ФОСФОРШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ЖАҢА КЕЙПІ: ТАРИХ ПЕН БОЛАШАҚ АРАСЫНДАҒЫ НӘЗІК БАЙЛАНЫС САҚТАЛЫП ҚАЛАДЫ Избранное

Среда, 31 Июль 2024 05:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 591 раз

Шымкент қаласындағы өзіндік тарихы бар нысандардың бірі – «Фосфоршылар» сарайына қатысты түпкілікті шешім қабылданды. Кеңестік кезеңде мәдениет пен өнердің ордасы болып, халықтың игілігіне қызмет еткен бұл ғимарат өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы аласапыран кезеңде жекешеленіп кеткен болатын. Содан кейін қараусыз қалып, әбден тозығы жеткен ғимарат ақыры мемлекет меншігіне қайтарылып, оның орнына тарихи кескін-келбеті сақталған, бірақ, заманауи мәдениет орталығы салынатын болды.

FoSFoR

 

Өткен аптаның соңында Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бірігіп, «Фосфоршылар» сарайының ғимаратының бұзылатыны жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Айгерім Әбдіоқапқызының айтуынша, тарихи сарай бұзылып, орнына заманауи, жайлы ғимарат соғылады.
Мәдениет сарайының ғимараты 1975 жылы тұрғызылған. Өкінішке орай, кеңестік кезеңдегі сәулет өнерінің туындысы болғанына қарамастан, жеке меншікке өтіп кеткен мәдениет ордасы ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған. Кейін тоналып, бетондары қиратылып, арасындағы арматуралары кесіліп, ғимарат конструкциясына орасан зор зиян тиген.
Ғимарат 2023 жылдың қараша айында коммуналдық меншікке өткеннен кейін, 2024 жылдың сәуір айында "KazBuildExpert" ЖШС-інің сарапшы мамандары сарайдың қазіргі жай-күйін, сенімділігі мен беріктігін тексеруге кірісті. Әкімдік ғимаратты сақтап қалуға болады деп үміттенген еді, бірақ, сарапшылардың қорытындысы ғимаратты сақтап қалып, оны қалпына келтіру мүмкін еместігін көрсетіп берді.
Сондықтан ескі ғимаратты бұзу туралы шешім қабылданып отыр. Бірақ, оның орнына «Фосфоршылар» сарайының тарихи келбетін сақтай отырып, жаңа, заманауи мәдениет сарайы салынады. Жаңа ғимарат жер сілкінісіне мейлінше төзімді болады.
Жаңа ғимараттың құрылысымен "Сәби" қайырымдылық қоры айналысатын болады. Жұмыс күзде, ескі ғимарат бұзылғаннан кейін басталады деп жоспарлануда. Қордың тапсырысы бойынша мамандар болашақ мәдениет сарайының толық дизайн-жобасын әзірледі.
"Біздің бірінші кезектегі міндетіміз қасбеттердің жалпы архитектурасын сақтау болды. Жоба авторлары бұл міндетті шеберлікпен орындап шықты", – дейді жоба авторлары.
Жобаға сәйкес, орталық порталдардың стилистикасы қайта қаралады: оларға тарихи емес, бірақ, соған жақын қазіргі заманғы параметрлік ою-өрнектер қосылады. Оның негізінде қазіргі заманғы стильге сай келетін көркем ромб бар. Осылайша, тарих пен қазіргі заман арасындағы нәзік байланыс сақталып қалмақ. Нәтижесінде сарайға қараған адам оны мүлде жаңа ғимарат деп айта алмайды, яғни, жоба дизайнерлері қазіргі күнмен астасып, тұтасып жатқан тарихи қасбетті жасап шыққан.
Барлық порталдарда кездесетін әртүрлі параметрлік ою-өрнектер оған мән бере қараған адамға қолмен жасалғандай әсер қалдырады. Бұл ғимараттың сәулетіне сәулет қосып, құндылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Порталдарда және орталық есіктің үстінде жарық өткізгіш бетон немесе аспалы қондырғы пайдаланылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде өте әсерлі, нәзік, бірақ өте байсалды қасбет пайда болады.
Мәдениет сарайында әртүрлі өнер мен кәсіпті, пайдалы дағдыларды үйренгісі келетін адамдарға арналған білім беру орталығы жұмыс істейді. Ол үшін ғимаратта әртүрлі шеберханалардан (өнер, керамика, ағаш ұстасы, аспаздық зертхана, қолөнер, 3D прототиптеу, макеттеу, баспа цехы) бастап, дыбыс жазу студиясы мен телестудияға дейінгінің барлығы болады. Коворкинг және Digital-зертхана түріндегі жастарға арналған кеңістік те қарастырылған.
Жоба авторлары интерьерді жаңа архитектураға бейімдеді. Театр немесе музыка алаңы түбегейлі қайта жасалды. Бірақ, біржола техноарт стиліне көшіп кетпей, керісінше, бүкіл ғимараттың тұжырымдамасына сәйкес келтін шешімдер таңдап алынды. Нәтижесінде бұл өте нәзік, жайлы, талғаммен жасалған дүние болып шықты.
Шымкент қаласының әкімдігі жаңа ғимарат шымкенттіктерді ерекше қуанышқа бөлейтініне сенімді. Аумақты абаттандыру да ұмыт қалмаған. Сарайдың маңына гүл мен ағаш көптеп отырғызылып, субұрқақтар, аллеялар, балалар және спорт алаңдары салынады.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.