Денсаулық басқармасының құрылуы жаңа қадамдарға бастайды Избранное

Пятница, 21 Сентябрь 2018 04:39 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4654 раз

Шымкент қаласының тарихында тұңғыш рет денсаулық сақтау басқармасы құрылды. Осы кезге дейін шаһарда бұл саланың бөлімі де болмағанын ескерсек, бүгінде басқармада қызу жұмыстар жүруде. Өйткені, қала аумағындағы медициналық ұйымдарда қордаланған мәселелер аз емес. Ендеше жаңадан құрылған жауапты мекеме халықтың денсаулығын жақсартуды қай бағытта бастамақ? Шымқалада медициналық ұйымдардың мәселесі қандай? Мегаполис қалада қандай аурулардан сақтанып жүрген дұрыс? Басқарманың жаңа басшысы Нұрлан Қасымовпен осы мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

ДС басшысы

– Нұрлан Каукенұлы, алдымен көпшілікті толғандырып жүрген сауалдан бастасақ. Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бөлінгеннен кейін қала меншігінде қандай медициналық мекемелер қалады?
– Қазіргі таңда қала аумағындағы 36 медициналық ұйымды қалалық денсаулық сақтау басқармасы құзырына қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде 14 емхана, 10 аурухана, 4 оңалту орталығы, жедел жәрдем стансасы, тіс емханасы, диагностика, СПИД, залалсыздандыру, қан орталығы, Бөбектер үйі мен медициналық колледж бар. Осы тұста, облыс пен қала бөлінгенімен қарапайым халық үшін медициналық көмек алуда ешқандай өзгерістер болмайды. Жедел көмек немесе жоспарлы ем алу болсын, өз таңдауларына қарай жұмыс қалыпты ағыммен жүре береді.
– Жуырда өткізілген бір брифингте қаладағы мемлекеттік емханаларда 70-80 мыңға жуық тұрғын тіркелген жағдайлар бар дедіңіз. Мұның сапаға кері әсерін тигізетіні белігілі. Жалпы қаланың денсаулық саласында туындап жатқан өзге де өзекті мәселелер қалай шешілмек?
– Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалар қатарына енгізілгеннен кейін біз де осы талапқа сай медициналық қызмет сапасын жақсартуды мақсат етіп отырмыз. Қалада бірқатар өзекті мәселелер бар екенін жасырмаймыз. Оның ең маңыздысы – емханалардың жетіспеушілігі салдарынан кезек көп, халықтын көптігінен дәрігерлердің ем алушыларға тиісінше толыққанды көңіл аударуға мүмкіндігі болмауда. Осы мәселені шешуде алдымен дәрігерлік учаскелерге адам санының жүктемесін 2000-нан 1700-ге дейін төмендетуге күш саламыз. Бұл үшін қалаға қосылған шалғай елдімекендерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдаланып, дәрігерлік амбулаториялар ашу жоспарлануда. 
Сонымен қатар, жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында жекеменшік амбулаториялар ашу жұмыстарын қолға алудамыз. Бұл тұрғыда қазір кәсіпкерлер мен кіші бизнесте жұмыс істейтін ұйымдармен келіссөздер жүргізілуде. Осы бағытта жұмыс істегісі келетін азаматтарды қолдауға дайын екенімізді атап өткім келеді.
Ал қаладағы емдеу мекемелерінің жағдайларын саралағанда, тозығы жеткен емханалар бар екені анықталды. Мысалы, Қазығұрт шағынауданындағы және №9 емхананың ғимараттары стандартқа сай келмейді. Біршамасының медициналық құрал-жабдықтары ескірген, кейбір амбулаториялар тіптен тозып кеткен ғимараттарда отыр. Алдағы уақытта солардың арасында тозығы жеткен 5 емхананың орнына жаңа ғимарат салынады, 3-еуінің құрылысының жобалық-сметалық құжаты дайындалуда. Шаһардағы алғашқы медициналық жедел жәрдем стансаларының жағдайын ретке келтіреміз, онда да жедел жәрдем көлігінің жетімсіздігі бар. Жаңадан көліктер алынып, стансадағы Call-орталықтың жұмысын заман талабына сай жоғарғы деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ қаламызда алғаш рет халықаралық стандарттарға сәйкес 1000 төсектік көпсалалы клиникалық аурухана бой көтермек. Медициналық мекеменің артықшылығы, құрамында онкологиялық, кардиохирургиялық, перинаталдық орталықтары болады. Бұл көпсалалы клиника біздің өңірдің денсаулық сақтау саласының дамуына зор септігін тигізеді деген сенімдемін.
– Халықтың емхана таңдау мүмкіндігі мемлекеттік және жекеменшік емханалар арасында бәсекелестік туғызды. Қазір жекеменшік орталықтарға басымдылық берілуде. Ал олардың жұмысы бақылана ма?
– Мемлекеттік мекемелермен қатар, жекеменшік орталықтардың да медициналық қызмет көрсету сапасын денсаулық сақтау басқармасы өз бақылауында ұстайды. Бүгінде медицина саласындағы реформаларға сәйкес, сапалы қызмет көрсететін емхананы таңдау құқығы тұрғындардың өзіне берілді. Егер тұрғындарға емхананың қызмет көрсетуі ұнамаса, бас тарта алады. Сондықтан қай бағыттағы медициналық ұйым болсын, дұрыс қызмет көрсетпесе пациенттерінен айрылады.
– Денсаулық саласы цифрландыру жүйесіне көшті. Мəселен, DamuMed қосымшасы іске қосылды. Айтыңызшы, шымкенттіктер бұл қосымшаны қолдануда белсенді ме?
– Медициналық қызметтер нарығында Дамумед мобильды қосымшасы іске асырылған. Бұл қосымша арқылы дəрігердің қабылдауына, дəрігерді үйге шақыртуға болады жəне пайдаланушы жеке кабинетіне қол жеткізе алады. Мысалы, ағымдағы жыл ішінде орта есеппен 8% пайдаланушы дəрігердің қабылдауына жазылған. Иә, бұл көрсеткішті маңызды деп айтуға болмайды. Себебі халық мобильді қосымшаның уақыт үнемдеуде қажет екеніне көз жеткізуде. Сол себептен тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жалғасуда. Емханаларда бұл үшін мамандар жұмылдырылып, олар қосымшаны телефондарына қондырып, жұмыс істеу тәртіптерін түсіндіріп береді.
– Әдетте мегаполис қалада қандай дерттен сақтанып жүрген дұрыс?
– Ауру-сырқаудың қала не дала деп бөлінбейтіні белгілі. Дегенмен елімізде ғана емес әлемде өлім-жітімге көп апаратын кеселдер – жүрек-қан тамыр аурулары, қатерлі ісік және жарақаттар болып тұр. Осы тұрғыда шымкенттіктерге салауатты өмір салтын ұстанып, профилактикаға көбірек ден қою қажеттігін баса айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.