Отбасылық кәсіптің көзін тапқандар Избранное

Среда, 03 Июнь 2020 04:42 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 415 раз

Шымкенттің ауыл шаруашылық өнімдері шетелге жөнелтіліп жатыр. Әсіресе, омарташылардың өніміне сұраныс жоғары. Жыл сайын оларды Катар еліндегі фестивальге шақыртылады. Балдың төрт түрін нарыққа шығаратын отбасылық кәсіптің жетістіктері мұнымен тоқтамақ емес. «Зертас» шаруа қожалығы да асыл тұқымды ірі қараның санын көбейтіп, нарықтан өз орнын тапқан. Отбасылық кәсіпкерлердің берекелі тірлігіне сүйсінесіз.

40

 

Мақсатым – табиғи құс етінен дәм таттыру

Таяуда ауыл шаруашылығы бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен кеңінен танысу мақсатында бірқатар шаруа қожалық нысандарына пресс-тур ұйымдастырылған-ды. Қала аумағында орналасқан құс шаруашылығы, бал ара және етті-сүтті шаруа қожалықтарын аралап, олардың даму барысымен таныстық.

43


Карантин жағдайында да шаруалар өз қамдарын жасап, кәсіптерін дамытып отыр. Талап пен тәртіптің арқасы. БАҚ өкілдерін қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Данабек Апсиковтың өзі бастап жүрді.
Басқарма басшысы орынбасараның мәліметінше, 2020 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 7 399,5 млн теңгені құраған. Қалада 4 102, 2 тонна ет, 13 311,4 тонна сүт, 48,6 млн дана жұмыртқа өндірілді.
Шаһарға қарасты шаруашылықтарда қазіргі таңда ірі қараның саны – 75,2 мың, қой мен ешкі – 109,1 мың, жылқы – 14,7 мың , түйе – 29 және құс – 955,9 мың бас болып отыр.
Мал шаруашылығын дамытып, өнім көлемін арттыру мақсатында бүгінде жалпы сомасы 2,3 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жыл соңында қосымша 210 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

41


Алдымен Тассай тұрғын алабындағы құс шаруашылығына маманданған «ККК» шаруа қожалығының қайнаған қызу тірлігіне куә болдық. Жеңілдетілен несиенің арқасында құс шаруашылығын одан әрі дамытуға ден қойған фермада жылына 20 тоннаға дейін ысталған өнімдер дайындалады. Қазіргі таңда фермадағы жалпы құс басының саны - 5000. Оның ішінде: жұмыртқалайтын мекиен тауық - 2000, қаз - 1000, үйрек - 100, балапан - 1000 бас екен.
29,0 гектар аумаққа жайғасқан фермадағы кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыс барысы кеңінен түсіндірілді. Мақсат пен ынта болса, жүйесін таппайтын іс жоқ. Қожалық басшысы Климент Киановичтің сөзінен осыны ұқтық. Әрі мемлекеттен берілетін субсидия да шаруаларға зор көмек. Кәсіпкер құс шаруашылығына кездейсоқ келгенін айтады.
– Бұл салада жұмыс істеймін деп ойламаппын. 10 жыл мемлекеттік мекемелерде еңбек еттік. Құрылысшы болдым. Ойлана келе, кәсіпте бағымды сынауға бел будым. Содан 2009 жылы осы аумақтан жер теліміне қолым жетті. Бірден құрылысты бастап кеттім. Жан-жағына бау-бақша егіп, әрі құрылыс жұмыстарын қатар қолға алдым. Дәл 10 айдан кейін бірінші өнімге қол жетті. Асыл тұқымды құстарды Қабардин-Балқария, Венгриядан іздедім. Санкт-Петербургтен жұмыртқасын әкелдім. Құс басын осылай көбейттік. Менің бар мақсатым – шымкенттіктерге табиғи құс етінен дәм таттыру, - дейді кәсіпкер.

42


Шымкентте құс шаруашылығымен айналысатын негізгі үш ірі ферма бар. Солардың бірі – «ККК» шаруа қожалығы. Қазіргі карантин жағдайына байланысты өндірістің көлемі сәл баяулаған. Алайда уақыт сәтімен кәсіптің көкжиегін кеңейте бермек.
Балапан басып шығару, тұқымды асылдандыру, ыстау және сақтау технологиялары, бәрі де автоматтандырылған. Мұнда орта есеппен алғанда 20 адам нәпақасын тауып жүр.

Экологиялық таза балға сұраныс жоғары

Абдулабад тұрғын алабындағы «Нормұхамедов» ЖК – елімізге бал ара шаруашылығымен танымал. 2007 жылдан бері ара шаруашылығын дамытып, асылдандыруға мемлекеттен қаржылай қолдау алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Алыс-жақын шетелдерге асыл тұқымды аналық аралардың өнімін сатып, жылына 100 тоннадан астам бал өндіретін қуатқа жетті. Бүгінде өнімдерін Ресей және Катар елдеріне экспорттауда. Қазір 5000- нан астам бал ара ұясы бар.
Руслан Нормухамедов бізге бұл кәсіптің қыр-сырын баяндап берді. Экологиялық таза өнім болғандықтан табиғи әселге сұраныс жоғары.
– Мемлекеттік қолдаудың арқасында өндірісті дамытып жатырмыз. Былтыр 50 тонна өнім өндірдік. Биыл оны 70-80 тоннаға дейін жеткізсек деген жоспар бар. Біздің өндірісіміз ауа райына да байланысты ғой. Қазір бізде негізінен балдың төрт түрі бар. Олар Оңтүстікте ғана өндіріледі. Негізгі тұтынушыларымыз - Ресей және Таяу Шығыс елдері, - дейді кәсіпкер.
Жұбайы да бұл кәсіпке көмектеседі. Өзі осы бағытта шетелге барып, білімін шыңдап келген.
Айта кетсек, аталған жеке кәсіпкерлікке 2018 жылы 5,8 млн теңге, 2019 жылы 15 млн теңге субсидия берілген. Биылға 25 млн теңге мемлекеттік жәрдем көрсетілмек.

Тәулігіне 3,5 тонна сүт

Келесі танысқан шаруа қожалық та отбасылық кәсіптің игілігін көріп келеді. Абдулабад тұрғын алабындағы «Зертас» шаруа қожалығы асыл тұқымды ірі қараның санын көбейтуде. Жеңілдетілген несие және мемлекеттік қолдау арқылы 2019 жылы Аустрия елінен 128 бас етті-сүтті асыл тұқымды (Симменталь) сиыр әкелген.

45


Жалпы аумағы 2,25 гектарды құрайтын шаруа қожалықта сиырларды тұрақты ұстау, асыл тұқымды бұзауларды өсіру аймағы, «Параллель» сауу қондырғысы, сүтті жинау аппараттары, бәрі заманауи инновациялық теxнологиялармен жабдықталған.
Шаруашылықта қазір 161 бас ірі қара бар. Кәсіпкер Ержан Нұрбеков жыл соңына дейін мал басын 300-ге жеткізіп, шаруашылықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Аустриядан әкелінген асыл тұқымды сиырларға барлық жағдай жасалған. Ержан Нұрбековты әңгімеге тарттық.
– Бұл бизнесті 2015 жылы осы аумақтан жер алып, алма бау егуден бастаған едім. Оны 2 жыл күтіп баптадым. 2018 жылы мал шаруашылығына өттім. Украина, Белоруссияға барып, біздің табиғатқа қолайлы ірі қараны іздедім. Әбден зерттедік. Сөйтіп таңдау симментальға түсті. Оны былтыр Аустриядан әкелдім. Көбейіп жатыр. Адаптациядан өтті, - дейді ол.
Тәулігіне 3,5 тонна сүт сауылады. Бір кіргенде 20 бастан сүт алынады екен. Бәрі автоматтандырылған. Бір сиыр орташа есеппен 18 литрден сүт береді. Жақсы қараса, өнім мөлшерін одан да арттыруға мүмкіндік бар.

44


Таза сүтке сұраныс жоғары. Өнімді өткізу үшін «Фудмастер» компаниясымен келісімшарт түзіліпті.
Сүт өндірісіне мемлекеттен қолдау алуда. 2019 жылы 30,2 млн теңге субсидия бөлінген. Жалпы бұл кәсіпкерлікке 350 млн теңге инвестиция бағытталып отыр.
Ал жем-шөптен еш қиындық жоқ. Қара бидай, жүгеріні өздері еккен. Енді кәсіпкерлер алған өнімдерін қайта өңдеуге бет бұрмақ.
Мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бөлімінің басшысы Жәнібек Тоғайдың айтуынша, жергілікті өнім өндірушілер қала халқын жұмыртқамен 80-90 пайыз қамти алады. Қалғаны басқа өңірлерден келеді.
Ара шаруашылығының қарқын алғанына биыл үшінші жыл. Егер қолдау жеткілікті болса, әрі қарай да дами бермек.
Ал сүт өндірісімен әзірге бар-жоғы екі қожалық айналысады. Ынталы кәсіпкерлер баршылық. Оларға ең бірінші – жер телімі мен мал қора қажет. Егер осы мәселе шешілсе, алдағы уақытта бұл саланың да әлеуеті артпақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.