×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Базарлар өркениеттi кейiпке келуде

Пятница, 21 Август 2015 10:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5293 раз

Қала базарларын заманауи үлгіге көшіріп, сауда мәдениетін өркениет деңгейіне жеткізу – бүгінгі күннің заман талабы. Бұл орайда, Мемлекет басшысы ұйымдастырылмаған базарларды жауып, жабық заманауи сауда орталықтарын салу қажеттігін айтқан болатын. Көше жағалай жүріп, саудаласуға қарапайым тұрғындардың да ниеті жоқ. Жауапты сала мамандары да заманауи сәулет-құрылыс талаптарына сай келмейтін жайма базарлардың уақыты өткенін, бұл мәселе қатаң бақылауда тұрғанын айтады. Осы орайда біз қаладағы бірқатар сауда орындарында болып, бүгінгі ахуалымен танысуды жөн көрген едік.

bazarlar orkenietti 34

Қазіргі таңда, Шымкент қаласы аумағында 33 әмбебап базар мен сауда қатары тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Әрине, барлығы бірдей заманауи үлгідегі зәулім жабық кешенде қызмет етеді деуге келмес. Бұл қатарда, көлік қозғалысы мен адамдардың жүріп-тұруын айтпағанда, коммунал­дық желілерге де айтарлықтай кедергісін келтіретін орындар баршылық. Сол себептен де, қала басшылығы арнайы іс-шара жоспарын бекіте отырып, базар қожайындарына алдағы мерзімде заман талабына сай автотұрақтары бар, өркениетті сауда кешендерін салуды міндеттеуде.
– Бүгінде базарлар мен сауда қатарларын толықтай паспорттау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, қаладағы 19 ірі базарды жабық кешенді заманауи талапқа сәйкес қайта жабдықтау үшін қала әкімдігінің тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Яғни, іс-шара жоспарына сәйкес, қала базарлары әр кезең бойынша жаңа талаптағы жабық кешенді ғимараттарға көшірілетін болады, – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімі сауда секторының бас маманы Досанғали Ертаев.
Қазіргі кезде қайта құрылымдау жұмыстары бойынша 9 базар басшысымен келісім түзіліпті. Өз кезегінде, «Бекжан», «Шымкент Тұлпар» базарлары құрылыс нормаларына сәйкес қайта құрылымдау жұмыстарын аяқтады. Тиісінше, «Айна», «Көктем», «Орталық қырғы базары», «Авто Нұр», «Акбар», «Алаш», «Самал» базарларында жобалау жұмыстары жүргізілуде. «Көмеш бұлақ» базарында егжей-тегжей жоспарлау жобасына өзгерістер енгізіліп, жоба бойынша аталған базардың орнына гүлзар мен ірі сауда орталығы салынбақ. «Дархан» базары нысаналы бағытын қойма, яғни, логистикалық орталық ретінде өзгерту үшін құжаттарын дайындауда. Ендігі жерде сала мамандары «Евразия», «Алтын орда», «Муниципалды», «Южтранс», «Бенефис», «Әсел» және «Қапланбек» базарларын да сауда орталығы ретінде қайта құрылымдау үшін аталмыш базар басшыларына арнайы ұсыныс хат жолданғанын атап өтті.

Барлық саудагерлерге орын табылады

Бүгінде Шымкент қаласында жалпы саны 24644 сауда орны тіркелген. Дегенмен де, оның тек 12744-і тиісті деңгейде қызмет жасауда. Осы орайда, сала мамандары қала аумағында белгіленген жерлерден тыс сауда орындарын жою іс-шарасы жоспары аясында нақты жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді. Яғни, «жайма базарға» тосқауыл қойылып, сатушылар үшін өзі қалаған сауда қатарынан орын ұсынылатын болады.
– Нәтижесінде, қайта құру жұмыстарын жүргізу арқылы тұтынушыларға сапалы да тиімді қызмет үлгісін көрсете отырып, ең алғашқы кезекте кедергісі мол көлік жолдарын да кеңейтуге мүмкіндік ала аламыз, – дейді Досанғали Байғалиұлы.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында ҚР ӘҚБК-нің 204-бабына сәйкес, ретсіз сауда қатарларына қатысты 1289 әкімшілік хаттамалар толтырылған. Нәтижесінде, сатушыларға жалпы сомасы 3 миллион 325 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, жергілікті бюджетке 3 миллион теңге көлемінде айыппұл өндірілген.

Мақсат – әлеуметтiк саланы жақсарту

Шымкент қаласының әлеуметтік даму картасы – қала құрылысын дамытуды жоспарлаудың негізгі құжаты болып та­былады. Оның басты мақсаты – экология­лық жағынан қолайлы, қауіпсіз әрі әлеуметтік тұрғыдан ыңғайлы тіршілік ортасын құруға бағытталған кешенді шараларды жүргізу. Әлеуметтік даму картасы аясында тек қана базарлар емес, қаланың басқа жағындағы күрделі жұмыстардың мәселесі де шешілмек. Осы арқылы көшелер көркейіп, қаланың әлеуметтік-эконо­микалық дам­уы тұрақты өсім көрсетпек. Нақты айтқанда, мегополис шаһардың шырайы артатын болады. Әлеуметтің жағ­дайын жақсартуға арналған әлеуеті зор жобалар тиім­ділі­гін көрсетуде. Сонымен қатар, Елбасы атап көрсеткендей, «аза­маттардың әлеу­­меттік мәселелерін шешу – өте маңызды міндет». Сондықтан, бұл тұста әр жоба мұқият ойластырылып, шешіліп отыр.
Ағымдағы жылы құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген «Шымкент Тұлпар» базарының ғимараты осындай кең ауқымды бағдарлама шеңберінде сәтті жүзеге асқан жобаның бірі саналады. Заманауи талапқа сай көлік тұрағы, тұтынушыларға ыңғайлы жабық кешенді сауда орны баршаға ортақ сапалы әрі тиімді қызметімен ерекшеленеді.
– Қала әкімдігімен жасалған екіжақты келісімнің нәтижесінде, заманауи сәнді де зәулім ғимараттың құрылысын жүргізуді қолға алған болатынбыз. Құрылыс өз мерзімінде және тиісті деңгейде атқарылды. Ең бастысы, енді мұнда сатушылар мен тұтынушылар арасында қолайлы қарым-қатынас қалыптасып, жасалған жұмыстар өз игілігін көрсетіп отыр, – дейді аталмыш базар директоры Нұрлан Қоңыратбаев.
Иә, жайма базарлар өздерінің міндеттерін атқарып болды. Енді қазір кәсіпкерлердің жаңа буыны өсіп шықты. Озық технологиямен жарақтанды­рылған сауда нысандары ең алдымен сатушы кәсіпкер­лерге қолайлы. Бір жағынан, қыс маусымында жылы жерде жұмыс істейді, екіншіден, қойма, тауар қауіпсіздігінде мәселе туындамайды, үшіншіден, тұтынушы да осындай ыңғайлы әрі әмбебап сауда нысандарын өзіне қолайлы көретіні анық. Ендеше, өркениетті заманауи сауда желі­леріне өту – уақыт талабы. Мамандардың қала тұрғындарына айтар ой-пікірі осыған саяды.