Тәулік бойы әрі демалыссыз жұмыс істейтін емхана Избранное

Среда, 31 Август 2022 08:19 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2342 раз

«Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деген сөз бар. Дерттің жеңілі жоқ десек те, басымыз ауырса, дәрі ішеміз, балтырымыз сыздаса, жүрмеуге тырысамыз. Ал тіс ауырса ше? Оқып отырып, бір тісіңіз «тыз» ете қалған жоқ па? Ұйқысыз өткен түндер есіңізге түсті ме? Ал осының бәрі, дәрігерлердің айтуынша, тіске жеткілікті күтім жасамаудан шығады. Шымкент қалалық тіс емханасының тыныс-тіршілігімен танысып, балалардың тісінің саулығына қатысты маңызды мәліметтер біліп қайттық.

24

 

ШҰҒЫЛ ҚЫЗМЕТТЕР – ТЕГІН

Шымкент қалалық тіс емханасы 2021 жылдың 2 қарашасынан бастап жауапкершілі шектеулі серіктес болып құрылып, жұмысын жалғастыруда. Ақылы қызметтермен қоса бұрынғы медициналық қызметтің барлығы көрсетіліп, науқастар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша қабылданады. 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдердің тісін емдеу мен жұлуға қатысты қызмет тегін көрсетіледі.
– МӘМС туралы заң бойынша балаларға, жүкті әйелдерге тегін қызмет көрсетеміз. Олар жоспарлы стоматологиялық қызмет көрсетілетін санатқа жатады. Яғни, ортодонтиялық қызметтен басқа тіс емдеу, жұлу сияқты барлық жоспарлы қызмет ақысыз көрсетіледі. Сонымен қоса, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-106/2020 бұйрығына сәйкес, шұғыл стоматологиялық қызмет көрсетілетін санаттар бар. Балалар мен жүкті әйелдерге қоса ҰОС ардагерлері, І, ІІ және ІІІ топ мүгедектері, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, инфекциялық, әлеуметтік мәні бар аурумен және айналасындағыларға қауіп төндіретін дертпен ауыратын науқастар, мүмкіндігі шектеулі балаға күтім жасаушы жұмыс істемейтін тұлғалар мен бала кезден І топ мүгедегіне күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдарға шұғыл қызмет тегін көрсетіледі. Яғни, диагнозына байланысты тістің ісіп, іріңдеп кетуі, ұлпаның қабыну секілді шұғыл жағдайда бір тісіне тегін қызмет көрсетіледі. Қалған қызметтер және сол санаттарға жатпайтын азаматтар үшін қызмет көрсету – ақылы. Мұны көп адам түсінбей жатады. Көп балалы аналар келеді, бірақ, алқалармен марапатталмаған. Сонымен қоса осы тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек алып, келесі тоқсанда, табысына байланысты АӘК алмайтын отбасылар да тегін қызмет ала алмайды. Бұл – біздің мекеменің ережесі емес, жоғарыда айтылғандай, денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бекітілген тәртіп. Осыған назар аударуларыңызды сұраймыз, – дейді «Шымкент қалалық стоматологиялық емхана» ЖШС бас дәрігері Гүлбахар Рузденова.

26


Бас дәрігердің айтуынша, емханада қызмет көрсету аясында азаматтардың тұратын мекенжайына байланысты шектеу жоқ. Шымкент қаласы ғана емес, Түркістан облысы, бүкіл Қазақстан өңірінде қандай да бір емханаға тіркелген азаматтар келіп, медициналық көмек ала алады. Әсіресе, Шымкентте каникулда қыдырып келіп, тісі ауырған балалар да жиі көмекке жүгінеді. Ал әр айдың соңында сол пациенттер тіркелген медициналық ұйымға көрсетілген қызмет туралы есеп жіберіліп, қаржы сол мекемеден аударылады. Яғни, мемлекеттен тікелей қаржы алмай, сол мекемелер арқылы субмердігерлік қызмет көрсетуде.

НАУҚАСТАР ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ

Емхана заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тіс емдегенде қолданылатын барлық материал мен дәрілер жеткілікті. Мұнда таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін, екі ауысымда қызмет көрсетіледі.

– Біздің медициналық мекеме Шымкент қаласы бойынша демалыссыз және мереке күндері жұмыс істейтін емханаға жатады. Кешкі 20:00-ден таңғы 08:00-ге дейін түнгі ауысымда 3 дәрігер, 2 медбике болады. Түнде де келетін адамдар жеткілікті, себебі, тіс ауруы түнде жиі қозатыны бар. Ондай кезде кейбір ата-аналар не істерін білмей, таңға дейін күтуге мәжбүр. Сондықтан, 24/7 тәртіпте жұмыс істейтініміз туралы барынша хабарлауға тырысамыз. Дүйсенбіден сенбіге дейін екі ауысымда істесек, жексенбі және мейрам күндері кезекші бригада болады. Ондағы жалпы дәрігер саны 7 адамнан асады. Соңғы жаңалығымыз – тұрғындарға қолайлы болуы үшін қаланың тағы екі жерінен бөліміміз ашылды. Біріншісі – Нұрсәт шағынауданы, Бәйдібек би көшесі, 91/1, ал екіншісі Асар шағынауданы, №22 үйде орналасқан. Ондағы жұмыс тәртібі – аптаның алты күн бойы таңғы сағат 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс, жексенбі – демалыс. Ол филиалдарда да орталық емханадағы қызметтің барлығы көрсетіледі. Соңғы жылдары қаламыз мегаполис атанып, тұрғындар саны артты, көрші облыстардан да адамдар келуде. Дегенмен, қызметкерлер саны жеткілікті, екі ауысымда, таңғы 8-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істегендіктен, барлығын қабылдауға үлгеріп жатырмыз, – дейді Гүлбахар Сапарқызы.
Мамандар орталық филиалдағы арнайы оңалту кабинеті туралы бөлек айтып берді. №216 кабинетте ауыз қуысының туа бітті кемістігімен туған балаларға медициналық көмек көрсетіледі. Перзентханада дүниеге келген сәбиді алғашқы тексеруден өткізген дәрігерлер, қажет болса, нәрестені осы емхана жолдайды. Мұндағы ортодонт маман сәби анасын дұрыс емуі үшін жасанды таңдай (обтуратор) салып береді.
Бұған қоса, барлық медициналық ұйымдардағы секілді, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектер кезектен тыс қабылданады.

«УКОЛ САЛАДЫ» ДЕП ҚОРҚЫТУ ДҰРЫС ЕМЕС

Пациенттер емханада кірген кезде тіркеуден өткен соң алғашқы қарау бөлмесіне жібереді. Оның маңызы – ата-аналар дәрігер болмаған соң баласының тісін емдеу немесе жұлу керек екенін біле бермейді, сондықтан, мұндағы маман баланың шағымын тыңдайды, ауыз қуысын тексеріп, жұлу немесе емдеу туралы анықтайды, тіс дәрігеріне жолдама береді.
– Мұндай кабинет болмаса, ата-аналар уақыт жоғалтуы мүмкін. Баласының тісі ауырып келген олар, көбіне, ашушаң болады, уақыт жоғалтпауы үшін. Сондықтан, ол кабинеттің қызметі ерекше. Бұған қоса баланы дәрігердің қарауына дайындау да аса маңызды екеніне тоқтала кеткім келеді. Кейбір ата-ана «Дәрігер баланы емдеуге міндетті» деп жатады. Әрине, ол міндеттен ешкім қашпайды. Дегенмен, өзіңіз ойлаңызшы, тіс дәрігерінен, аппараттың даусынан бала түгілі ересектер де қорқады емес пе? Міне, өзінің тісі ауырып, жаны қиналып тұрған бала ақ халат киіп, қолғап, масқа таққан дәрігерден қорқып, одан бетер жылауы мүмкін. Біз бала дейміз, ал негізі балалар кейде ересектен де сезімтал болып келеді. Өкінішке қарай, баланы «Қазір қоймасаң, дәрігер шақырамын, саған ине салады» деп қорқытатынымыз жасырын емес. Ал бұл мүлде дұрыс емес. Сондықтан, біздің мамандар балаларға өзін таныстырып, атын сұрап, қай балабақшаға немесе мектепке баратын сұрап, барынша тыныштандыруға тырысады. Сондықтан, ата-аналар баланы тек тіс дәрігеріне ғана емес, кез келген дәрігерге апаруға психологиялық тұрғыда дайындап келсе, үйінде түсіндірсе, бәрімізге жеңіл болар еді, – дейді бас дәрігер.

БРЕКЕТТІ ҚАЙ ЖАСТАН БАСТАП САЛҒАН ДҰРЫС?

Денсаулық сақтау министрлігінің жоғарыда аталған бұйрығына сәйкес, тиісті санаттағы адамдарға тісті емдеу мен жұлу тегін, ал ортодонтиялық қызмет – ақылы, деп түсіндірді мамандар. Көпшілік «брекет» деп атап кеткен қызметті, тісті қаншалықты түзулеуді ортодонт-дәрігер қарап, қажет болса, ауыз қуысын рентгенге қарап, шешеді.

25


– Баланың жасына қараймыз. Егер жас болса, тіске пластинка салуға болады, ал жасы ұлғайып, ал тісі түзуленбей бара жатса, онда брекет жүйесі пайдаланылады. Негізі, брекетті 15 жастан бастап салған дұрыс. Себебі, 13 жаста тұрақты тістер толық шығып болса, 15 жаста түбірі толық жетіледі. Ал бұл – брекет үшін маңызды, – дейді қалалық стоматологиялық емхананың бөлім меңгерушісі Гүлжанат Сейдалиева.

СӘБИДІҢ ТІСІ ҚҰРСАҚТА ПАЙДА БОЛАДЫ

Дәрігерлердің айтуынша, баланың сүт тістері жүктілік кезінде, ананың құрсағында жатқанда пайда бола бастайды. Сондықтан, алғашқы сүт тістері шыққан, емізулі кезден күтім жасаған абзал.
– Балаға шығатын сүт тістердің саны – 20, ал тұрақты тістер – 28. Негізі 32 тіс дейміз, бірақ, 4 ақыл тіс кейбір адамға шығуы да, шықпауы да мүмкін. Ол тұқым қуалаушылыққа байланысты. Сонымен, нәрестеге 6 айдан бастап астыңғы күрек тістер, 7 айдан бастап үстіңгі күрек тістер шыға бастайды. Толығымен 2 жаста 20 тіс шығып бітуі керек. Осы орайда көп ата-ана түсінбей, сүт тістер түсіп қалады деп, күтім жасамайды. Ол дұрыс емес. Негізінде, 6 айда тістері шыққан соң, тіс щеткасымен емес, дәкені саусаққа орап, жылы сумен жатарда шаю керек. Ал бала 2 жасқа толғанда тіс щеткасымен тазалау керек. Бірден тіс пастасын қолданбай, жылы сумен тазалауды бастауға кеңес береміз. Себебі, тіс пастасының құрамы әртүрлі, бала жұтып қоюы мүмкін. Осылайша 20 тіс толық шығып біткенше күтіп отырмай, тістер шыға бастағанда күтім жасау керек. Сонда тісі ұзақ сақталады. Себебі, ана сүтінің өзінен тісте жұмсақ қақ тұруы мүмкін. Жалпы, тісті таңғы және кешкі астан кейін, күніне 2 рет, кемінде үш минуттан тазалау керек. Әр тісті түрлі әдіспен, алдыңғы тісті сыпыру әдісімен, жақ тістерін сағат тілі бағытымен тазалаған дұрыс. Щеткамен ары-бері тазалап қою жеткіліксіз. Тісжегі тамақтан кейін қалған қақтан пайда болады. Кейбір кісілер тісін сирек тазаласа да жақсы сақталған деуі мүмкін. Дұрыс, ондай жағдайлар бар. Жоғарыда атап өткеніміздей, көп нәрсе адамның геніне байланысты. Ата-анасының тісі мықты болса, баланың да тісі жақсы сақталу мүмкіндігі жоғары, – дейді қалалық стоматологиялық емхананың бөлім меңгерушісі Сәуле Оспанова.

440


Дәрігерлердің айтуынша, баланың 6 жасынан бастап тістері ауыса бастайды. Алдымен ерте шыққан алдыңғы тістер, 7 жасында 7 айда шыққан тістер ауысады. Осылайша толық 13 жаста ауыз қуысындағы тұрақты тістер шығып бітеді. Ал 18 жастан бастап ақылы тістер шығуы мүмкін.
– Ата-аналардың назарын аударатын бір жайт – шамамен 6 жаста баланың ауыз қуысындағы «алтыншы тіс» деп аталатын азу тіс шығып, одан кейін ауыспайды. Алтыға толғанда астында екі тіс, үстінде екі тіс шығады. Оған көп ата-ана мән бермей, кейін тұрақты тіс шығуы мүмкін деп жүреді. Олай емес, сол 4 тіс сол күйі қалып қояды. Олар – 20 сүт тіске қосымша шығатын тістер. Ерте шыққан соң, ерте бұзылуы мүмкін. Сондықтан, оларға да күтім жасау керек. Көп ата-ана «тұрақты тіс екенін білмей қалдық» деп жатады. Жағымыздың дұрыс қалыптасуы, тістің тістесуінің дұрыс болуы сол тістерге байланысты. Жалпы, тіске мұқият күтім жасау керек. Әсіресе, тұрақты тістер өмірімізде бір-ақ рет шығады, – деп қорытындылады қалалық стоматологиялық емхананың бас дәрігері Гүлбахар Сапарқызы.
Мамандар адамның тісі ауырса да, мазаламаса да жылына 2 рет дәрігерге қаралуы керек деп кеңес береді. Сонда асқынудың алдын алуға мүмкіндік бар. Себебі, тісті құртатын тісжегі айлар бойы байқаусыз жиналатын жұмсақ қақтан пайда болады. Ал тұтынған тағамның дұрыс қорытылып, бойға даруы алдымен тіске байланысты екенін есте ұстайық.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.