«ТАЛАПТЫ АЗАМАТТАР КЕРЕК» Избранное

Среда, 06 Март 2024 05:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 467 раз

Жастар ресурстық орталығында Өңірлік жастар кадрлық резервіне іріктеу іс-шаралары аясында арнайы жастар форумы өтті. Іс-шараға өңірлік кадр комиссиясының мүшелері – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Шәкір Сұлтанхан, қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер, мәдениет, білім, спорт, әлеуметтік қорғау және т.б. сала өкілдері қатысты.

kadr

 

1наурызда өңірлік жастар кадрлық резервіне іріктеу басталды. Жоба жас басқарушылардың өңірлік пулын қалыптастыру және өңірді дамытуға дарынды жастарды тарту мақсатында қолға алынып отыр. Жиында Шәкір Асылханұлы іріктеу талаптарын, кезеңдерін жан-жақты баяндап, толық мағлұмат берді.
– Өңірлік резервке алынған жастар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналаса алады. Жастар өз еліне, Отанына қызмет етуге дайын болуы керек. Бүгінгі таңда өңірімізде 2000-ға жуық мемлекеттік қызметші бар. Оның ішінде, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі – 40 пайыз. Кадрлық іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді және үш жылдан кем емес еңбек өтілі бар ҚР азаматы қатыса алады, – деді Ш.Сұлтанхан.
Қалалық мәслихаттың төрағасы Б.Нарымбетов мемлекеттік қызмет – өте үлкен жауапкершілік екенін, іріктеуге жаңаша идеясы бар, талапты, патриот азаматтар бару керектігін айтты.
Резервке іріктеудің 1-ші кезеңінде – 1-31 наурыз аралығында құжаттар қабылданады. Іріктеу индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені және жер қатынастары, цифрландыру бағыттарында өтеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.