ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ ШЫМКЕНТТЕ Избранное

Пятница, 03 Март 2023 04:37 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1002 раз

ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келіп, жоғарғы оқу орындары мен мектептерді аралады. Министр алдымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің материалдық-техникалық базасымен танысты.

93

 

Ғани Бейсембаев оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесуде білім сапасын арттыру, ұстаздардың мәртебесін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– 2025 жылға дейін елімізде «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 401 мектеп салу жоспарымызда бар. Білім ұялары әлемдік үлгідегі озық мектептердің деңгейінде болады. Сонымен қатар, 7000 мектепке инновация енгізіледі. Ауыл мектептерінің мәртебесін көтеру, материалдық жағдайын қала мектебінен кем етпеу де – басты назарда. Осы мақсатта биылдан бастап ауыл мектептерінің оқушыларына арнайы республикалық олимпиада ұйымдастырамыз, – деді Ғани Бектайұлы.
Жиын соңында студенттер мен ұстаздардың сауалдарына жауап берген министр бәсекеге қабілетті педагог-маман даярлау жоғары оқу орындарының негізгі мақсаты болу керек екенін атап өтті.

Қала мектептерінің қауіпсіздігімен танысты

Сапар барысында министр Шымкент қаласы Полиция департаментінің «Жедел басқару» орталығының жұмысымен танысты. Қала мектептеріне орнатылған дабыл түймелері, турникет, лицензияланған күзетпен жарақтандыру және ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерінің жұмыстарын бағамдады.
– Бүгінгі таңда мегаполистің мектептерінің барлығына бейнебақылау камералары орнатылған және «SOS» дабыл түймелерімен жабдықталған. Олардың барлығы полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Тәртіпті бейнебақылау инспекторы қадағалайды. Алайда, кейбір жекеменшік мектептерде қауіпсіздік жүйесі жүргізілмеген. Бұл шара, ең алдымен, мектеп қабырғасында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін керек. Сондай-ақ, жалпы білім беретін мекемелер бірінші дәрежелі мамандандырылған күзетпен қамтылған. Нәтижесінде өткен жылы кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылық саны азайып отыр. Дегенмен, шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Бүгінде жедел басқару орталығының қызметі тікелей тәуелді болып отырған интернет жылдамдығының төмендігі мен күзет агенттіктерінде кәсіби мамандардың тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр, – деді департамент басшысы Қайрат Дәлбеков.

94


Одан кейін министр іс жүзінде «SOS» түймесінің қалай жұмыс істейтінін тексерді. Ол 4000-нан астам оқушы оқитын №1 мектеппен байланысқа шықты. Сондай-ақ оқу-ағарту министрі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде полиция мен білім басқармасының атқарған жұмысын жоғары бағалады.
Сондай-ақ, сапар барысында Ғани Бектайұлы №65 мектеп-гимназиясының қосымша ғимаратының құрылысымен танысты. 2022 жылдың наурызында басталған 600 оқушыға лайықталған ғимараттың құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ.

Білім беру жүйесін дамытудың жол картасы бекітілді

Іс-сапар барысында Шымкент қаласында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен білім саласын дамыту жөнінде кеңес өтті. Онда Шымкент қаласының 2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша өңірлік жол картасы таныстырылып, оған оқу-ағарту министрі мен қала әкімі қол қойып, бекітті.
Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 2025 жылға дейін 25 мектеп салу жоспарланып отырғанын айтты. Оған қоса, жеке инвесторлардың есебінен тағы 29 білім ұясы ашылады. Мұнан бөлек, жол картасында балабақшалар мен колледждердің материалдық-техникалық базасын заманауи стандарттарға сәйкес жетілдіру, педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралар да қамтылған.

92


Кеңес барысында Ғ.Бейсембаев алдағы жылдары білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою, мектепте ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру, ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселелері жөнінде баяндады.
Министрдің айтуынша, алдағы уақытта мектеп директорларының республикалық кадрлық резерві жасақталады. Министрлер іріктеу арқылы басшылық қабілетке ие азаматтарды таңдап алып, оларды 1 жыл бойы оқытады және шет мемлекеттерде тағылымдамадан өткізеді. Осындай арнайы дайындықтан өткен мамандар өңірлерге жолданып, мектептерге конкурстан тыс директор етіп тағайындалады.
Ведомство басшысы саладағы өзге де жаңалықтарды баяндап, ұстаздардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ,
Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.