Интернет, 2GIS, ІТ қалай дамиды? Избранное

Среда, 07 Февраль 2024 04:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 376 раз

Қазір адамдар үшін интернетсіз дүние қараң. Бүгінгі өркениет екінің бірінің қолына мобильді интернет пен оптикалық интернетті қолжетімді етті. Дегенмен, интернеттің сапасы, операторлардың қызмет көрсетуі, жылдамдығы көңіліңізден шыға ма? Ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамдық Wi-fi, мектептердегі интернет пен қауіпсіздік жүйесі, ІТ саласы мегаполисте қалай дамуда?

internet

 

Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемеловтің мәлімдеуінше, Шымкентте интернет сапасы 27 нүктеде төмен.
- Өңіраралық байланыс инспекциясымен бірлесіп, арнайы құрал-жабдықтармен қаланы түгел тест-драйвтан өткіздік. Қалада 27 аумақта Kcell, Кар-Тел және МТС-тің Altel, Теле 2 операторларының байланыс сапасының төмендігі анықталды. Кемшіліктерді қалпына келтіру үшін 14 аумақта антенна-мачталық құрылғы (АМҚ) орнатылып, оның 13-не базалық станция орнатылды. Алайда өткен жылы 27 аумақты толығымен жауып үлгермедік, - дейді Мұхит Әбутәліпұлы.

internet-2


Соңғы уақытта қалада барлық байланыс жүйесі нашарлап кеткені жасырын емес. Дегенмен, басқарма басшысы биыл инвестор тарапынан 28 нүктеде мобильді интернеттің сапасы жақсаратынын, оның жетеуі қойылғанын жеткізді. Ал, Теле2 мен Altel-де әзірге жаңа базалық станция орнату жоспарда жоқ. Олар көбіне шеринг әдісімен Ксеll-дің станциясына жағаласып күнін көретін сияқты. Мысалы, бір базалық станция 1000 абонентке арналса, шеринг әдісімен соның 200-300 абонентін алып отыр екен.
- Kcell-мен өткен жылы жақсы жұмыс істедік, осал аймақтарды жабуға тырысты. Қазір антенна-мачталық құрылғы орнату өте қиын болып кетті. Себебі, үлкен нысан болғандықтан жерге байланысты тиісті құжаттарды рәсімдеу көп уақыт алады. Сол себепті халықаралық тәжірибелерді қарай отырып, екі еселенген биік тіректер қою арқылы қаланың ішіндегі проблеманы шешуге ұмтылдық. Бұл бағандар биік, диапазоны кең, екі түрлі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – электр желілерінен берілсе, екіншісі базалық станция діңгегін орнату. Осы мақсатта пилоттық режимде 30 тірек нүктесі мен Биллайнның 15 антенна-мачталық құрылғысына базалық станция орнатылады, - деді басқарма басшысы.

3G, 4G, 5G?

Басқарма басшысының сөзіне жүгінсек, қалада 3G форматындағы базалық станциялар әлі де бар. Алайда, олардың барлығын 4G форматына ауыстыру бойынша жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Ал, 4G форматына былтыр Kcell-ден 91, Билайннан 22 базалық станция модернизациядан өткен. Жаңғыртуға көбіне қазіргі көпқабатты үйлердің пайда болуы кедергі келтіріп, интернет белсенді болмай қалады дейді. Сол себепті Kcell радиус арқылы жақсы тарайтын аймаққа ауыстырылған. Осылайша 5G форматына Kcell-дің 135 базалық станциясы енгізілген. 2024 жылы Билайнның 15 нүктесіне антенна және 4G станциясын орнату жоспарланған.

Қалаға қосылған 81 елді мекен оптикалық интернетпен қамтылмақ

Мұхит Кемелов шалғай жатқан елді мекендерге оптикалық интернетті орнатуға көңіл бөлінетінін айтып өтті. Себебі, қала орталығында тұрғындардың 2-3 операторға қосылу мүмкіншілігі бар.
– Кезінде қала аумағына қосылған ауыл-аймақтарда ондай мүмкіндік болған жоқ. Бұл жұмыстар 2021 жылы қолға алынған. 2023 жылы 20 елді мекен оптикалық интернетпен қамтамасыз етілді. Биыл – 20, келесі жылы – 27, яғни қалаға кезінде қосылған 81 елді мекенді толық оптикалық интернетпен қамтамасыз етеміз, - дейді ол.

internet-1

Тегін Wi-fi қайда орнатылады?

2023 жылы Шымкент қаласында 20 қоғамдық орынның 55 нүктесінде тегін қоғамдық Wi-Fi орнатылды. Оған, әрине, шаһардың кез келген тұрғыны авторизациядан өту арқылы тегін қосыла алады. 1 нүктеде 50 қолданушы кіре алады, жылдамдығы - 20 мегабит, қолданыс аумағы - 50 метр.
Биыл 25 қоғамдық орын, 70 нүктеге тегін Wi-fi орнатылмақ. Атап айтқанда, Абай, Тәуелсіздік, Жеңіс, Металлург саябағы және Қошқар ата аумағы.
2022 жылы тегін орнатылған вай-фай жобасы вандализм салдарынан тиімсіз болыпты. Басқарма басшысының айтуынша, вай-файды жөндеп кеткенімен, халық келіп бұзып, шұқылап, тіпті модеміне дейін ұрлап кеткен. Wi-fi төменде тұрса вандалимзге ұшырайтыны белгілі болып, қазіргі жоба бойынша құрылғылардың бәрі биікке орнатылады. Бұл ретте тұрғындардың «мемлекеттің ғана емес, мен тұратын қаланың мүлкі» деген ортақ игі түсінік пен мәдениеттің жетпей тұрғандығы қынжылтады.

Қала аумағында бейнебақылау камераларын орнату

Шымкент – үлкен қала. Шаһардың 80 пайызы көрініп тұруы үшін 12 мыңнан астам камера қажет екен. 2021 жылы осы мақсатта 3868 камера алынған. Алайда, 2022-23 жылдары жоспарланған 2500 камера алынбапты. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл қалаға 3000, келесі жылы 2500 камера алу жоспарланып отыр. Өйткені, байланыс арқылы қоғам мен жол қауіпсіздігін бақылап отыру – кезек күттірмейтін мәселе.

Мектептегі интернет

2023 жылдан бастап Шымкенттегі мектептердің барлығын сапалы интернетпен қамтамасыз ету қолға алынған. Айталық, әр мектепте интернет жылдамдығы 158 мегабит секундті алады. Оның 100 мегабиті оқу процесіне, қалған 30 МБ/сек камералар мен дабылға бөлінді. Баланың қауіпсіздігі бойынша арнайы нормативтік құжаттарға сай 147 мемлекеттік мектеп пен 85 жекеменшік мектептің бейнебақылау камерасы Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.

Ақпараттық қауіпсіздік

2023 жылдан бастап әкімдікке қарасты аудан әкімдіктерінің ақпараттық жүйелері Цифрландыру басқармасының қолына алынды. Мұнда жергілікті атқарушы органдардың дербес компьютерлерінен деректердің шығып кетпеуіне тиісті іс-әрекеттер жасалады. Өткен жылы мониторинг жүргізу барысында мемлекеттік және бюджеттік қызметшілерінің жұмыс компьютерлерінде антивирус бағдарламасы емес, пираттық жобалардың орнатылғаны анықталып, олардың бәрі лицензиясы бар антивирусқа ауыстырылды.
- DLP – деректердің шығып кетуінің алдын алу бойынша арнайы жүйе. Аталған жүйе 338 мемлекеттік пайдаланушының жұмыс станцияларына орнатылды. Одан бөлек, 16 қабат әкімдік ғимаратының ішкі локальді жүйелері толығымен ретке келтіріліп, серверлік және кросстық үй-жайларына «СКУД» жүйесі орнатылып, бақылауда болады, - деді басқарма басшысы.

2GIS – енді анықтамалықтың да рөлін атқарады

Қалада тұрғындардың бәрі білетін «i-Kolik» мобильді қосымшасына балама ретінде «2GIS» бағдарламасы енгізілді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Цифрландыру басқармасы жасаған қосымшада қоғамдық көліктердің бағыттарын қадағалау мүмкіндіктері бар. Бұл қосымша сырттан келген қонақтар мен туристерге арналған. Себебі олар қаладағы «i-Kolik-ті» біле бермеуі мүмкін. Сондай-ақ, 2ГИС таяу арада анықтамалықтың да ролін атқаратын сыңайлы.
- Алдағы уақытта «2GIS» жедел қызметтер модулін құруды жоспарлап отыр. Онда әрбір мекенжайды бассаңыз, сол жерге қарасты учаскелік дәрігер, полицей, су, жарық, газ диспетчері, қалдық шығаратын компаниялардың тізімі енгізіледі. Бұл қала тұрғындарына әр жерден анықтама іздемеу үшін жасалды. Қазіргі таңда бұл қосымша тестілеуден өтуде, - деді Мұхит Кемелов.

«Shymkent Hub» орталығын ашу

Одан бөлек қалада цифрлық жүйенің әлеуетін күшейту мақсатында осы жылы арнайы инфрақұрылым жоспарға алынған. Бұл ІТ саласының дамуына серпін береді. Себебі Шымкенттен шыққан көптеген стартап жобалар шетелде үлкен көлемде инвесторлар тартып жүр. Бірақ қалада арнайы инфрақұрылым болмағандықтан көбі Алматы, Астанадағы ІТ хабтардағы локацияларда өткізіп жүрген екен. Осыған орай басқарма осы жылы цифрлық трансформация саласы бойынша «Astana Hub»-тың Шымкент қаласындағы филиалын ашуды көздеп отыр. Мақсаты – инновациялық жобаларды дамыту, ІТ компанияларды шығару, технологиялық стартаптарды құру т.б.

109 ситуациялық орталығын жаңғырту

109–аналитикалық талдауларды жүзеге асыруға бағытталған. Көп сауалдарды автоматты түрде жауап беретіндей жүйелерге жеткізіліп, контейнерлік алаңдар цифрландырылып, бақыланады, бейнебақылау камералары арқылы деректерді алып, мониторинг жүргізіледі. Бұл өз кезегінде IT саласын карқынды дамуына да септігін тигізеді.
Мәселен, жазда тұрғындар тарапынан контейнердегі қалдықтар алынбайды деген арыз-шағымдар көбейеді. Осының алдын алу мақсатында цифрлық шешім енгізу жоспарланған.
Екіншіден, қалада қанша жол салынып, кеңейтілсе де көлік тығыны мәселе күйінде қалып отыр. Соны шешу мақсатында Ақылды бағдаршамдар орнатылып, жасыл түстің жануын өзі бақылайтын болады.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.