Әлеуметтік қызмет – әлеуетке көмек

Пятница, 29 Январь 2021 06:55 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4070 раз

aleumettik-komek1

Қазақстанда 2021 жылдың басынан әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы көтеріледі. Ел бойынша 38 500-ден астам қызметкердің жалақысы жоғарыламақ. Бұл мақсатта алдағы үш жылда республикалық бюджеттен 95 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері.

Жауапты мамандардың мәліметінше, бұл жаңалық әлеуметтік қызметкерлерге, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған үйлер мен жартылай стационар, оңалту мекемелерінің, тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғаларға арналған бейімдеу орталықтарының басшы құрамына қатысты.

«Соның нәтижесінде әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 2021 жылы – 1,5 есеге, 2022 жылы қазіргі мөлшерінен 1,75 есеге, ал 2023 жылы 2 есеге өседі» делінген ведомства мәлімдемесінде.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік мамандар қызмет көрсететін тұлғалар негізінен жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі, түрлі психологиялық дерттерге шалдыққандықтан, аталған сала мамандарынан психо-эмоциялық тұрғыдан төзімділік, біліктілік пен үздіксіз қызмет ету талап етіледі. Әсіресе, індетпен күресумен өткен 2020 жылы дәрігерлермен қоса әлеуметтік қызметкерлерге де үлкен салмақ түсіп, қатаң жауапкершілік артылғаны белгілі. Тиісті сала басшылары осылайша әлеуметтік қызметкерліктің маңызын арттырып, саладағы кадр жетіспеушілігін азайтпақ.

Жалпы, әлеуметтік қызметкер деген кім? ҚР «Әлеуметтік қызметтер» туралы заңында бұл туралы былай деп көрсетілген: «Әлеуметтік қызметкер – кәсіби, ортадан кейінгі немесе жоғары білімі бар, өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік қызметтердің қажеттілігін бағалауды, айқындауды жүзеге асыру немесе қызметтер көрсету жөніндегі ақысы төленетін лауазыммен заңнамада белгіленген тәртіппен айналысатын жеке тұлға». Яғни, түрлі себептермен күрделі жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік қызмет көрсететін мамандар.

Шымкент қаласында бүгінгі таңда 186 әлеуметтік қызметкер бар. Олар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қарамағында жұмыс істейді.

botakoz-ospanova1

– 2021 жылы осы қызметкерлердің жалақысы 50 пайызға артады. Жақында министрліктен бұл жөнінде тиісті қаулы келді.
Еңбекақы көбеюі қаңтар айынан бастап есептеліп, ол ақпан айындағы жалақыларына қосылып беріледі, – деп түсіндірді Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік мекемелермен жұмысты үйлестіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ботагөз Оспанова.

186 қызметкер мегаполистегі түрлі әлеуметтік мекемелерде еңбек етеді. Оның ішінде арнайы қызмет көрсететін жабық мекемелер де бар. Мысалы, қалалық №1 және 2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен Балаларға арналған №6 әлеуметтік мекемеде басқа мамандармен бірге 17 әлеуметтік қызметкер жұмыс істеп жүр. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға бірнеше бағытта қызмет көрсетеді. Соның ішінде ең бастысының бірі – түрлі құжаттарын рәсімдеуге көмектесу.

Бұған қоса Өмірлік қиын жағдайдағы тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу орталығы, «Шапағат» оңалту орталығы, Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы секілді мекемелерде 100-ден астам әлеуметтік қызметкер еңбек етіп жүр. Ондағы мамандар негізінен мүмкіндігі шектеулі, жағдайы ауыр балаларға, арнайы комиссияның шешімімен, үйіне барып қызмет көрсетеді.

– Біздің басқармаға қарасты әлеуметтік қызметкер бірнеше адамға қызмет етеді. Мысалы, қазіргі таңда 1 әлеуметтік қызметкер орта есеппен 10 адамға көмектесіп жүр. Олар, негізінен, 8 бағытта жұмыс істейді. Мысалы, құқықтық, педагогикалық, психологиялық кеңес беру, құжаттарын жинауға көмектесу секілді бағыттар. Әлеуметтік қызмет алатын адамдардың арасында тек мүмкіндігі шектеулі жандар емес, үйсіз қалғандар, пробация қызметінде жүргендер және жазасын өтеп шыққан тұлғалар да бар. Осы азаматтардың барлығына қажетінше көмек көрсетіледі, – дейді басқарманың әлеуметтік мекемелермен жұмысты үйлестіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ботагөз Ібіжанқызы.

Әлеуметтік қызмет көрсетілетін орталықтардың бірі – Шымкент қаласы әкімдігінің «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығы» мекемесі. 2017 жылы ашылған орталықта бүгінде сал ауруына және жүйке жүйесінің ауруына шалдыққан 80-ге жуық бала ем қабылдайды. Дәрігерлер, мамандары мен әлеуметтік сала қызметкерлері осы орталықта аптасына 5 күн таңертеңнен кешке дейін балаларға түрлі емдеу шараларын жүргізеді. Мұнда білікті мамандар қызмет көрсетеді, балалардың оңалуы мен сабақ алуына қажет жағдай жасалған. Дәрігерлер, оңалтушылар мен монтессори әдісімен тәрбиелеушілер жұмыс істейді. Ғимараттың кіреберісіне арнайы пандус қойылған.

– Таңертең біздің орталықтың мейірбикелері балаларды ата-аналарынан қабылдап алады. Қазіргі карантин жағдайына байланысты сақтық шараларын ұстанып, балалардың дене қызуын өлшейді. Содан кейін әлеуметтік қызметкерлер мен басқа да мамандар балаларды сағат 09:00-де асханаға таңертеңгі асқа апарамыз. Астан кейін орталық басшылығы бекіткен күнделікті жоспар бойынша балалармен жұмыс істейміз, сабақ өтеміз. Мысалы, біздің топқа сабақты Монтессори маманы Эльвира Беспаева өтеді. Сағат 11:00 шамасында балалар тағы да жеңіл тамақтанып алады. Одан соң балалармен логопед мамандар жұмыс істейді, массаж және емдік-физикалық кешенді жаттығулар алады. Түскі астан кейін балалар бір сәт ұйықтап, демалып алады. Түс қайта тағы да оқу-жаттығу жұмыстары жалғасып, кешке қарай ата-аналары үйлеріне алып қайтады, - дейді халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталықтың тәрбиешісі Ульзина Исаева.

Осылайша Мемлекет басшысының тапсырмасымен қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінде елімізде осындай азаматтар мен ерекше күтімді қажет ететін балаларды, өмірлік қиын жағдайда жүрген жандарды қоғам өміріне етене араластыру үшін мемлекет тарапынан әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көмегі көрсетіледі. Бұлар қызмет алушылардың жеке қажеттіліктеріне байланысты кешенді түрде ұсынылады.

Үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін мына санаттағы тұлғалар ала алады:

* психоневрологиялық патологиясы бар балалар;
* тірек-қозғалыс аппаратының қызметі бұзылған балалар;
* 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар мүгедектер;
* І және ІІ топ мүгедектері;
* егде жастағы, өз бетінше қозғала алмайтын тұлғалар.

Құжаттарды рәсімдеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының жергілікті филиалына жүгіну қажет.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.

Другие материалы в этой категории: « Әскери міндетті өтеу парыз Beeline «250+» жобасы »