Бауырлас қалалардың бірлігі бекем

Среда, 21 Сентябрь 2016 07:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 9938 раз

Жуырда Тәжікстан елінің Худжанд қаласындағы көше лердің біріне «Шымкент» атауы берілді. Қос қаланың арасындағы өзара бауырмалдық қарым-қатынастың осылайша жоғары бағалануы заңдылық та. Айта кетейік, 2003 жылдан бері Шымкент пен Худжанд қалаларының байланысы нығая түсіп, бауырлас шаһарлар атанған. Жалпы, қазіргі таңда Шымкенттің 9 бауырлас қалалары бар: Байинь (Қытай), Гроссето (Италия), Измир және Эскишехир (Түркия), Могилев (Беларусь), Паттайя (Тайланд), Стивенэйдж (Ұлыбритания), Ахарнон (Грекия) және Худжанд (Тәжікстан). Аталған бауырлас қалалардың атауы бүгінде Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынауданындағы көшелерге де берілген.

Худжанд – Соғды облысының орталығы. Халық саны – 176 мыңға жуық. Худжанд – Тәжікстаннның ең көне қаларының бірі. Көлемі жағынан екінші үлкен қала, шамамен 2500 жыл бұрын, Ескендір Зұлқарнайын заманында негізі қаланған.

Могилев – Белоруссияның шығысында орналасқан Могилев облысының орталығы болып саналады. 400 мыңға жуық тұрғыны бар қала ел аумағында халық саны бойынша Минск және Гомельден кейінгі үшінші орынға ие.

Байинь қаласы Ганьсу солтүстік-батыс қытай провинциясына жатады. 1 жарым миллион тұрғыны бар бұл шаһар бүгінде металлургтер қаласы ретінде кеңінен танылған.

Стивенэйдж қаласы Хартфордшир аумағының құрамына енеді. Орман қоршауында тұрған қала аумағы толығымен жасыл желекке бөленген. 1990 жылы Шымкент – Стивенэйдж қалалары арасында өзара бауырластық қарым-қатынас бастау алды.

Измир – Түркияның батысында, Измир шығанағының жағалауындағы қала. Халық саны (3,5 миллион адам) бойынша ел аумағында үшінші орында тұр және Ыстамбұлдан кейінгі екінші үлкен портты қала саналады. Ең бастысы, Измир – Жерорта теңізінің су алабындағы ең көне қала, Түркия Республикасының маңызды өнеркәсіп және мәдени орталығы ретінде танылуда.

Паттайя – Бангкоктен мың жарым шақырым қашықтықта орналасқан қала. Елдегі туризмнің орталығы саналады. Демалуға келген туристтерді су бетіндегі әртүрлі демалыс түрлері күтіп тұр. Олар: малтау, су шаңғылары, скутерлерді жүргізу, балық аулау, виндсерфинг, катердің артқы жағында парашютпен ұшу, ал арал жағалауларында су астында жүзуге арналған барлық жағдайлар жасалған. Қалада заманауи қонақ үйлер және сәулетті ғимараттар салынған.

Грекияның Ахарнон қаласы 2008 жылдан бері Шымкентпен бауырластық қарым-қатынаста. Бүгінгі таңда қалалар арасында екіжақты ынтымақтастық пен серіктестік даму үстінде. Бұл қала әлемдік маңызы бар тарихи және сәулет ескерткіштерімен ерекшеленеді. Қалада 150 мың тұрғын бар.

Гроссето – Италия еліндегі Тоскана әкімшілік орталығына қарасты Гроссето порвинциясында орналасқан. Қала тұрғындарының саны 80 мың адамды құрайды. Қаланың жер аумағы 475 шаршы шақырым шамасында.

Эскишехир – Түркияның экономикасы дамыған ең ірі 8 қаласының бірі. Бүгінде мұнда 800 мыңға жуық халық тұрады.

 

Последнее изменение Среда, 21 Сентябрь 2016 07:59
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.