Медициналық көмектің сапасын жақcартамыз Избранное

Среда, 24 Октябрь 2018 03:56 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5115 раз

«Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Ең алдымен, әсіресе ауылды жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын. Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінеді».

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 
2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауынан

Мемлекет үшін адамның өмірі мен денсаулығы қымбат қазына. Сондықтан Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында денсаулық сақтау саласының жұмысын оңтайландыру арқылы халықтың саулығын жақсартуға басымдылық беріп келеді. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев денсаулық сақтау саласында аса қымбат стационарлық емге емес, аурудың алдын алуға бағытталған шараларды қолға алуды міндеттеп, тұрғындар үшін медициналық көмек алудың қолжетімділігін арттыруды тапсырды.

1538706572 article b 1500

Шымкенттіктердің 94 пайызының денсаулық паспорты бар

Мегаполиске айналған шаһардың аумағы ұлғайып, тұрғын үй кешендері көптеп бой көтеруде. Халықтың туу көрсеткіші артып, әсіресе, медицина саласында денсаулық ұйымдарының жетіспеушілігі, мамандардың жүктемесін азайту, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жаңа технологияға көшу секілді мәселелерді шешуде жаңадан құрылған жауапты мекемеге үлкен міндеттер жүктеп отыр.
– Тұрғындарға медициналық көмек қолжетімді болуы үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қалада біршама жұмыстар атқарылды. Бүгінде әрбір азаматтың электронды паспорты жасақталып, смартфон арқылы тұрғындар дәрігерге кезекке жазылады, үйіне шақырады, тіпті зертханалық сараптамаларын жеке кабинеті арқылы кіріп көруіне мүмкіндігі бар, – дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымов. – Дәл қазіргі таңда Шымкенттегі 36 медициналық ұйымның 30-ында құжаттар қағазсыз жүргізілуде. Цифрландыру жүйесіне қосылған емдеу мекемелерінде электронды денсаулық паспорттары 94 пайызға толтырылған. 2019 жылдан бастап барлық емханалар мен ауруханалар цифрлы нұсқада қызмет көрсетуге көшеді.
Қаланың бас дәрігері республикалық маңызы бар шаһарда медициналық қызмет сапасын талапқа сай жақсартуды мақсат етіп отырғанын атап өтті. Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шымкенттік ақ халаттылардың біліктілігін көтеріп, ауырып-сырқағандарға жедел көмек көрсетілу үшін көпқабатты үйлердің бірінші қабатынан дәрігерлік-амбулаториялар ашу мәселесін көтерді.
– Қаладағы барлық көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатынан отбасылық дәрігерлік амбулатория ашу керек. Мәселен, баланың тамағы ауырып немесе өзге де жеңіл аурумен сырқаттанып қалып, тұрғындар ауруханаға барып, 2-3 сағаттап кезек күтіп отырмауы қажет. Сырқаттандың ба, үйіңнен шығып, дәрігерге қарала саласың. Егер ауыр жарақат алған, хирургиялық емді қажет ететін науқас болса ауруханаға, бала босану үшін перзентханаға баруға болады. Еуропада сондай, – деген-ді шаһар басшысы.

Дәрігерлік амбулаториялар ашуға қолдау бар

Нұрлан Қасымов қазіргі таңда тұрғындардың саулығын жақсарту мәселесі күн тәртібінде тұрғанын айтады.
– Алғашқы медициналық санитариалық көмектің сапасы мен қолжетімдігін арттыру мақсатында орталықтан қашық жерде орналасқан шағынаудандарда және көпқабатты тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында отбасылық денсаулық орталықтарын және дәрігерлік-амбулаториялар ашу жұмыстары қолға алынады. Бұл тұрғыда қазір кәсіпкерлер мен шағын бизнес ұйымдарымен келіссөздер жүргізілуде. Осы бағытта жұмыс істегісі келетін азаматтарды басқарма тарапынан қолдауға дайын екенімізді атап өткім келеді, – дейді денсаулық саласына жауапты басшы.
Қаладағы кейбір емханаларда 50-70 мыңға дейін тұрғындардың тіркелгенін ескерсек, Нұрлан Каукенұлы жаңадан ашылатын дәрігерлік-амбулаториялар дәрігерлердің жүктемесін 2000 адамнан 1700-ге дейін төмендетуге көмектесетінін алға тартты.
ҚР Президентінің 2018 жыл 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әлауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында учаскелік дәрігерлердің жалақысы 20 пайызға кезең-кезеңімен өсетінін және осы мақсатқа 5 млрд теңге қаржы бөлінетіні айтылды. Сондықтан Шымқалада келесі жылдан бастап емдеу ісін басқарудың жаңаша тәсілдерін енгізген мамандар ынталандырылады.
– Шаһарда алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарында 760 учаскелік дәрігер мен 1720 медициналық орта буын қызметкері жұмыс істейді. Диспансерлік есепте тұратын науқастарды дер кезінде қадағалау мақсатында 13 амбулаториялық-емханалық ұйымда емдеу ісін басқару бағдарламасы енгізілген.
Елбасы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап науқастарды емдеу ісін басқаруда жаңашылдық енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға көбейтіледі деп тапсырғанын бәріміз естідік, – дейді Нұрлан Каукенұлы.
Сонымен қатар келесі жылы медициналық ұйымдардың метериалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 5 жаңа емхана салу жоспарланып отыр. Ал қаладағы емдеу мекемелерінің жағдайын саралағанда, тозығы жеткен емханалар бар екені анықталған. Алдағы жылы бірқатар аурухана мен емханалар күрделі жөндеуден өтіп, мекемелерге замануи-медициналық құрал-жабдықтар сатып алынады. Және де қаламызда алғаш рет халықаралық стандарттарға сәйкес 1000 төсектік көпсалалы клиникалық аурухана бой көтереді. Медициналық мекеме құрамында онкологиялық, кардиохирургиялық, перинаталдық орталықтар болумен ерекшеленеді.

Сапалы маман даярлау – басты назарда

Елбасы Н.Назарбаев жуырда шаһарға жасаған сапарында Шымкент қаласының жоғары оқу орындарының деңгейін халықаралық дәрежеге көтеру және Орта Азия аймақтарының түлектері де жоғары білім алуға жағдай жасау үшін кадрлар даярлайтын орталық болуы керегін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы мақсатта Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Онда Шымкент қаласында алғаш рет екі тарап денсаулық сақтау кадрларын даярлау қажеттілігі туралы бірыңғай келісімге келіп отыр. Енді білім ордасындағы студенттер қаладағы кез келген медицина мекемелерінде тәжірибеден өтіп, барлық емдеу ісіне қатыса алады.
– Елбасы Жолдауында дәрігерлердің біліктілігін көтеру мәселесін тапсырды. Медициналық академияның өзінде 3,5 мыңға жуық студенттер білім алуда. Болашақта олардың жақсы маман болып, сапалы білім алуына қазірден жағдай жасалуы қажет. Мұнда маман даярлау ісі ғана емес, орта буынды дәрігерлердің білімін осы оқу ордасының базасында көтеруді де қолға аламыз, – деді Н.Қасымов.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.