛІМІЗ ТІРЕГІМІЗ

Среда, 31 Август 2016 05:29 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5330 раз

Дүние жүзіндегі ең әдемі тілдердің қатарынан саналатын ана тіліміздің  құнарлы қазынасы бізге бабалардың қаны мен жаны арқылы мирас болып жетті емес пе?

Ұлы нартұлғаларымыздың  бірегейі Сұлтанмахмұт бабамыздың «ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдегін жүректің  сығындысы, онда дәм де бар, мән де бар болуы керек...» деген мұра сөзі бар.

Тіліміздің осынау қадыр – қасиеті, сан қырлы байлығы, тұңғиық  тереңдігі бүгінгі таңда сіз бен біздің  ардақты кәсібіміздің  мән – мағынасын одан әрі ұлықтауға  тамаша күш берері сөзсіз!

Әділ адамның адамгершілік қасиеттері заңды жоқтатпайды. Дәл осы пікірге сүйене отырып, туған тіліміздің шұрайлы қазынасын өз іс-тәжірибесінде батыл қолданып жүрген елдің азаматтары әрдайым аман болғай.

Халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы және сауаттылығы оның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымының кеңдігімен, оралымдылығымен және ұтымдылығымен өлшенеді. Ерте заманда ел бастаған көсем де, дауды шешкен би де осы құдіретті  тілге сүйенген, осы тілген жүгінген. «Тіл өнері дертпен тең», - деп тілдің қадір-қасиетін жете түсінген бабаларымыз үлкен дау-дамайда бір-ақ сөзге тоқтаған, ұлттық асыл мұрасы – ана тілін құрметтей білген. Ана тілін ардақтап өткен халқымыздан небір суырып салма ақындар, шебер тілді шешендер, күміс көмей әншілер, қос ішекті домбыраға жан бітірген жыраулар, сазгерлер шыққан. Бұл тілде есімдері әлемге әйгілі қазақтың перзенттері, ұлы Абай өз халқына сырын айтқан, мұңын шаққан, бұл тілде шығыстың біртуар жұлдызы Шоқан сөйлеген, бұл тілде ғасырмен терезесі тең Жамбыл жырлаған.

Ана тілін білмеген, ақылы жоқ желікбас, Ана тілін сүймеген халқын сүйіп жарытпас,-деп ана тілін ардақтай алмаған, өзінің мол тілін қадірлей білмеген адамнан Отан сүйер ұл шығар, елін сүйер азамат шығар деп үміт күтуге бола ма?

Ана тіліне өзінің туған топырағында қамқорлық жасамаса ажарынан айырылады. Тіл тағдары ел тағдырымен тікелей байланысты. Ел қамын сәт сайын санасында сақтайтын әр адам тіл тағдырын да ұмытпауға, естен шығармауға тиіс, өйткені тіл сатып алып меншіктейтін мүлік емес, ол мыңдаған жылдар бойы қалыптаса келіп, белгілі бір этностың тілін түзеп, ұлтты туындатады, ал тілдің өлуі бүтін бір ұлттың өшуі болмақ.

Жасыратыны жоқ, Кеңестік дәуірде қазақ өз ана тілін емес орыс тілін дәріптеп, орыс тілін білуге, сол тілде неғұрлым сауатты сөйлеуге ұмтылды, себебі орыс тіліне сауатты адам бұрынғы Кеңестік кеңістікте өзін судағы балықтай сезінетін болды, тіпті жоғарғы оқу орнында оқу, мамандығы бойынша жұмысқа орналасудың өзіне орыс тілін білудің  көп жәрдемі болғаны айқын. Тіпті күнделікті жұмыс барысында белгілі бір мекемеге, қызметкерге барып өз жұмысыңызды айтып жеткізудің өзі, егер орыс тіліне шорқақ болсаңыз, бір кемістіктей болып тұрар еді. Осының  салдарынан, қазақ отбасылары балаларына орыс мектептерінде білім алғызып, өз тілін білмесе де орыс тілінде шүлдірлейтіндер көбейді. Сөйтіп, қазақ халқы, қазақ тілі кеңестік дәуірде орыс тілінің ықпалында болды.

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен тәуелсіздігімізді алып, ел болып, еңсе түзедік, өркениет жолына бағыт алдық, жас Қазақстан Республикасы аз уақыттың ішінде дүниежүзілік аренада басқа  елдерге кеңінен танымал болды. Шүкір дейміз, әрине.

ҚР-ның алғашқы «Тіл туралы» Заңы «қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады»,- деген мәртебелі тұжырымнан бастау алған.

Еліміз егемендік алғалы ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейе түсті, қазақ тілі қайта жаңғырып жаңа сипатқа ие болды. Қоғамда тіл тағдырына деген түсіністік орныға бастады. Бұл осы уақытқа дейін барлық мүмкін болған жағдайларды жете бағамдай отырып жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі. Әрине, әлі де алаңдатып отырған мәселе аз емес. Орыс тілінде тәлім-тәрбие алған жоғары лауазымды адамдар өз ойларын орыс тілінде өрбітетіні жасырын емес. Сондықтан, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын әлі де кеңейту қажет.

М.С КЕНДІРБАЕВ,
ИЧ 167/4 мекемесінің Калония басшысының кезекші көмекшісі

Последнее изменение Среда, 31 Август 2016 05:40
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.