«Бозарықтағы» берекелi iстер Избранное

Пятница, 01 Июль 2016 05:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5347 раз

Елдiмекеннің ертеңі бүгіннен
жарқын болатынын аңғартады

«Боз» деген сөздің мағынасы – сұр топырақ дегені. Осы бозша, сұрғылт жерлерді игеру үшін Сайрам ауданының халқы келіп қоныстанған. Бау-бақша егіп, мал бағуды әдетке айналдырған тұрғындар су тапшылығын сезіне бастайды. Сол кезде еңбекқор халық Сайрамсу және Қызылсу өзендерінен арық қазып әкеледі. Сол арқылы егіншілер боз, сұр топырақ жерлерді суарып, егіншілікпен айналысты. Олар күн-түн демей жұмыс істеді. Алғашында онда 11 отбасы қоныстанып, күн суытқан кезде өздерінің тұрақты үйлеріне қайтатын. Халықтың мақсаты – осы жерлерді ұзағынан пайдалану. Екі өзеннен тартылған су Шығыстан Батысқа қарап ағатын еді. Сөйтіп, егіншілер өзінің игерген жерін Бозарық деп атады...»

20160628 110504

Бұл деректер 2004 жылы жарық көрген «Оңтүстік Қазақстан» атты ауыл анықтамалығында келтірілген. Шымкент қаласының құрамына қосылған Бозарық елдімекенінің тарихы 1929 жылдан бастау алады. Бозарықтағы санаулы отбасыдан құралған ауыл халқы бүгінде көбейген. Қазір онда 1200 тұрғын үй бар. Ал халық саны төрт мыңға жуықтайды. Оған қоса, үш жылдан бері Сайрам ауданы құрамынан қалаға өтіп, шағынаудан мәртебесіне ие болды. Осы уақыт аралығында онда ауыз толтырып айтарлық оңды істер жүзеге асып жатыр.
Қалаға қосылғанға дейін көгілдір отын, ауыз су тапшылығы және жол мәселесі көкейкесті болатын. Бүгінде осы коммуналдық мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді. Мәселен, шағынауданда 30 көше бар болса, өткен жылы соның бесеуіне асфальт төселіп, ирригациялық жүйелер салынды. Биыл тағы бес көше асфальтталады. Олар – Ұлағат, ұста Мұхаммед және атауы жоқ төрт көше. Жол жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Жұмысшылар көшені ретке келтірумен қатар, арық-атыздарды да салуға кіріскен. Қазір құрылыс басында 10 адам жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында ордабасылық Қажымұқан Сардаров та бар. Сәуір айынан басталған жұмыстар аяқталуға жақын.
– Қазір цемент пен қиыршық тасты араластырып, арық-атыз салу жұмыстарын жүргізудеміз. Көшеге асфальт төсеу жұмысы да қарқынды. Қараша айында биыл жөнделуі тиіс көшелердің жұмысы аяқталады,– дейді Қ. Сардаров.

20160628 112845

«Бозарық» шағынауданында уақыт өткен сайын халық саны артып, жер аумағы кеңейіп келеді. Онда жаңадан салынған үйлер көптеп бой көтеруде. Мәселен, мұнда өткен жылы 200-ге жуық үй болса, биыл екі есеге артып отыр. Сондай-ақ, жаңа мектеп пен балабақша жергілікті тұрғындардың игілігіне қызмет етуде. Оқу ордасы үш қабатты және 1200 оқушыны қамтиды. Биыл жыл басында пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде салынған мектепте балалардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Осыған дейін жас өрендер 900 орындық ескі мектепте білім алып келген. Оқу ордасының жанынан екіқабатты балабақша орын тепкен. №126 «Шұғыла» атты балабақша 320 орынға шақталған. Оның іші шат-шадыман бүлдіршіндерге толы. Мектепке дейінгі ғимараттың іші кең, ал ауласында балақайлардың зерікпесі үшін ойын алаңшалары салынған. Жаздың аптап ыстығында бассейнге шомылу үшін де жағдай жасалған. Балабақшада жалпы 65 адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі шағынаудан тұрғындары. Көп жылдардан бері бала тәрбиесіне сүбелі үлес қосып келе жатқан тәрбиеші Алтынай

Лебаеваның айтуынша, осыған дейін жергілікті халық перзенттерін 150 балаға арналған ескі балабақшаға апарады екен. 

– Ескі ғимаратта орын тапшылығы сезілетін. Ал қазір бірден 320 балақайды қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Таңғы сегізден кешкі алтыға дейін бүлдіршіндер үш тілді меңгереді, ойлау қабілетін дамытатын ойындарды үйренеді. Жалпы, баланың толыққанды жетілуі үшін тәрбие саласындағы озық әдістер қолданылады, – дейді тәрбиеші.

20160628 104608

Келесі жылы мектеп пен балабақшаға апаратын жолға асфальт төселеді. Ал әзірге оның жобалық-сметалық құжаты жасалуда. Ішкі орам жолы жөнделген кезде, қаладан шағынауданға қатынайтын №71 автобустың бағыты мектепке дейін ұзарады. Бұдан бөлек, шағынауданда газ құбыры жүргізіліп, қазір тұрғын үйлерге көгілдір отынды қосу жұмыстары қолға алынған. Тіршілік нәрі саналатын ауыз су да тартылған. «Бозарық» шағынауданының төбе биі Намазбек Жексенбайдың айтуынша, шағынаудан тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Өйткені, қала құрамына қосылғалы бері, жылдар бойы өзекті болып келген мәселелердің күрмеуі шешіле бастады.
– Балаларымыз оқу жылын жаңа мектепте аяқтады. Жаңа балабақшамыз да бар. Қазір ескі мектептің ғимаратында балалар музыка үйірмелеріне қатысады. Бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін үйірмелер де ашылды. Коммуналдық мәселелер шешімін тауып келеді. Алғысымыз шексіз, – дейді Н.Жексенбай.

20160628 110641

Қаратау ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің жауапты маманы Дархан Қосжановтың айтуынша, «Бозарық» шағынауданындағы мәселелер біртіндеп шешімін табады.
– Қазір әкімдік тарапынан шағынауданның коммуналдық мәселесінің толықтай шешілуі үшін жоспарлар жасалуда. Мысалы, 2017-2018 жылдары 825 үйге ауыз су кіргізу үшін жоба жасалады. Бұл – 4 мыңға жуық тұрғынды қамтиды деген сөз. 1200 үйге электр жарығы тартылды. Ішкі орам жолдары жөнделуде. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне шағынаудан көшелерін жарықтандыру үшін ұсыныс берілді, – дейді Д.Қосжанов.
«Бозарықта» кәсіпкерлердің қолдауымен мешіт салынуда. Онда күні-түні тәртіпті бақылайтын полиция бекеті бар. Сондай-ақ, тұрғындардың «басы ауырып, балтыры сыздағанда» көмек беретін №10 емхананың бөлімшесі жұмыс істейді. Емханада 2 дәрігер мен 6 медбике тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Аға дәрігер Әлішер Құдайбергенов күніне 30-35 науқасты қабылдайтынын айтады. Осыған дейін тар ғимаратта жұмыс істесе, бүгінде медициналық мекеме кеңейтіліп, жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Жалпы, «Бозарық» шағынауданының болашағы зор. Өйткені, қала басшылығы онда жаңа теміржол мен заманауи әуежай салуды жоспарлап отыр.

Последнее изменение Среда, 09 Ноябрь 2016 03:54
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.