«Қазақ халқына мың алғыс!»

Среда, 01 Март 2017 07:27 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 19024 раз

Көктемнің алғашқы күні, яғни 1 наурыз – ел тұрғындары үшін маңызы жоғары мереке. Бүгін халықтар достығын нығайтатын, ізгілікке үндейтін Алғыс айту күнін атап өтеміз. Бұл мерекенің мән-маңызы да осында: ренжіскендер татуласады, әр ұлт өкілдері бір-біріне деген ыстық-ықыласын білдіреді. Елімізде 100-ден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатыр. Өмірде тыныштықтан асқан байлық та, бақыт та жоқ. «Өміріңді ұзартқың келсе, біреуге жақсылық жаса» деген де сөз бар. Ендеше, қыстан аман-есен шығып, көктемнің күнімен қауышқан шақта бір-бірімізге алғыс айтып, жағдай сұраса білейік.

ulttar

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 22 жыл толды. Елбасы 2015 жылы Ассамблеяның ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында барлық ұлттың бір-біріне және қазақтарға алғыс айту күнін бекітуді ұсынған еді. Оны ел азаматтары қолдады. Сөйтіп, 2016 жылдың қаңтарында Елбасы Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланды. 

«Біз жиылсақ – көппіз. Жайылсақ – жоқпыз». Қазіргі кезеңде елде ынтымақ пен бірлік – басты құндылықтардың бірі. Бұл мереке келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түсетіні анық. 

– Бұл күні отандастарымыздың және еліміздегі түрлі этностардың бір-біріне қиын-қыстау кездерде қол ұшын беріп, көмектесіп, әлсіреп келген, аш келген адамдарды аяғынан тік тұрғызып, алғысын білдіріп жатқан әрбір ұлттың өкілдеріне біз де өз алғысымызды айтамыз. Адамдар бұл күні егер де бір-біріне өкпе-реніштері болса, бәрін кешіруі керек. Кешірімділік – керемет күш. Жат жерге қоныс аударған өзге ұлт өкілдерінің айтары алғыс қана. Мен Алғыс айту күні игі дәстүрге айналып, еліміздің ең сүйікті мерекелерінің бірі боларына сенемін. Қазір әлемде ахуал тұрақсыз. Дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар, саяси шиеленістер көп. Бұл орайда тату-тәтті, бірлігі жарасқан Қазақстан көпке үлгі, – деген еді Елбасы Астанада өткен «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» атты мерекелік іс-шарада. 

Адамзат тарихында зобалаң кездер аз болмаған. 20-сыншы ғасырдың басынан бері Қазақстанға 5,6 млн адам қоныс аударды. Олардың бәрі де қазақтың дархан даласынан пана тауып, ұлтымызбен бірге жасап келеді. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтерді. Қазір де табыстарымызға бірге қуанып, ең қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. 

Облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратовтың айтуынша, өңірде 700 мыңға жуық өзге ұлт өкілдері тұрады. Аймақта 20 облыстық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ал аудандық-қалалық этномәдени бірлестіктер мен облыстық мәдени бірлесіктер филиалдарының саны – 51. Барлық ұлт өкілдері бірлесе, бір мақсатта еңбек етіп келеді. Кәсіпкерлік саласында жетістікке жеткендері қаншама. 

Таяуда ғана облыс әкімдігінде ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өткен-ді. Жиында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Фахриддин Қаратаев баяндама оқыса, облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов 2017 жылға жоспарлаған жұмыстар жөнінде баяндап берді. 

Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Жансейіт Түймебаев қуанышты хабардың шетін шығарған болатын. Яғни, алдағы уақытта қалада халықтар арасындағы достықты дәріптейтін «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі тұрғызылмақ. Биыл ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы күрделі жөндеуден өткен «Қазақстан» кинотеатрына қоныстанады. 

– Ғимаратта тек этномәдени бірлестіктер орналасып қана қоймай, этнос өкілдеріне арналған түрлі шығармашылық үйірмелер жұмыс жүргізеді. Еңселі ғимаратта алдағы уақытта өздеріңізбен бірлесіп ауқымды іс-шаралар өткізетін боламыз, – деді Жансейіт Қансейітұлы жиынның қорытынды сөзінде. 

Жаңа ғимараттың алдынан бой көтеретін монумент – бауырмалдылық пен бірліктің белгісі. Биіктігі – жеті жарым метр. Бұл нысан қазақ жерін мекендейтін түрлі этностардың елімізге деген ыстық ықыласы мен шынайы алғысының көрінісі болмақ. Бір айта кетерлігі, жаңа монумент этномәдени орталықтардың жеке қаражаты есебінен салынады. Мінекей, жақсы іске этнос өкілдері де ортақтасып, маңызды мәселеде бірлік танытып отырған жайы бар.

 

matalbМатлаб МАГЕРРАМОВ,
облыстық әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы:

«90 пайызы Қазақстанға қайта оралды»

– Облыста 33 мыңға жуық әзірбайжан ұлтының өкілі бар. Бәрі де өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді: ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс, сауда саласында жемісті еңбек етіп жүргендері жетерлік. Мемлекеттік қызметте, білім беру мекемелерінде қызмет атқаратындар да бар. Біз қазақ елінің қамқорлығын көп көрген халықпыз.
Негізінен Әзірбайжан халқы 1937-1948 жылдар аралығында Қазақстанға қоныс аударды. Олардың басым бөлігі Шымкент қаласында (10 мың адам), Түлкібас, Сарыағаш, Сайрам, Мақтарал аудандарында тұрмыс кешуде.
Ал өзім жетекшілік ететін этномәдени бірлестік 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл орайда облыс әкімдігінің қолдауын айта кеткен жөн. Алда қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы ілкімді бастамаларға тұрақты қолдау көрсете береміз.
Бір жағдайға назар аудара кетсем деймін. Тұрмыс тауқыметімен тарихи отанға көшіп кеткен бауырларымыздың 90 пайызы 1995 жылы қайтып оралды. Бәрі де жұмысқа орналасып, өз тіршілігін бастап кетті. Біз осы үшін Қазақ еліне мәңгілік қарыздармыз. Мың алғыс Сіздерге, қайырымды қазақ жұрты!

 

IMG-20170228-WA0004

Расим АХМЕДОВ, жеке кәсіпкер:

«Еңбек етемін дегенге барлық жағдай бар»

– Өзге ұлт өкілдері секілді, біздің де қазақ жұртына айтар алғысымыз мол. Өзім және бауырларым осында туып, осында қызмет етіп жатырмыз. Әкем Васип 1944 жылы Грузиядан осы өңірге жер аударылған екен. Содан бері тұрақтап қалып қойған. Түрік халқын сол кезде жатсынбай, құшақ жая қарсы алғаны үшін Қазақ еліне қарыздармыз.
Қазіргі таңда құрылыс саласында қызмет ететін «Достық» ЖШС-ін басқарамын. Онда 30 адам жұмыс істейді. Бүгінде Түркия елімен алыс-берістігіміз дамып келеді. Елде кәсіппен шұғылдануға барлық жағдай бар. Тек еңбек етіп, елдің дамуына асталысуымыз қажет. Келешекте жұмыс ауқымын кеңейтіп, жылыжай өндірісін дамыту жоспарымызда бар.
Барлық мақсат-мүддеміз – елге қызмет ету. Ұлттық мерекелерге, тағылымды іс-шараларға белсене қатысуды, ұлттар арасындағы татулықты дәріптеуді міндет санаймын.

Последнее изменение Среда, 01 Март 2017 08:04
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.