Қалада жұмыс қарқынды, жоспар ауқымды Избранное

Понедельник, 26 Сентябрь 2016 04:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3281 раз

Шымкент үшінші мегаполис атағына сай болуы керек. Ең әуелгі мақсат – халыққа қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымдық жүйелерді дамыту, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге назар аударылуы тиіс. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық мәслихат депутаттары алдында сегіз айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беруінде осылай деді. Қалада шешімін тапқан мәселелер баршылық. Әсіресе, инфрақұрылымдық жүйелерді дамытуда бірқатар жұмыстар қолға алынған. Ендеше, «қала күні» мерекесі қарсаңында жүзеге асқан жұмыстарға тоқталғанды жөн көрдік.

ТҰЖЫРЫМДАМА ДАМУҒА ЖОЛ АШТЫ

Елбасының «Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, оны Шымкентте сүру керек» дегені бар. Әрине, бұл бекер айтылған сөз емес. Қаланың географиялық орналасу жағдайына, тұрғындардың берекелі тірлігіне, алтын құрсақты аймақ екенін меңзегені ғой.
Өткен жылы қала экономикасына жан-жақты талдау жасалынып, қаланың 2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму концепциясы қабылданғанынан көпшілік хабардар. Шаһар басшысының мәлімдеуінше, әкімдіктің биылғы жұмыс жоспарына қала тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерді шешу, баспана және әлеуметтік инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру және қалада бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция мен туристердің санын арттыру міндеттері қойылған.
Алдымен инфрақұрылым жүйелерінен бастайық. Биыл қалада «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 11 нысанның құрылысына 7,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінге дейін құрылыстың 3,1 млрд теңгесі игерілді. Қала тұрғындары орталықтандырылған сапалы ауыз сумен 85, кәріз жүйелерімен 41, табиғи газбен 86, ал сапалы электр қуатымен 84 пайызға қамтылды.
2016 жылы ауызсу мәселесін шешуде 5 нысанның («Қайтпас-1», «Нұртас», «Мирас», «Самал», «Ұлағат» шағынаудандарының) құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Яғни, 98,8 мың адамның сапалы ауызсуға қолы жетті деген сөз.
Тұрғындарға табиғи газ жеткізуде 2016 жылы «Самал - 2» және «Мирас» шағынауданындағы 2 нысанның құрылысы аяқталған. Биыл 5 нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы бөлінді. Мердігер мекемелер де анықталып отыр.
Сондай-ақ, биыл жалпы 68,3 мың адамның сапалы электр желілеріне қолы жетті. Бұл мақсатта биыл «Қайтпас 2», «Достық 2», «Қайтпас 1», «Ынтымақ» және «Ақниет» шағынаудандарындағы нысандардың құрылысы толығымен аяқталды. 1 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары мемлекеттік қабылдау комиссиясының қарауына өткізілді. Қалған 1 нысан бойынша құрылыс жұмыстары қыза түскен.
Биыл 24 көшені жарықтандыруға, 4 көшені қайта құру жұмыстарына облыстық бюджеттен 413,1 млн теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсына құжаттар әзірленіп жатыр. Көпқабатты тұрғын үй аулаларын жарықтандыруға (231 аула) жергілікті бюджеттен 151,6 млн теңге қаржы бөлінді. Қазір 4 аудан бойынша құрылыс жұмыстары қызған шақ.
Қаладағы саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау жұмыстарына келейік. Жалпы алаңы 116 га 9 саябақ, 32 гүлзар мен аллеяларды күтіп баптау жұмыстары талапқа сай атқарылып жатыр. Мәселен, бүгінде 1 Мамыр көшесіндегі гүлзарды қайта құру, «Нұрсәт» шағынауданындағы Назарбеков, 17 шағынаудандағы Жандарбеков аллеясына, «Мәртөбе» тарихи саябағын және «Қасірет» мемориалы аумағына қажетті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қоса, «Ордабасы» алаңын қайта құру, «Шымтөбе» тарихи алаңын, «Наурыз» саябағын көріктендіру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді.
Жаңадан жаяу жүргіншілер жолдарының салынып жатқаны – тұрғындардың бір қуанышы. Бұған күнделікті куә болып жүрміз. Атап айтқанда, Рысқұлов, Сайрам, Уәлиханов, Желтоқсан, Момышұлы, Бейбітшілік, Жангельдин, Дулати, Қонаев және Бәйдібек би даңғылдары бойындағы жүргізіліп жатқан аяқжолдардың құрылысына 362 млн теңге қаржы қаралды.

300 ЖАҢА АВТОБУС АЛУ ЖОСПАРЛАНУДА

Қала тұрғындары үшін транспорт саласы өзекті мәселе. Бұл туралы газетімізде көптеген мәселелер көтерілді. Енді атқарылған жұмыстар барысын сөз етсек. 2016 жылы 1 жаяу жүргіншілер өткелі, 9 магистральды көшені, 5 елдімекеннің көшесін және 1 жол өткелін қайта құру, 59 көшені күрделі және 98 көшені орташа жөндеу, 47 тротуар салу, 20 бағдаршам орнату жұмыстары жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар, қаланы 5 жерінен жол айрықтың жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Олардың құрылысы келесі жылға жоспарланған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде қалалық әкімдік пен «Green bus Company» ЖШС-мен бірлескен автопарк ашу жөнінде меморандумға қол қойылғаны белгілі. Қазіргі таңда, бірлескен «Шымкент Bus» компаниясы құрылып, жыл сайын лизинг арқылы 300 жаңа автобус алу жоспарланып отыр. Қала әкімінің тікелей басшылығымен қала тұрғындарының қауіпсіздігі, баспана және әлеуметтік инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру бағытында да бірталай жобалар жүзеге асты. Бұл ретте жергілікті полиция қызметіне «квадрокоптерлер», велосипедтер, автокөліктер әкелінді.
Қалада жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында көше қиылысына бағдаршам, мектеп аумағынан жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам, жол кедергілер орнатылды.

БІЛІМ НЫСАНДАРЫ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Білім саласы нендей шаралармен есте қалды? Бұл бағытта да атқарылған жұмыс аз емес: жаңа білім нысандары ашылды, ұлттық бірыңғай тестілеуде де тәуір нәтижеге жеттік, бірқатар білім нысандары күрделі жөндеуден өтті.
2016 жылы «Қаратөбе» шағынауданындағы 600 орындық, «Ынтымақ» шағынауданындағы 900 орындық мектеп, 1 жаңа балабақша пайдалануға берілді. № 91, 111 мектептердің 300 орындық жаңа ғимараттарының құрылыстары аяқталып, 1 қыркүйекте пайдалануға берілді.
Шымкент қаласында жыл сайын оқушылар саны 8000-ға артып отыр. Осыған байланысты, 2016 жылдың басында 7 мектеп үш ауысымда білім берсе, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде № 91, 111 мектептердің 300 орындық жаңа ғимараттарының құрылыстары пайдалануға беру арқылы үш ауысымдағы мектептер саны 2-ге азайды. 2017 жылдың соңына дейін қаладағы үш ауысымда білім беретін мектептердің мәселесі толық шешімін табады деп жоспарланып отыр.
2015-2016 оқу жылында Шымкент қаласы бойынша 6340 оқушы мектеп бітірсе, оның 4071-і ҰБТ-ға қатысты. Қала бойынша орташа балл – 82,6-ға жетті. «Алтын белгі»-ге үміткер 100 оқушы білімдерін дәлелдеп шықты.
33 231 оқушы жазғы демалыспен қамтылғанын да айта кеткен жөн. Оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен 4628 оқушы мемлекет есебінен, 22 803 оқушы мектеп жанындағы алаңдарда, 5800 оқушы ата-аналар есебінен қамтылды. Қала бюджетінен жалпыға міндетті білім беру қорынан жазғы маусымда жетім, жартылай жетім, көп балалы отбасылардың балаларын демалдыру мақсатында 116 млн теңге бөлініп, 4628 бала лагерьге тегін жолдама алды.
Биыл Шымкент қаласы бойынша 4 мемлекеттік балабақша (№ 60 «Тараз», № 61 «Нұртас», № 62 «Ботақан», № 63 «Айсұлу»), 39 жекеменшік балабақша есігін айқара ашты. Жалпы мектепке дейінгі мекемелерде 50 579 бала тәлім алып жүр.

193 870 АДАМ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН СЕРІК ЕТКЕН

Шымкент – салауаттылыққа бет түзеген шаһар. Бүгінде қаламызда 193 870 адам салауатты өмір салтын серік еткен. Қалада жалпы 781 спорт нысаны тіркелген: 314 спорт алаңы, 11 спорт кешені, 8 бассейн, саябақта 15 спорттық тренажер және 124 мектептің спорт залдары жұмыс істейді.
Қазір Шымкентте облыстық және қалалық спорт мектептерінде үйірмелер саны 1500-ден асады. Онда 14 мыңнан аса жасөспірім спортпен шұғылданады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1000-ға артып отыр.
Сәйкесінше спорт үйірмелеріне сұраныс та артып келеді. Мәселен, секциялардың ішінде ойын түрлері – футбол, волейбол және баскетболға қызығушылық жоғары. Бұдан бөлек, бокс, дзюдо, еркін күрес, каратэ, жеңіл атлетика, үстел теннисімен айналысушылардың да қатары қалың.
Қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту мақсатында жүзеге асқан «Shymkent Bike» жобасының маңызы бөлек. Биыл қалада 200 велосипедке арналған 40 велостанция ашу жоспарланса, қазіргі таңда 32 станция орнатылды. Одан бөлек, қала тұрғындары үшін 10 жерден «Street workout» пен шұғылдануға арналған алаңшалар ашу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін ондай нысандар 4 жерде іске қосылды.

«SHYMKENT CITY»-ДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Қаланың даму Тұжырымдамасына сәйкес, «Тұран» шағынауданында салынатын «Shymkent City» қалашығы ең ауқымды тарихи жоба деуге лайық. Биылдан бастап осы жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына 1,9 млрд теңге, 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын бастауға 388,0 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мердігерлер анықталып, құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар, қалашықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін биылғы жылғы қуаты 110 Кв «Астана-1,2» подстанциясының құрылысы басталып, саябақтың жобалық құжаттары әзірленуде.

Последнее изменение Понедельник, 26 Сентябрь 2016 05:15
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.