САЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕСІ 2%-ҒА ДЕЙІН ТӨМЕНДЕЙДІ Избранное

Среда, 06 Март 2024 05:30 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 352 раз

Елімізде ісін жаңадан бастап, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз ету үшін қайтарымсыз гранттар беріледі. Бүгінде дәл осы өтеусіз гранттар халықты жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерінің біріне айналып отыр. Өткен жылы бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін 452 азаматқа қайтарымсыз грант берілген. Олардың қатарында мүгедектігі бар азаматтар, аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшесі, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар бар.

korme

 

Аталған қайтарымсыз грант арқылы кәсіп бастаған кәсіпкерлер «Көрме» орталығында ұйымдастырылған жәрмеңкеде өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қайтарымсыз грант арқылы өз кәсібін ашқан азаматтардың өнімдерімен танысты. Ол жаңадан жеке кәсібін бастаған кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсететінін жеткізді.
– Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолдау жасау маңызды. Осы орайда мен кәсіпкерлерге бөлшек салықтың арнаулы салық режимі мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдадым. 16 наурызда мәслихат сессиясы өткеннен кейін бұл шешім өз күшіне енеді. Шымкентте кәсіп бастаймыз деген Қазақстан Республикасының кез-келген азаматына есігіміз ашық. Бәріне де қолымыздан келгенше жағдай жасап береміз. Ниеті дұрыс, іскер азаматтарды шақырамыз, – деді қала әкімі.
Жәрмеңкені ұйымдастырудағы негізгі мақсат – мемлекеттік қолдау арқылы кәсіпкерлікпен айналысып отырған азаматтардың өнімдерін дәріптеу, кәсібін кеңейту, тауар айналымын көбейту. Экономикалық, қаржылық құқықтық және саяси сауаттылығын арттыруға, кәсіпкерлерге бизнестің дамуына келтіретін түрлі кедергілерді еңсеруге көмектесу.
Аталған маңызды шараға тағам өнеркәсібі, кондитерлік өнімдер, жиһаз өндіру, қызмет көрсету салалары, мал шаруашылығы, қолөнер бағыттары бойынша әлеуметтік жобаларды іске асырған 150 қайтарымсыз грант иегерлері қатысып, өз өнімдерін жәрмеңкеде ұсынды.
Нұргүл Абдрахманова 4 жылдан бері «ResinART» техникасымен түрлі қолөнер бұйымдарын жасайды. 2022 жыл 400 АЕК мемлекеттен қолдау ретінде грант иегері атанып, үй жағдайында кәсібін бастаған. Көздің жауын алатын әсем бұйымдар шараға келген кез келген адамды таңғалдырмай қоймады. Кәсіпкердің айтуынша, оның алғашқы табысы 200 000 теңгені құраса, бүгінде табысы 1 айда 1-1,5 млн теңгеге жеткен. Сондай-ақ ол онлайн және оффлайн сабақ жүргізіп, шәкірттер дайындап отыр.
Жәрмеңкеге шағын несие алып, өз кәсібін ашқан 15 азамат, сондай-ақ қысқа кәсіптік оқытуға қатысып, жұмысқа орналасқан 15 азамат оқыту орталықтарымен бірге қатысып, өз өнімдерін ұсынды.
Сондай-ақ, жәрмеңкеге 2,5 пайыздық несие алып, өз кәсібін ашқан жастар да қатысты. 2023 жылы 263 адамға респубикалық бюджет есебінен шағын несие берілді. Мемлекет тарапынан берілетін қолдау шаралары биыл да өз жалғасын табуда. Биыл Шымкентте әлеуметтік осал топтағы 426 адамға грант беру жоспарланып отыр.

Жансая ЕЛЕМЕС

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.