Жылу тарифі: мәселе толық зерделенеді Избранное

Пятница, 28 Октябрь 2016 06:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 8565 раз

muhaҚалада жылу беру маусымы басталды. Бұған дейін әлеуметтік мекемелердің бәрі де жылумен толық қамтылғанын жазған едік. 25 қазаннан бері кіші қазандықтар іске қосылып, «Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты үйлер, облыстық әкімдік ғимаратына жылу берілді. «Қуатжылуорталық-3» МКК-ның директоры Мұхит Тұрысбеков 28 қазаннан бастап қала бойынша барлық көпқабатты үйлерге жылу энергиясы жеткізілетінін айтады. Дегенмен, қала тұрғындарын алаңдатып отырған мәселе – жылу бағасының көтерілуі.

БАҒАНЫҢ КӨТЕРІЛУІНЕ НЕ СЕБЕП?

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ОҚО бойынша департаменті 20-шы қазан күні жылу бағасына қатысты жария тыңдау өткізген еді. Онда «Қуатжылуорталық-3» МКК-ның басшылығы 2017 жылға жылу тарифін 27 пайызға көтеру жөнінде ұсынысын айтқан. Яғни, бір шаршы метр жылудың бағасын 139 теңге 63 тиын етіп бекітуді сұраған. Бағаны бірден осынша пайызға көтеруге не себеп?
Қалада жылу энергиясын беру, бөлу және онымен жабдықтау қызметтерін жүзеге асыратын мекеме – «Қуатжылуорталық-3» МКК-і. Өткен жылы «3-Энергоорталық» АҚ-ның балансындағы жылу жүйелері осы мекемеге өткен. Биыл «Солтүстік» бөліктегі жылу жүйелеріне қайта құру жұмыстары жүргізілді. Құрылыс материалдарының бағасы да аспандап тұрғаны мәлім. Одан бөлек, су, газ, электр энергиясының да бағасы жыл санап артып отыр. Тарифтің негізгі көтерілуіне себеп болған жағдайлар осы. Бұл орайда «Қуатжылуорталық-3» МКК-ның директоры Мұхит Тұрысбеков жағдайды бізге кеңірек түсіндіріп берді.
– Шығындарымыз кірісті жаппай тұр. Бізде 1960-1970 жылдары салынған құбырлар әлі ауыспаған. Биылғы жөндеу жұмыстары барысында құбырларды Ресейден әкелдік. Бұған дейін мұндай жөндеу жұмыстары болған емес. Бізде 83 мың тұтынушы болса, соның 15 мыңы автономдық жылу жүйесіне қосылған. Одан кейін, тұрғындар арасында тұтынған жылуға уақытылы ақша төлегісі келмейтіндер де бар. Міне, осыған байланысты біз тарифті көтеруге мәжбүрміз, – дейді Мұхит Сексенбайұлы.
Өзге қоммуналдық қызметтер (электр, газ, су) құны жыл сайын 10-15%-ға көтеріліп отыр. Ағымдағы жылдың өзінде «3-Энергоорталық» АҚ тарапынан өндірілетін жылу құны 10,4%-ға, газ 10,8%-ға, электр энергиясы 5,2%-ға өскен.

Біздің облыс жылу бағасы бойынша республикада 9-шы орында тұр. Ал ең қымбат тариф Қостанайда – 192,38 теңге.
Тарифті 27 пайызға көтеру – бұл әзірге ұсыныс. ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті жылу бағасына қатысты мәселені зерттеп-зерделейтінін де айта кеткен жөн.
Ел арасында «Қуатжылуорталық-3» МКК-ы қарызданып қалыпты деген ақпарлардың да шыққаны рас. Бұл мәселе бойынша М.Тұрысбеков былай дейді: «Бұл – нормадан тыс шығындарға қатысты мәселе. Құбырлар жаңартылмауы себепті бірқатар қиындықтар туындады. Жылу мекемелері қанша жылу берсе, сонша ақшасын алады. Нормативтен тыс шығындар 176 974,0 Гкал. Ол көрсетілетін қызмет көлемінің 28,6%-ын құрап отыр».
Ал қала тұрғындарының жылуға деген қарызы – 74 млн теңге. Мемлекеттік кәсіпорын басшысының айтуынша, тұрғындар жаңа жылға дейін қарызынан толық құтылмақ.

НАҚТЫ ШЕШІМ ҚАРАШАДА ШЫҒАДЫ

Бұл ұсынысты талқылап, бір шешімге келу үшін әлі уақыт бар. ОҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің табиғи монополиялар және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Сәлима Бопова мәселе жан-жақты қаралып, 22 қараша күні нақты бекіту бағасы шығады дейді.
– Біз заң бойынша жария тыңдау өткіздік. Енді сарапшылар кеңесін өткіземіз. Оған облыстық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының өкілдері қатысады. Қалалық әкімдікпен бірлесе де жиындар ұйымдастырылады. Содан кейін ғана жағдайға қарай, нақты баға белгіленеді. Жалпы, баға бұл пайыздан төмен түсетіні анық. Дегенмен, жылу бағасы белгілі бір мөлшерде қымбаттайды, – дейді ол.

ЖЫЛУҒА ҚОСЫЛДЫ

Жылу беру бойынша кіші қазандықтарды қосу туралы қала әкімінің өкімі шыққан. Соған сәйкес, бүгінде «Нұрсәттегі» ӘІО қазандығынан шағынаудандағы 24 тұрғын үйге, облыстық әкімдіктің ғимараты, бірқатар мәдениет үйлеріне жылу беріліп жатыр.
– Қазір біз жылу жүйелерін суға толтыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 27 қазан күні жылу маусымы басталады. Сол күннен бастап, барлық үйге жылу беріледі, – дейді кәсіпорын директоры.
Айта кетсек, Шымкент қаласындағы 83 671 тұтынушының 18 882-і автономды жылу жүйесіне қосылған. Ал «Қуатжылуорталық-3» МКК-ның нақты тұтынушылары – 64 789.

 

Біле жүріңіз!

Қала тұрғындары жылу сапасы бойынша мазалаған сауалдарға мына байланыс телефондарына (тәулік бойы) хабарласып, мәлімет алуына болады:

 

Абай ауданы – 77-09-12, 56-25-75

 

Әл-Фараби ауданы – 54-58-46, 54-96-54

 

Еңбекші ауданы – 43-31-98,  43-31-09

 

Қаратау ауданы – 42-10-20, 42-10-21

 

Последнее изменение Пятница, 28 Октябрь 2016 06:45
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.