Қайғылы отбасыға қамқорлық көрсетті Избранное

Среда, 14 Февраль 2018 04:47 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 291 раз

Шымкент қалалық әкімдігі ата-анасынан айырылған бес немересін қарауына алған әжейді барлық жағдайы қарастырылған 3 бөлмелі уақытша баспанамен қамтамасыз етті.

88

Шымкенттік көпбалалы ана Нағима Орманованың отбасындағы жағдай кім-кімді болсын бей – жай қалдырмасы анық. Ауыр дертке шалдыққан келіншек бес баласымен күні кеше ғана апатты ғимараттың қуықтай бөлмесінде бес баласымен жағдайсыз күйде күн кешіп жатқан еді. 

Ақ қан (лейкомия) дертіне шалдыққан келіншектің күйеуі ақша табу үшін Атырауға жұмысқа кетеді. Тапқан қаражатын жинап, отбасына келе жатқанда ол өткен жылдың желтоқсан айында жол-көлік апатына ұшырап, оқиға орнында көз жұмады. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, Нағиманың денсаулығы да күрт нашарлап, ауруханаға түскенде балаларды 70 жастағы нағашы әжесі Қызайым Байзақова қарауына алып, барлығы қуықтай бөлмеде тұрып жатты. Науқас қызын ауруханадан шығарғанда анасы оны сол бөлмеде күтуіне мәжбүр болды. Қызы мен балалар суықтап қалмас үшін қарт ана пештің отын күндіз-түні сөндірмеуге тырысты.

Қайғылы оқиға мен тұрмыстық ауыр жағдайдан қиналған отбасының жай-күйін Нағиманың анасы, Қызайым Байзақова қала әкімдігі тұрғын-үй қатынастары бөлімі өкілдерінің тұрғындармен таяуда өткен кездесуінде баян етіп, көмек сұраған болатын. Қызайым Байзақованың бұл мұң-мұқтажы билікті бей-жай қалдырмады. Шымкент қалалық әкімдігі сырқатқа шалдыққан Нағиманың отбасын барлық жағдайы қарастырылған 3 бөлмелі уақытша баспанамен қамтамасыз етті. Отбасының тұрмыстық халін естіген ізгі жандар оларға үйге киім-кешек, азық-түлік жеткізіп, қаржылай да көмектесті.

99

Негізі Нағима Орманова көпбалалы ана ретінде мемлекеттен тұрғын үй алу кезегінде тұрғанымен баспаналы болудың ауылы алыс еді, ол №6136-шы кезекте болатын.

Ал баспанаға қол жеткізіп, қуаныштан мәре-сәре болған отбасы жақында қоныс тойын тойламақ ниетте еді... Бірақ...

Газетіміздің беті қатталып жатқанда Нағима Орманованың қайтыс болғаны туралы суыт хабар естідік. Қайғылы жағдай әрине... Шырылдап бес баласы, аңырап анасы қалды. Тек бір сүйінеріміз – қала билігі оларды далада қалдырған жоқ. 

Бұл отбасыға көмек қолын созам деушілер 8 702 112 72 57 ұялы телефонына хабарласуына болады.

P.S. «Шымкент келбеті» газеті бұл отбасының алдағы тағдырын бақылауда ұстап, оның жайын оқырманға хабардар ететін болады.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.