ИНВЕСТ БАҒДАРЛАМАМЕН 8 НЫСАН ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ Избранное

Среда, 27 Сентябрь 2023 05:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 272 раз

Шымкент қаласында су құбыры және кәріз жүйелерін жөндеу, қайта құру бойынша 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама бекітілген еді. Биыл ірі 8 нысанда құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Шымкент қаласының су құбыры және канализация басқармасы және Табиғи монополияларды реттеу департаменті бірлесе ұйымдастырған кезекті баспасөз турында атқарылған жұмыстар сараланды.

269

 

Шаһарда халық санының өсуіне және шағынаудандардың кеңеюі,жаңа тұрғын алаптардың орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылуына байланысты тұтынушылар санының артуы себепті, ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыру бағытында жоспарлы жұмыстар қолға алынды.
Шымкент қаласының Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Айсұлу Әлібекованың айтуынша, бес жылдық бағдарламаға қаралған қаржы – жалпы 750 248,994 мың теңге. Оның ішінде 2023 жылға бөлінген қаражат – 110 050,4 мың теңге.
Қазіргі таңда инвестициялық бағдарлама аясында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Азат шағынауданы Алатау көшесінде д-110 мм су құбырын ауыстыру, Нұртас шағынауданында су жүйесіне су қысымын реттегіш орнату, су қабылдау ғимаратында д-273 мм су құбырын д-200 мм су құбырына қайта қосу, Достық-2 шағынауданы, Алматы тас жолының учаскесіндегі д-160 мм қолданыстағы су құбырына сорғы станциясын орнату жұмыстары толық аяқталды.
Сонымен қатар, «Южный» су құбырының қысымын арттыру үшін сумен жабдықтау жүйелері мен сорғы жабдықтары жаңғыртылып, Самал-3 шағынауданы Қазақ Ордасы-Алтынжол көшелері қиылысында қолданыстағы су жүйесіне сорғы станциясын орнату жұмыстары атқарылды.
– Қала әкімдігі және департаментпен бірлескен инвест бағдарламаның егжей-тегжейлі орындалуына әрдайым сараптама жасалып отырады. Бүгінде инвест бағдарлама жоспарға сай орындалып жатыр. Инвест бағдарламаның басты мақсаты – негізгі құралдардың тозу деңгейін төмендету, – дейді департамент басшысының орынбасары А.Әлібекова.
Инвестициялық бағдарламаны іске асыру нәтижесінде мынадай оң көрсеткіштерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, су жүйелеріндегі нормативті ысыраптар шығыны 9,08 пайыздан 8,9 пайызға, су жүйелеріндегі апаттар саны 2022 жылмен салыстырғанда 20 пайызға, су тасымалдау қызметі бойынша тозу деңгейі 4,6-дан 4,3 пайызға, сарқынды суды бұру қызметі бойынша тозу деңгейі 4,8-дан 4,6 пайызға төмендеді.
Сондай-ақ, БАҚ өкілдеріне Сайрам тұрғын алабындағы Ибрагим ата көшесі мен Әмір Темір көшесінің қиылысындағы су құбырын жөндеу жұмыстарының барысы таныстырылды. Мұнда 1-2 кезек және 3-ші кезек бойынша ауыз су жүйелерінің құрылысына жауапты мердігер – «Мелиоратор» ЖШС. 1-2 кезек бойынша ауыз су жүйелерінің ұзындығы – 99,5 шақырым. Бүгінде орындалған жұмыстар – 60 пайыз (70,5 шақырым). 3 кезек бойынша (100,9 шақырым) орындалғаны – 30 пайыз (32 шақырым). Екі жоба құрылысын да 2023 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарда тұр.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.