Әлеуметтің әлеуеті артса, тұрмыс та түзеледі Избранное

Среда, 15 Январь 2020 03:59 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 697 раз

Жаңа жылдан бастап қайырымды қаладағы аз қамтылған отбасылар мемлекеттік жәрдемақыны жаңаша форматта ала бастады. Алғашқы онкүндіктің өзінде әкімдікті жағалаған мыңдаған отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беріп үлгерген. Бұл жолы мемлекеттен берілетін жәрдемақыға жаңаша тәртіп енгізіліп отыр. Құжат қабылдау, жәрдемақы тағайындау мен тағысын тағылар электронды түрде жүзеге асырылады.

f722526e310f6b66fdd0011e8dcd9589

Үкімет тарапынан әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған жұмыстардың атқарылу барысын баяндаған қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде бүгінгі таңға 9 244 адамға кеңес беріліп, 2 765 отбасыдан өтініш қабылданғанын айтты.

– Қазіргі таңда қалалық жұмыспен қамту орталығында мемлекеттік жәрдемақыға өтініш білдірушілердің көптігін ескеріп, аудандық әкімдіктердің ғимараттарында, жалпы 5 орында құжаттар алфавиттік тәртіп бойынша қабылдануда. Алдағы уақытта қосымша орындар ашылады деп жоспарлануда. Ал атаулы әлеуметтік көмекке тоқталып өтсек, жаңа өзгерістерге байланысты үш түрлі бағытта төленіп жатқанын еске салайын.

Оның алғашқысы көп балалы аналарды қолдау мақсатында берілетін мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан көп баласы бар отбасыларға табыс көзіне қарамастан төленуде. Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға тағайындалады. Ең соңғысы – кепілдендірілген әлеуметтік пакет, – дейді спикер.

Жаңадан енгізілген өзгерістердің бірі – АӘК-ке үміткер отбасылардың материалдық жағдайын тексеру мерзімінің үш күннен жеті күнге ұзартылуы. Комиссияның қорытындысына сәйкес, мұқтаж емес отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Тағайындалған жағдайдың өзінде еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысуы қажет. Айта кетерлігі, өткен жылы 4000 адам қысқа мерзімді оқуын аяқтаса, 3480 азамат 200 АЕК (505 мың теңге) көлемінде мемлекеттік грантқа ие болған.

Республикалық бюджеттен бөлінетін жәрдемақы аясында биыл 74 мыңға жуық бала ыстық тамақпен қамтылса, АӘК алушылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылады. Айта кетерлігі, ол үшін қосымша құжат өткізудің қажеті жоқ. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет алушылардың тізімін қалалық әкімдік бекітеді. Ал мемлекеттік көмек азық-түлік және гигиеналық зат күйінде қаладағы сауда орындары арқылы үлестірілмек. Ербол Әбілхайырұлының айтуынша, аталған жұмыстар ақпан айының алғашқы онкүндігінде жүзеге асырылады.