ҚАРАБАСТАУ, ЖҰЛДЫЗ, ЖАЛЫН: жаңақұрылыстардың жаңаша келбеті Избранное

Среда, 27 Сентябрь 2023 05:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 340 раз

Қаланың өндірістік аумағы саналатын Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйесіне қатысты бірқатар мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бұл ретте, ауданның жаңа құрылыс аумағы мен қала құрамына енген елді мекендерге басымдық берілуде. Сайрам ауданының құрамынан қалаға қосылған шағынауданның бірі –Қарабастау жаңақұрылыс тұрғын алабы. Тұрғын алап халқы осы уақытқа дейін жекенің жарығын пайдаланып, сапалы ауыз судан тапшылық көріп келген. Соңғы жылдары бұл аймақта инфрақұрылым жүйесі қарқынды дамып, жаңа келбетке ие болды. Аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

265

 

Қала іргесінен 10 шақырымдық жерде орналасқан бұл аумақта бір-бірімен іргелес үш елді мекен бар. Олар – Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, сондай-ақ бүгінгі таңда аумақтың екі жағалауына жаңақұрылыс аумақтары орнығып, халық саны көбейе түсті. Жаңақұрылыстағы инфрақұрылым мәселесі өз алдына, Жұлдыз тұрғын алабы тұрғындары осы уақытқа дейін сапалы жол мен кәріз, қоғамдық көліктің қиындығын тартып келген еді. Мұнда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер кәріз жүйесіне қосылмаған болатын. Көптен бергі күрмеулі мәселенің шешімі табылып, былтырғы жылы кәріз құбырының құрылысы басталған-тын. Ал қазіргі уақытта магистралды құбырға көп қабатты тұрғын үйлерді қосу бойынша абоненттеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ кәріз құбыры тартылған Асубұлақ көшесіне асфальт қабаты төселіп, аяқ жол салынды.
–Аудан аумағындағы Жұлдыз тұрғын алабының Асубұлақ көшесіне Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен «Азия комплекс строй» ЖШС-і асфальт қабатын төсеу және аяқ жол салу жұмыстарын жүргізді. Тұрғын алапта орналасқан 27 көпқабатты үйге өткен жылы орталықтандырылған кәріз құбыры тартылды. Сонымен қатар, аталған елді мекенге қатынайтын №191 бағыттағы автобустың шағын болуына байланысты тұрғындар тарапынан жиі шағым түсті. Тұрғындардың өтінішін ескере отырып, 1 қыркүйектен бастап шағын автобустар үлкеніне ауыстырылды, – деді аудан әкімі Досбол Күздікбайұлы.
Мұнан кейінгі мәселе – сапалы электр қуаты болатын. Жаңақұрылыс және «Жалын» тұрғындары жеке кәсіпкердің трансформаторынан қуат көзін пайдаланып, екі еселенген коммуналдық тарифпен ақы төлейтін. Бүгінде 2021-2022 жылдары бюджет есебінен Қарабастау тұрғын алабының жаңақұрылысында 750 абонентке сапалы электр желісімен қамту жұмыстары жүргізілсе, «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің инвестициялық бағдарламасы аясында 775 абонентке электр желілеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қарабастау тұрғын алабындағы жаңақұрылыс аумағында орналасқан 120 жер телімін электр желісімен 2024 жылы «ОңтүстікЖарықТранзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық бағдарламасы аясында қамту жоспарлануда.

Сапалы ауыз суды тұтынар күн жақын

–Тұрғын алаптарда таза ауыз сумен негізгі халық шоғырланған аумақтары қамтылған. Қазіргі таңда, Қарабастау тұрғын алабында жаңақұрылыс аумағындағы 1470 абонентті сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс 2022 жылдың қарашасында басталған, аяқталу уақыты – 2023 жылдың қараша айы. Халықты көгілдір отынмен қамтуға келсек, негізгі халық шоғырланған аумақтар толық қамтылған. Жаңақұрылыс аумағында 1470 абонентті сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Бірлестік» ЖШС-і тарапынан жобалық-сметалық құжат әзірленді. Кезекті бюджетті нақтылау отырысына құрылысқа қаржы бөлуге ұсыныс беріледі. Құрылысты бастау 2024 жылға жоспарлануда,– деді аудан әкімі.

264


Жол инфрақұрылымы бойынша өткен жылы Жақсылық, Атажар көшелеріне асфальттау жұмыстары жүргізілсе, 2023 жылы Ақсүйрік, Қайыпата көшелерінің жол мәселесі толық шешіледі. Қарабастау тұрғын алабының жаңақұрылысындағы жолдарды асфальттау және жарықтандыру жұмыстары инженерлік жүйелер толықтай аяқталған соң 2025-2026 жылдарға енгізіледі, дейді аудан басшысы.
–Қарабастау тұрғын алабының сайлы жерінде орналасқан тұрғын үйлерді жауын-шашын кезінде су басу қаупі жоғары болды. Мәселені шешу үшін ирригациялық арықтарды орнату мақсатында 2021 жылы ұзындығы 1,4 шақырымды құрайтын 3 көшеге (Жаңақұрылыс, Бойыт ата, Ж.Қамбарұлы), 2022 жылы ұзындығы 6 шақырымдық 1 көшеге (Қарабастау тұрғына алабы Бойыт ата көшесі), ал 2023 жылы ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын 3 көшеге (Қайып ата, Жаңақұрылыс, Бойыт ата) ирригациялық арықтар орнатылды. Нәтижесінде көктемде жауған толассыз жауын-шашын халыққа қиындық тудырмады. Абаттандыру бойынша «Қарабастау» тұрғын алабында – 2 спорт алаңшасы (Бойыт ата, Жаңақұрылыс), «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 2022 жылы Бойыт ата және Жаңақұрылыс көшелерінде 2 балалар ойын алаңшасы салынды. 2023 жылға жоғарыдағы жоба аясында тұрғындардан К.Молдабекұлы көшесі мен мектеп жанындағы бос жер теліміне ұсыныстар түскен. Қазіргі таңда жер телімдеріне далалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, сметалық есептері әзірленіп, бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс енгізілді. Қаржы бөлінген жағдайда жұмыстар 2024 жылы атқарылатын болады, – деді аудан әкімі Досбол Есілбек.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Жалын, Жұлдыз,Қарабастау тұрғын алабындағы негізгі көшелер жарықтандырылып, өткен жылы 6 бейнебақылау камералары орнатылған.
–Қарабастау аумағындағы тұрғын алаптарда «Kcell» және «КаР-тел» мобильді байланыс операторларының базалық станциялары орнатылған. Бүгінде тұрғындарға сапалы интернетпен қамтуға мүмкіндіктер берілді. Аумақтың тұрғындарына медициналық қызметті қалалық №7 емхана көрсетеді. Сонымен қатар, тұрғын алапта дәрігерлік амбулатория жұмыс атқарады. Онда 8000-ға жуық тұрғын тіркелген. Шағынаудандағы мектептерде орын тапшы. Осы орайда биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында 1200 орындық мектептің құрылысы басталды. Құрылысты мердігер мекеме «Югстройсервис ЖШС» атқаруда. Заманауи мектеп 2024 жылы пайдалануға берілмек, – деді Д. Күздікбайұлы.
Шаһарға қосылған шағынауданның бүгінгі келбеті осындай. Осы уақытқа дейін шешімін таппаған мәселелердің күрмеуі шешілгеніне тұрғындар да дән риза. Аудан әкімі Д. Күздікбайұлы тұрғындармен жиі кездесу өткізіп, шағымдар мен ұсыныстарға жауап беріп қана қоймай, бірлесе отырып қызмет атқаруда. Біріккен еңбектің нәтижесі көңіл қуантады.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.