«Smart City»: автобустарды жаңалау керек Избранное

Пятница, 02 Февраль 2018 05:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4437 раз

Қалада қоғамдық көлік қызметіне талап жылдан жылға күшеюде. Автобустарды жаңарту, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау – басты міндет. Осы мақсат аясында Шымкентте қоғамдық көлiк саласын дамытуға арналған халықаралық форум өтті.

Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауында мегаполис қалалардың проблемаларын тиімді шешу үшін «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалалық ортаны басқарудың кешенді түрін енгізу айтылған-тын. Миллионға тарта тұрғыны бар Шымкент қаласының көлік саласын дамыту – кезек күттірмейтін мәселенің бірі.

Шымкент қаласының қоғамдық көлік саласын дамытуға арналған мұндай ауқымдағы форум алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Басқосуға Ресей, Қытай, Беларусь, Өзбекстан және елiмiздiң үздiк автобус құрастырушы зауыттарының, электронды билет жүйесі және қаржы институттарының өкілдері қатысып, пікір алмасты. Форумның аясында бағасы қолжетімді және сапалы автобусты анықтау, мониторингтік және электронды төлем жүйесі, бағаның тиімді тарифі, қоғамдық көлік саласындағы жұмысты дұрыс ұйымдастыру, мобильді қосымшалар және қосымша қызмет көрсету мәселелері талқыланды.

Бүгінде Шымкент қаласында жолаушылар тасымалдаумен айналысатын 26 көлік компаниясы 70 бағытта қызмет көрсетеді. 1700-ге тарта автобустың 70 пайызының пайдалану мерзімі 7 жылдан асып кеткен. Қала әкімі Нұрлан Сауранбаев қазіргі таңда қаладағы автобустардың жай-күйін айта келе, көліктердің нарықта бәсекеге қабілетті болу керектігін атап өтті. 

Қалалық жолаушылар көлігі және атвомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев жиынның нәтижелі болатынына сенім білдірді. 

– Көлік компанияларының басшыларына автобустарды жаңартыңыздар деген талап қойылғанына біршама уақыт болды. Қазір де бірқатар ұсыныстар әзірледік. Осы форумның соңында көлік компаниялары жаңа автобус сатып алса, оларға он жылға дейін келісім-шарт түзуге басымдық береміз. Одан бөлек, жаңа автобустарды сатып алып, оны сенімді басқарушыға беру де жоспарда бар. Үшінші нұсқа – муниципальді автопарк ашу, – дейді ол. 

Сонымен қатар, қалада мобильдік қосымшалар орнату да ойластырылуда. Яғни, алдағы уақытта телефон арқылы бағыттардың тиімділігін бақылап отыруға мүмкіндік бар. Ал қалада GPS құрылғысы барлық автобустарға орнатылған. 

Жиында «IBA Group» ЖШС-нің директоры Михаил Бунас (Беларусь), «Смарт ЖКХ» ЖШС-нің бас директоры Сержан Ақылбаев, т.б. қонақтар қоғамдық көлікке орнатылған мониторинг, төлем, «GPS» жүйелері мен мобильді қосымшаларын таныстырды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.