АҚШ-тың үздік дәрігері Шымкентте ота жасады Избранное

Среда, 31 Октябрь 2018 05:01 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 380 раз

Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухана базасында АҚШ-тың үздік ортопед-дәрігері Жолдас Күлжанов күрделі отаға қатысты. Аяқ сүйегі сынған науқасқа жергілікті травматолог-ортопедтермен бірлесе жаңаша тәсілмен жасаған ота сәтті өтті.

19

 

Бұл - Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен АҚШ-тағы ортопедиялық госпитальдің өзара ынтымақтастықты дамыту жөніндегі түзген меморондумның нәтижесі.
АҚШ-тың Миссури штаты Сент-Луис қаласындағы университеттік емхананың ортопедия департаментінің башысы, АҚШ-тың ортопедия және травматология қауымдастығының және ASAMI мүшесі Жолдас Күлжанов екі күн Шымкентте болып, үш науқасқа ота жасап, дәрігерлерге шеберлік-сабағын жүргізеді.
– Қазақстандық дәрігерлермен қарым-қатынас орнатқанымызға төртінші жыл. Астана, Павлодар қалаларындағы мамандармен бірлесе жұмыс істедік. Шымкентке алғаш келдім. Клиникалық аурухана базасында науқастарға ота жасап, дәрігерлермен тәжірибе алмасуды бастадық. Алғашқы ота сәтті жасалды, - деді Жолдас Құлжанов.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымовтың айтуынша, жыл сайын жол-көлік апаттары салдарынан 3 мыңға жуық адам қайтыс болады, 25 мың адам әртүрлі дене жарақатын алса, мың адам арбаға таңылып, мүгедек атануда.
– Дене жарақатын алғандарға дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, емдеу жұмыстарының сапасын арттырса, жарақат алғандардың жағдайын жақсартып, мүгедектіктен арылтуға болады. Сондықтан травматолиялық-ортопедиялық бағыттағы жұмыстарды күшейтеміз, - деді қаланың бас дәрігері.
Айта кетейік, профессор Жолдас Күлжанов - жарақаттан сау-тамтығы қалмаған ағзаны, соның ішінде жамбас және аяқ-қол сүйектерінің және басқа да зақым келген мүшелерді қайта қалпына келтіру бойынша күрделі оталар жасаған маман.
Айта кетейік, Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың жарақат бөлімінде жылына 1800-2000 мыңға жуық азамат түседі. Олардың басым бөлігіне операция жасалады. Нақтырақ айтқанда, жылына түрлі дене жарақатымен түскен 1500 науқасқа дәрігерлер ота жасайды. Сондай-ақ бөлімшеде соңғы он жылдан бері жаңа технологиялық әдістермен сүйек және буындарға ота жасау, соның ішінде жасанды буын алмастыру отасы қарқынды түрде жасалуда.

Последнее изменение Среда, 31 Октябрь 2018 11:33
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.