Туризмге де тәртіп керек Избранное

Пятница, 24 Август 2018 05:02 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3382 раз

Өңірімізде туризм, оның ішінде экологиялық туризм дамып келеді. Ақсу-Жабағылы мен Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем ұлттық паркі және Сырдария-Түркістан өңірлік табиғи паркі сияқты орындарға қыдырушылар мол келіп жүр. Жергілікті билік өкілдері де туризмді дамытуға арналған іс-шараларды атқаруда.

20180429-IMG 8876

Соның бірі – жуырда Сайрам-Өгем тауларының үш шыңына қазақтың үш биінің есімі берілді. «Бұл – біздің таулар!» фестивалі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті. Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан жиналған 15 альпинист үш шыңның басына билердің есімі жазылған тақтайша орнатты. Бұрын Студенттер шыңы (3750 м) деп аталған шың енді Әйтеке би шыңы деп аталса, Кергелі узловая (3787 м) шыңына Қазыбек бидің есімі берілді. Ал Рощина (3860 м) шыңы енді Төле би шыңы деп аталады.
Табиғатқа қызығушылардың саны жыл санап артып келе жатқаны қуантады, әрине. Дегенмен, өңірімізде туризм саласында әлі де болса мықтай түсетін тұстар жеткілікті. Олар насихаттау жұмыстарынан бастап ұйымдастыру, сервистік қызметпен жалғасып, ең соңы демалушының мәдениетімен аяқталады. Соның ішінде туризмнің соңғы уақытта жақсы дамып келе жатқан экотуризм саласына тоқталсақ.

Ғани Назарбек 7

Демалысты ұйымдастыру мен қызмет көрсету белгілі бір жауапты тұлғалардың міндеті делік. Ал туристің, қыдырушының мәдениеті ше? Экологиялық сауаты? Ол енді әр адамның өзіне байланысты. Жүріп өткен жолың мен демалған жеріңде қоқыс қалдырмай, бүлдірмей кету ешқандай білімді қажет етпесе керек.
– Табиғат аясында көп жүремін. Сонда адамдардың салақтығына, демалған жеріне қоқыс шашып кететініне қарным ашады. Табиғат біздің ортақ үйіміз емес пе? Ал адам өз үйінде таза отырады ғой?! – сұхбаттасым Ғани Назарбектің даусынан ашыну білініп-ақ тұр. – Рас, соңғы кездері БАҚ беттеріндегі тәртіпке үндеген роликтер арқылы жағдай біршама дұрысталды. Дегенмен, экологиялық сауат қай кезде де бірінші орында тұруы тиіс.
Оңтүстіктің табиғаты үшін шыр-пыры шығып жүрген Ғани Назарбектің «экологиялық сауат» сөзін кеш бойы жиі қайталуының өзіндік себебі бар. Туризм саласына келмей тұрып жерлесіміз орманшы болып істеген. 2011-2016 жылдары Сайрам-Өгем табиғи паркінде қызмет атқарған Ғани экологиялық сауаттың тұмса табиғатты сақтап қалудағы маңызын күн сайын сезініп те, көріп те жүрді. Қазір «Arsha travel» туристік фирмасының директоры. Басшы болғанда офисте отырмайды, қыдырушыларды өзі бастап, табиғат аясына алып шығады.
– Осыдан бір ай бұрын 5 жігіт болып Сайрам-Өгемнің маржаны – Мақпал көлге барып келдік. Жолға 2 тәулік толық кетті, - деді Ғани. – Жалпы, Мақпал көлге барып-келу оңай емес. Едәуір қаржы мен дайындықты қажет етеді. Бес адамдық тобымызға 75 мың теңгеден қаржы жұмсалды. Оның ішінде қаладан шыққан бастап, қайтып жеткенше толық шығынымыз бар.
Туризмнен бөлек Ғани экологиялық мәселелер, табиғат пен тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау секілді бірер жобамен айналысып жатқанын айтты. Соның бірі – Созақтағы петроглифтерді қорғау. Ғани қазір сол петроглифтерді белгісіз біреулер арнайы құралмен кесіп алып кетіп жатқанын ашына айтты. «Тастың бетін 5 см қалыңдықта кесіп алып кетіп жатқанына қарағанда қалталы азаматтар мен коллекция жинаушыларға қажет болуы мүмкін деген күдігін айтты. Себебі, жастар бүлдіретін болса тастардың бетін сызып кете беретін еді. Ондайды көріп те жүрміз» дейді жерлесіміз.
– Созақтағы петроглифтер негізінен мемлекеттің қорғауында. Бірақ, ашық аспан астында жатқандықтан, қараусыз жатыр деуге болады. Ескі қалашықтың аумағына да кіру тегін. Енді осы мәселені жауапты мамандар қолға алып, көне тарихымыздың көзіндей ескерткіштеріміз қорғалса. Осындай сәтте Мақпал көлдің алыста, баруы қиын жерде жатқаны да бір жағынан дұрыс па деп қаламын. Себебі, кез келген адам баратын жерде болғанда көлдің айналасы әлдеқашан ластанып, жол бойы баклажкалар мен целлофан қалталар шашылып жатар ма еді, кім білсін... Ал қазір ол жаққа адам аз барады. Жоғарыда айтқандай, жол алыс әрі оңай емес.
Ғанидің бұл уәжімен келіспеске лаж жоқ. Себебі, қала маңындағы демалыс орындары, ашық табиғат аясына бара қалсаң, өкінішке қарай, алдыңнан шығатын көрініс – осы. Мұны экологиялық туризмге құмар тағы бір жерлесіміз, әуесқой фотограф Дана Мадалиева да қоштайды.
– Сайрам-Өгем болсын, Ақсу-Жабағылы болсын, Боралдай өңірі болсын – әр сапарымызда далада жатқан қоқысқа кезігеміз. Өте өкінішті, әрине. Қолымыздан келгенше қайтарда қоқыс ала кетеміз. Көбінесе пластик ыдыстар мен қаптамалар кезігеді, - дейді Дана.
Дана әр сапарында табиғатты, қоршаған ортаны міндетті түрде фотоға түсіреді. Әлеуметтік желідегі аккаунты сондай суреттерге толы. Бірақ, кәсіби фотограф емес. Туризмге де қатысы жоқ кәсіппен шұғылданады. Дегенмен, табиғатқа қызығушылығы бір сәтке дамыл тапқан емес.
– Өзіміздің арамызда құрған «Шымтау» деген тобымыз бар. Коммерциялық емес. Бұған дейін табиғат аясына шыққысы келгендер талай рет ақы төлеп, ертіп баруымды ұсынды. Дегенмен, бас тартып келемін. Себебі, тауда жүру – оңай іс емес. Асқан жауапкершілік қажет. Ал біздің адамдар қия тас, жартас немес таудың шетіне барып, селфиге түскісі келеді. Қауіпсіздікті үнемі ұмыта береді. Сол үшін гид болу асқан жауапкершілікті талап етеді. Ал біздің топтағы достарымыз туризмнің қағидаларын білетін жандар, - дейді Дана. – Табиғат аясында демалушылардың тағы бір бұлжымас қағидасы – айналаңа залал келтірмеу. Оған қоқыс қалдырмай жинап кету, жануарларды өлтірмеу, тал-өсімдіктерді бүлдірмеу жатады. Қуанышқа орай, мен қоқысты тазалау үшін арнайы табиғат аясына барып-қайтатын жерлестерімізді танимын. Міне, табиғатқа жанашырлық деп соны айтады. Әр демалушы немесе турист сол экологиялық сауатты меңгерсе екен.
Экологиялық сауат – Ғани Назарбекті толғандыратын жайттың бірі де бірегейі. Орманшы қызметін қалдырып, еркін «жүзуге» кеткен жігіт қазір туризмге қатысты ауқымды жобаны қолға алған. Өзі секілді табиғат жанашырларымен бірге жуырда сол жобаны көпшілікке таныстырмақ. Сонымен қатар оқушыларды, жастарды табиғатқа қызығушылыққа, экологиялық сауатқа үйреткісі келеді.
– Себебі, қаламыз мегаполис атанып, урбанизация үрдісі қарқын алған. Ол, әрине, жақсы. Дегенмен, шаһар көшелеріне, алаңдарына егілетін талдар мен гүлдердің қалай жерсінуі, тез жетіліп кетуі аса маңызды. Сол үшін басқа жақтан жеткізілген көшеттердің біздің ыстық климатқа үйреніп кетуін қадағалау керек. Жастар, жастар ғана емес, жерлестеріміз қала аумағында құстың қанша түрі өмір сүретіні секілді мәселелерді білсе дейміз. Міне, экологиялық сауат осыдан басталады. Себебі, табиғат – біздің ортақ үйіміз!

Последнее изменение Пятница, 24 Август 2018 05:21
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.