«ОҢТҮСТІК» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ БАР Избранное

Среда, 31 Июль 2024 05:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 582 раз

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы – Шымкенттегі негізгі өнеркәсіптік алаңдардың бірі. 2010 жылы іске қосылған арнайы экономикалық аймақтық 225 гектарды құрайды. Мұнда тоқыма өнеркәсібі, химия мұнай-химия өнеркәсібі және ішінара машина жасау саласындағы жобаларды іске асыру үшін инженерлік-инфрақұрылымдық желілермен қамтамасыз етілген жер учаскелері инвесторларға ұсынылады. Бұл аймақты инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 8,2 млрд. теңге қаржы жұмсалған.

EkoNom

 

Еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, арнайы экономикалық аймақ қатысушылары үшін мынадай преференциялар мен жеңілдіктер – корпоративтік табыс салығын (КТС), жер салығын, мүлік салығын төлеуден және жабдықтарды, шикізатты, тауарлар мен материалдарды импорттау кезінде кедендік баждарды төлеуден, сондай-ақ жабдықтарды, шикізаттарды, материалдар мен тауарларды әкелу кезінде және дайын өнім құрамында ЕАЭО елдерінің нарықтарына өткізу кезінде импорттық ҚҚС төлеуден босату қарастырылған.
Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймағының жобалар пулы жалпы құны 153,3 млрд. теңгені құрайтын, 4 389 жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 67 жобадан тұрады. Оның ішінде инвестициялық құны 59,8 млрд. теңгені құрайтын 1 986 тұрақты жұмыс орны бар 40 жоба іске асырылып, бүгінде зауыт-фабрикалар жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, қосымша 2 453 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 27 жобаның пулы жасақталды. Оған 93,5 млрд. теңге инвестиция тартылады. Биыл 11 млрд. теңгеге 549 жаңа жұмыс орнын құрумен 5 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.
Айта кетейік, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындар осы уақытқа дейін 195,8 млрд. теңгенің тауырын өндірген. Оның ішінде 85,9 млрд. теңгенің өнімі шет мемлекеттерге экспортталыпты. Арнайы экономикалық аймаққа қатысушы компаниялар осы уақытқа дейін бюджетке 11,9 млрд. теңге салық пен басқа да міндетті төлемдерді төлеген.
Бұл аймақ Шымкент қаласының тұрғындарын жұмыспен қамтуда да маңызды рөл атқарады. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек, бүгінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 6 кәсіпорында 132 бос жұмыс орны бар. Олар:
1. «Azala Textile» ЖШС-і тоқыма фабрикасы – 25 тігінші, 3 оператор, 3 приборлар және автоматика инженері, 1 химия дайындаушы;
2. «Бона Файд Групп» ЖШС киім өндірісі – 6 тігінші, 1 жабушы (ер адам);
3. «Sagitex Group» ЖШС-і іш киім өндірісі – 6 тігінші, 3 ораушы, 1 жабушы, 1 жабушының көмекшісі, 1 киім дизайнері, 2 үтіктеуші, 1 сауда өкілі, 1 сату менеджері;
4. «Назар Текстиль» ЖШС-і кілем өндірісі – 1 жүргізуші (Д категориясы), 20 тоқымашы оператор, 5 дизайнер;
5. «ARNATEX» ЖШС-і синтепон өндірісі – 1 бас есепші, 1 кеңсе менеджері, 1 цех жұмысшысы;
6. «Бал Текстиль» ЖШС кілем өндірісі – 40 тоқу жабдықтарын құюшы, 5 жіп жабдығының операторы, 1 компрессоршы, 1 қалдықтарды қайта өңдеу операторы, 1 бастапқы жабдық операторы (Бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді «Оңтүстік» АЭА БК» АҚ өкілі Үдербай Шерханға +7 707 164 66 96 телефон нөмірі арқылы байланысып, білуге болады).

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.