Пятница, 01 Июль 2016 05:12

«Бозарықтағы» берекелi iстер

Елдiмекеннің ертеңі бүгіннен
жарқын болатынын аңғартады

«Боз» деген сөздің мағынасы – сұр топырақ дегені. Осы бозша, сұрғылт жерлерді игеру үшін Сайрам ауданының халқы келіп қоныстанған. Бау-бақша егіп, мал бағуды әдетке айналдырған тұрғындар су тапшылығын сезіне бастайды. Сол кезде еңбекқор халық Сайрамсу және Қызылсу өзендерінен арық қазып әкеледі. Сол арқылы егіншілер боз, сұр топырақ жерлерді суарып, егіншілікпен айналысты. Олар күн-түн демей жұмыс істеді. Алғашында онда 11 отбасы қоныстанып, күн суытқан кезде өздерінің тұрақты үйлеріне қайтатын. Халықтың мақсаты – осы жерлерді ұзағынан пайдалану. Екі өзеннен тартылған су Шығыстан Батысқа қарап ағатын еді. Сөйтіп, егіншілер өзінің игерген жерін Бозарық деп атады...»

20160628 110504

Бұл деректер 2004 жылы жарық көрген «Оңтүстік Қазақстан» атты ауыл анықтамалығында келтірілген. Шымкент қаласының құрамына қосылған Бозарық елдімекенінің тарихы 1929 жылдан бастау алады. Бозарықтағы санаулы отбасыдан құралған ауыл халқы бүгінде көбейген. Қазір онда 1200 тұрғын үй бар. Ал халық саны төрт мыңға жуықтайды. Оған қоса, үш жылдан бері Сайрам ауданы құрамынан қалаға өтіп, шағынаудан мәртебесіне ие болды. Осы уақыт аралығында онда ауыз толтырып айтарлық оңды істер жүзеге асып жатыр.
Қалаға қосылғанға дейін көгілдір отын, ауыз су тапшылығы және жол мәселесі көкейкесті болатын. Бүгінде осы коммуналдық мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді. Мәселен, шағынауданда 30 көше бар болса, өткен жылы соның бесеуіне асфальт төселіп, ирригациялық жүйелер салынды. Биыл тағы бес көше асфальтталады. Олар – Ұлағат, ұста Мұхаммед және атауы жоқ төрт көше. Жол жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Жұмысшылар көшені ретке келтірумен қатар, арық-атыздарды да салуға кіріскен. Қазір құрылыс басында 10 адам жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында ордабасылық Қажымұқан Сардаров та бар. Сәуір айынан басталған жұмыстар аяқталуға жақын.
– Қазір цемент пен қиыршық тасты араластырып, арық-атыз салу жұмыстарын жүргізудеміз. Көшеге асфальт төсеу жұмысы да қарқынды. Қараша айында биыл жөнделуі тиіс көшелердің жұмысы аяқталады,– дейді Қ. Сардаров.

20160628 112845

«Бозарық» шағынауданында уақыт өткен сайын халық саны артып, жер аумағы кеңейіп келеді. Онда жаңадан салынған үйлер көптеп бой көтеруде. Мәселен, мұнда өткен жылы 200-ге жуық үй болса, биыл екі есеге артып отыр. Сондай-ақ, жаңа мектеп пен балабақша жергілікті тұрғындардың игілігіне қызмет етуде. Оқу ордасы үш қабатты және 1200 оқушыны қамтиды. Биыл жыл басында пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде салынған мектепте балалардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Осыған дейін жас өрендер 900 орындық ескі мектепте білім алып келген. Оқу ордасының жанынан екіқабатты балабақша орын тепкен. №126 «Шұғыла» атты балабақша 320 орынға шақталған. Оның іші шат-шадыман бүлдіршіндерге толы. Мектепке дейінгі ғимараттың іші кең, ал ауласында балақайлардың зерікпесі үшін ойын алаңшалары салынған. Жаздың аптап ыстығында бассейнге шомылу үшін де жағдай жасалған. Балабақшада жалпы 65 адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі шағынаудан тұрғындары. Көп жылдардан бері бала тәрбиесіне сүбелі үлес қосып келе жатқан тәрбиеші Алтынай

Лебаеваның айтуынша, осыған дейін жергілікті халық перзенттерін 150 балаға арналған ескі балабақшаға апарады екен. 

– Ескі ғимаратта орын тапшылығы сезілетін. Ал қазір бірден 320 балақайды қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Таңғы сегізден кешкі алтыға дейін бүлдіршіндер үш тілді меңгереді, ойлау қабілетін дамытатын ойындарды үйренеді. Жалпы, баланың толыққанды жетілуі үшін тәрбие саласындағы озық әдістер қолданылады, – дейді тәрбиеші.

20160628 104608

Келесі жылы мектеп пен балабақшаға апаратын жолға асфальт төселеді. Ал әзірге оның жобалық-сметалық құжаты жасалуда. Ішкі орам жолы жөнделген кезде, қаладан шағынауданға қатынайтын №71 автобустың бағыты мектепке дейін ұзарады. Бұдан бөлек, шағынауданда газ құбыры жүргізіліп, қазір тұрғын үйлерге көгілдір отынды қосу жұмыстары қолға алынған. Тіршілік нәрі саналатын ауыз су да тартылған. «Бозарық» шағынауданының төбе биі Намазбек Жексенбайдың айтуынша, шағынаудан тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Өйткені, қала құрамына қосылғалы бері, жылдар бойы өзекті болып келген мәселелердің күрмеуі шешіле бастады.
– Балаларымыз оқу жылын жаңа мектепте аяқтады. Жаңа балабақшамыз да бар. Қазір ескі мектептің ғимаратында балалар музыка үйірмелеріне қатысады. Бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін үйірмелер де ашылды. Коммуналдық мәселелер шешімін тауып келеді. Алғысымыз шексіз, – дейді Н.Жексенбай.

20160628 110641

Қаратау ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің жауапты маманы Дархан Қосжановтың айтуынша, «Бозарық» шағынауданындағы мәселелер біртіндеп шешімін табады.
– Қазір әкімдік тарапынан шағынауданның коммуналдық мәселесінің толықтай шешілуі үшін жоспарлар жасалуда. Мысалы, 2017-2018 жылдары 825 үйге ауыз су кіргізу үшін жоба жасалады. Бұл – 4 мыңға жуық тұрғынды қамтиды деген сөз. 1200 үйге электр жарығы тартылды. Ішкі орам жолдары жөнделуде. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне шағынаудан көшелерін жарықтандыру үшін ұсыныс берілді, – дейді Д.Қосжанов.
«Бозарықта» кәсіпкерлердің қолдауымен мешіт салынуда. Онда күні-түні тәртіпті бақылайтын полиция бекеті бар. Сондай-ақ, тұрғындардың «басы ауырып, балтыры сыздағанда» көмек беретін №10 емхананың бөлімшесі жұмыс істейді. Емханада 2 дәрігер мен 6 медбике тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Аға дәрігер Әлішер Құдайбергенов күніне 30-35 науқасты қабылдайтынын айтады. Осыған дейін тар ғимаратта жұмыс істесе, бүгінде медициналық мекеме кеңейтіліп, жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Жалпы, «Бозарық» шағынауданының болашағы зор. Өйткені, қала басшылығы онда жаңа теміржол мен заманауи әуежай салуды жоспарлап отыр.

Опубликовано в Қала

«Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалында баспасөз орталығы ашылды. Осыған орай, партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болатбек Қыстауов брифинг өткізіп, баспасөз орталығының мақсаты мен міндеттері және филиал жұмысы туралы баяндады. Сонымен қатар, байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері мерекесіне орай, партия жұмысын насихаттауға үлес қосып жүрген бірқатар журналистер марапаттады.

46546

Баспасөз орталығының басты мақсаты – жұртшылыққа партия жұмысының жариялылығын қамтамасыз ету. Онда жыл соңына дейін БАҚ үшін өткізілетін брифингтер мен баспасөз мәслихаттарының жоспары бекітілген. Партия жұмысына тоқталған Болатбек Қыстауов облысымызда «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты бекіткен 9 партиялық жобаның жүзеге асырылып жатқанын және соның аясында биыл 94 нақты іс-шаралардың жүзеге асырылғанын мәлімдеді.
Жиында партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Қыстауов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін төл мерекелерімен құттықтады. Олардың жұмысына сәттілік пен табыс тілеп, «Алғыс хат» пен гүл шоқтарын тарту етті. Құрметке ие болғандардың арасында «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің тілшілері Эльмира Мықтыбаева мен Бейбіт Бейсенбаев та бар.

Опубликовано в Саясат
Среда, 29 Июнь 2016 04:13

Велосипед жолы – 12 шақырым

Кез келген мегаорталықтың транспорттық жүйесінің ең басты мақсаты – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осыған орай, қала әкімі Ғабидолла Әбдіраxымов Әл-Фараби алаңы мен жаңа әкімшілік іскерлік орталығында 12 шақырымдық велосипедпен жүруге арналған арнайы веложол жасауды тапсырды.

velozhol

Құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі аясында Б.Момышұлы, Желтоқсан көшелері мен Д.Қонаев гүлзары және Т.Назарбеков, С.Бәйтереков, Астана даңғылындағы велосипед қолданушыларға кез болған кедергілерді жою жұмыстары жүргізілуде.

Жобаның екінші кезеңі аясында веложол Ордабасы алаңы және Қазыбек би көшесі, сонымен қатар, Желтоқсан көшесі мен Д.Қонаев гүлзары аралығында жалғасын табатын болады. Жылдың соңына дейін аталған бағыттар бойынша арнайы веложол белгілері, велосипедке арналған орындар салу жоспарланған. Бұл қатарда Сайрам, Ш. Уәлиxанов, Т.Рысқұлов, Тұрысов көшелеріндегі аяқжолдарда велосипед жолы салынады.

Опубликовано в Қала
Пятница, 17 Июнь 2016 04:18

Қала жолдары жөнделуде

Шымкентте көшелерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жұмыс осы жылдың ақпан айында басталған. Атап айтсақ, республикалық маңызы бар деп танылған «Қазығұрт» шағынауданынан басталып, «Бекжан» базарының маңынан жалғасып, Қарабұлаққа дейінгі жолды қайта қалпына келтіру жұмыстарын «Лидер-НК» ЖШС іске асырып жатыр.

zhol-1

Жауапты мамандардың айтуынша, ағымдағы жөндеу жұмыстарына қалалық бюджеттен 250 млн теңге қаралған. Абай және Әл-Фараби аудандарына сондай-ақ, Еңбекші мен Қаратау аудандарына 125 млн теңгеден бөлінген. Ол қаржы қала аумағындағы жолдардың ойық жерлерін жамауға жұмсалады. 

zhol-2

– Жоспардағы көшелер саны аз емес. Қолайсыз ауа райы болмаса біз жоспарланған жұмысты демалыссыз істейміз. Маусым айының 14-ші жұлдызында кезекті нысанымызды аяқтадық. Ол «Мейірімді» және «Алаш» базарының маңайындағы көшелер. Жалпы осы уақытқа дейін қаланың орталық көшелерін жөндеуден өткіздік. Атқарылған жұмыстар барысында бюджеттен бөлінген қаржының 150 миллион теңгесі толық игерілді, – дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Асылбек Баймырзаев.

Айта кетерлігі, құрылыс материалдарының барлығы отандық өнімдер. Асфальт құрамына керекті қиыршық тас, битум және басқада тиісті ұнтақтардың бәрі жеткілікті.

Опубликовано в Қала

Шымкентте жаңа қалашықтың алғашқы iргетасы қалануда

Шымкент – «Ақылды қала» жобасы аясында таяу жылдары әлемдік өркениеттің алғышарты болып табылатын жаңа технологияларды тәжірибеге енгізген елдегі үлгілі қалалардың қатарынан аталатын болады. Бұл бағытта батыл да бастамашыл істерді жүзеге асырудың алғашқы баспалдағы «Shymkent City» қалашығы болмақ.

Яғни, Шымкент қаласындағы жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені осылай аталады. «Тұран» шағынауданында құрылысы жаңа басталған «Shymkent City» қалашығы қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің маңында орналасқан. Кешен заманауи инфрақұрылыммен қамтылған, өмір сүруге және кәсіпкерлік саласын жандандыруға қолайлы орта ретінде жоғары стандарттарға толық сәйкес келеді.

Құрылыс басына арнайы келген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тиісті сала мамандарымен жиын ұйымдастырып, қалашықтың келешектегі бағыт-бағдары мен бүгінгі ахуалын талқылады. Өз кезегінде, Ғабидолла Рахматоллаұлы «қаланың жүрегіне» айналуы тиіс өзіндік мәні зор қалашықтың құрылысына мемлекет тарапынан үлкен қолдаудың көрсетіліп жатқанын жеткізді.
– Бүгінгі күн баршамыз үшін де болашақтың іргесін қалайтын тарихи сәт. Біз Орталық Азияның ең ірі шаһарларының біріне айналатын Шымкент қаласының дамуындағы жаңа кезеңді ашып отырмыз, – деп атап өтті қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жоба құрылысы бойынша өткен жиында.

shymcity-1

Қала әкімінің айтуынша, «Shymkent City» жай ғана жаңа кешен емес, ол ең алдымен қала тұрғындарының өмір сүруі үшін барша жағдай жасалған, жаңа стандарттардың үлгілі көрсеткіші болып табылады. Сонымен қатар, қауіпсіздік пен қолайлылықтың жоғары үйлесімін тапқан айтулы кешен болмақ.

Заманауи үлгiде жабдықталады

«Ақылды қала» тұжырымдамасының шарттарына сәйкес, жаңа қалашықтың бой көтеруі – Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан әлеуетін толық танытатын ауқымды шара болмақ. Атап айтқанда, ең алдымен мұнда қаланы электр жүйесімен жабдықтау, экологиялық жағдайды жақсарту мен «жасыл» экономиканы дамыту мәселесі де оңтайлы шешімін таппақ. Ондағы тұрғын үйлердің шатырына күн көзінен қуат алатын панельдер орнатылып, күнделікті тұрмыста электр жарығын үнемдеуші шамдар пайдаланылады.
Озық үлгідегі технологиялармен жабдықталған қалашықтағы спорттық кешендер мен мешіт, театр, сауда орталығы, жалпы орта мектеп, балабақша, аурухана мен емхана кешендерінің құрылысы қаланың сәулеттік кескін-келбеті мен экологиялық ахуалына ерекше реңк беретін болады. Сондай-ақ, мұнда 25 қабатты бизнес орталығы мен көпқабатты тұрғын үй кешендері қала тұрғындары мен қонақтарын әсерлі күйге бөлейтін заманауи бағыттағы нысандарға айналмақ.

shymcity

Бүгінгі таңда жол және басқа да коммуникациялық жүйелерді орнату бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл қатарда көріктендіру саласына да мейлінше көңіл бөлінбек. Кезең-кезеңімен жүзеге асатын құрылыс шеңберінде жасыл желекке бөленген әсем саябақтар мен гүлзарларды алғашқы ретте пайдалануға беру жоспарлануда. 

Жоба толық жүзеге асқан сәтте, Шымкент – ел аумағындағы үшінші мегаполис қала ретінде жаңа белесте дамуға қадам басатын болады.

Өркениетке жасалған батыл бағдар

Кешен аумағында жаңа нысандардың құрылысы жеке инвесторлардың есебінен жүзеге аспақ. Қазіргі таңда шетел инвесторларымен келіссөздер жүргізілуде. Айта кетейік, аталмыш жобаға ең алдымен түрік инвесторлары үлкен қызығушылық танытуда. Жобаны жүзеге асыру барысында жұмысқа жергілікті азаматтар тартылады. Демек, бұл жоба тек кәсіпкерлік, туризм саласын дамытуға ғана емес, қаладағы жұмыссыздық мәселесін шешуге де өз септігін тигізбек.

Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Кенжеқұлов қалашықтың орны ретінде 407 га жер аумағы белгіленгенін атап өтті. Заманауи үлгіде бой көтеретін кешенде 70 мыңға таяу тұрғын жайлы ғұмыр кешетін болады. Сала маманы берген мәлімет бойынша, бұл үшін инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына 1,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын бастау үшін қала қазынасынан 388 миллион теңге қарастырылыпты. Айта кетейік, жалпы инвестициялар көлемі 274,6 миллиард теңгені құраса, оның ішінде, жеке инвестиция мөлшері 172,3 миллиард теңгені құрайды.

Опубликовано в Қала

Қаладағы Елшібек батыр көшесіндегі  №114 үйде жөндеу жұмыстарының екінші кезеңі басталды. Өткен жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдаламасы» аясында көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен жертөлесі ретке келтірілген еді. Ал биыл тұрғындардың өтініші бойынша, ғимараттың кіреберісі қайта сыланып, есік, терезелері ауыстырылуда.

20160607 093414

«Медиа Құрылыс» ЖШС-нің жұмысшылары тұрғын үйдің кіреберісінен бастап, бесінші қабатына дейін жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Тағабек Байғонов пен өзге де жұмысшылар күні бойы үйдің кем-кетігін қалпына келтірумен айналысып жатыр. Оның айтуынша, кіреберістің қабырғалары сыланып, терезелері жаңартылады. Сонымен қатар, әр кіреберіске домофон қойылады.

20160607 093106  20160607 093504 

Үй комитетінің төрағасы Сүйінбай Күзенбаев ғимараттың пайдалануға берілгеніне 50 жыл болғанын және осы уақыт аралығында бірде-бір жөндеу көрмегенін айтты. Осыған дейін кіреберіс есіктер мүлдем болмаған, оған қоса кәріз құбыры жиі бітеліп, жертөледен шыққан иіс қолқаны қабатын. Жатақханада тұратын 102 отбасы бір ай көлемінде жөндеу жұмыстары аяқталса, таза үйде тұратынына қуанышты. Сондай-ақ, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдаламасы» аясында 15 жыл бойы тұрғындар шаршы метріне байланысты жөндеуге кеткен қаржыны қайтаруға келісім беріп отыр.

Шымкент қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Марат Жұмановтың айтуынша, №114 үйдің жөндеу жұмыстарына 12 миллион теңге бөлінген. Өткен жылы бағдарлама аясында 35 көпқабатты үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, 252,1 миллион теңге қаралған.

Опубликовано в Қала
Пятница, 27 Май 2016 04:59

Ойын алаңшалары жаңартылуда

Әл-Фараби ауданы аумағындағы 665 көпқабатты тұрғын үйде 400 аула орналасқан болса, бүгінде оның 34 ауласы спорт алаңшасымен жабдықталған.

Сондай-ақ, 211 аула жөндеуді қажет етеді. Бұл бағытта биыл 83 көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыруға және балалар ойын алаңшаларын орнатуға құны 665,4 миллион теңге болатын сметалық құжаттама әзірленген.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында балалардың ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары орнатылған 70 ауланы жарықтандыру үшін құжаттар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне ұсынылып отыр. Қазіргі таңда жоба бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Опубликовано в Қала
Пятница, 27 Май 2016 04:02

Елдi мекен жолдары жөнделедi

Қала əкімі Ғ. Әбдірахымов шаһар маңындағы елді мекендердегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Іссапар кезінде «К.Маркс», «Забадам», «Бадам», «Қарабастау», «Сайрам» шағынаудандары мен №113, №30 мектеп жанындағы жолдардың жөндеуден өту барысын бақылады.

Қала əкімі Ғ. Әбдірахымов шаһар маңындағы елді мекендердегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Іссапар кезінде «К.Маркс», «Забадам», «Бадам», «Қарабастау», «Сайрам» шағынаудандары мен №113, №30 мектеп жанындағы жолдардың жөндеуден өту барысын бақылады.

22-004

Сапалы жолдар - шаһар билігінің басты басымдықтарының бірі. Ағымдағы жылы облыс орталығындағы жолдарды жөндеуге 13 млрд теңге қарастырылған. Атап айтқанда, 9 магистральді жолдардың жөндеуі мен құрылысына 7,7 млрд теңге, 83 орамаралық жолдардың нақты жөндеуіне 2,7 млрд теңге, 99 көшенің орта жөндеуге 1,7 млрд теңге қарастырылса, 548,7 млн теңгеге 39 көшенің жүргінші жолдары салынады.
Қазіргі таңда, шаһарда 44 көшеде орташа жөндеу және 6 көшеде аяқ жол салу жұмыстары аяқталды. Қала көшелерінің жөндеу жұмыстарына қалалық бюджеттен 250 млн теңге, облыс орталығының шағынаудандарындағы жолдарды ретке келтіруге 250 млн теңге қаражат бөлінген. Жоғарыда аталған елді мекен тұрғындары қала əкіміне халықтың жағдайын түсініп, туындаған мәселелерді шешуге атсалысқаны үшін алғысын білдіруде.
Шаһар басшысы өз кезегінде жауапты мамандарға пайдалануға берілетін жолдардың сапасына ерекше назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар, қала маңындағы шағынаудандардың жүргіншілер жолындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді нақтылады.

Опубликовано в Қала
Пятница, 20 Май 2016 04:19

Жаңа жеделсатылар орнатылды

Шымкентте 116 көпқабатты тұрғын үйдегі жеделсатының 70-ке жуығы тозығы жеткен. Жылдың басында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһарды аралап, тұрғындардың мұң-мұқтажын, тілегін тыңдаған болатын. Сонда басым бөлігі осы жеделсатының жұмыс істемейтінін тілге тиек еткен еді. Енді, міне, Әл-Фараби ауданына қарасты бес көпқабатты үйдің пайдалануға жарамсыз жеделсатысы ауыстырылып, тұрғындардың игілігіне берілді.

 MG 9587

– Бұл көпқабатты үйде 15-20 жылдан бері жеделсаты істемейді. Амал жоқ, тұрғындар 12 қабатқа дейін жаяу көтеріліп-түсетін. Жасы үлкен қариялар бар, бүгін бәрінің қуанышында шек жоқ дейді, – Қабанбай батыр көшес, №10 үйдің төрағасы Владимир Колтаков.
Бүгінде ескі 68 жеделсатының 21-і «ҚР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңартудың 2011-2020 жылдарға арналған бағларламасы» аясында ауыстырылып отыр. Алдағы уақытта 42 көпқабатты тұрғын үйдің жеделсатысын ауыстыру қажет.
– Талапқа сәйкес, пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан жеделсатыларды ауыстыру жұмыстары жүргізілуге. Бұл Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында түзілген меморандумға сәйкес демеушілердің есебінен жасалып отыр. Бұл игілікті іс әлі де жалғасады, – дейді Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов.

Опубликовано в Қала

Жоғары қарқынмен дамып жатқан әлемдік технология дәуірінде жаңашылдығымен, ізденгіштігімен танылған жастар Шымкентте де көп. Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-дың студенттері Владислав Макушев пен Владимир Лукачев сондай білімді жастардың бірі. Олар бүгінде әлемнің технология саласындағы беталысын тұтастай өзгертуге бағыт алған 3D принтерінің қыр-сырын ұғуға талаптанып жүр.

IMG 6873

«Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының III курсында білім алатын жастар былтыр «Шымкент Инновация» ЖШС ұйымдастырған байқауға қатысып, 3D протиптеу бойынша грант жеңіп алған. Грант қаржысына Голландияда жасалған 3D принтерін арнайы алдыртады. Әрқайсысының құны 3500 АҚШ доллары тұрады.
– Бізден «Бұл аппараттың кәдімгі қағаз басып шығаратын принтерден не айырмашылығы бар?» деп сұрайтындар көп. Айырмашылығы сол, біз қағаз емес, кәдімгі қолға ұстап, қажетке жаратуға, кем-кетіктің орнын толтырып, өндіріске, тұрмысқа пайдалануға болатын заттар шығарамыз, – дейді Владислав.
Бүгінде 3D принтері арқылы алпауыт елдер үй салуға қажетті заттар басып шығаруға кіріскен. Медицина саласында түрлі құрал-жабдықтар мен протездер де осы бір аппараттың көмегімен жасалуда. Ал біздің Шымкентте бүгінде бар-жоғы бес 3D принтер бар көрінеді.
– Бізге станоктардың деталін жасатуға қатысты бірнеше тапсырыс түсті. Зауыттағы станоктар шетелден келеді. Біраз уақыт жұмыс істегеннен кейін бір бөлшегі сынып, істен шығуы мүмкін. Оны шетелге қайта тапсырыс беріп, алдырмасқа амал қалмайды. Бағасы да қымбатқа түседі. Сол кезде 3D принтері көмекке келеді. Біз бөлшекті айна-қатесіз жасап бере аламыз. Сондай-ақ, зергерлер де жиі тапсырыс береді, – дейді Владимир
Владимир мен Владислав сабақтан тыс кезде сайт жасаумен, электроника заттарының бұзылған жерін жөндеумен айналысады. Сондай-ақ, университет ішінен ашылған бизнес-инкубаторда да жұмыс істейді.
Технологияның соңғы жетістіктерін меңгеріп, Шымкентте 3D принтерлерде зат басып шығару өндірісін дамытуға үлес қосып жүрген жалынды жастарға сәттілік тілейміз.

Опубликовано в Әлеумет
Страница 2 из 3