Шымкент туралы қызықты 7 дерек Избранное

Понедельник, 18 Июнь 2018 03:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 14781 раз

1. Шымкент – ТМД елдері арасындағы үздік қала

002-1

2011 жылы Халықаралық ассамблея Шымкент қаласын ТМД елдері арасындағы ең үздік қала деп таныды. Бұл марапат шаһар тұрғындарының ыңғайлы тұрмысы мен тазалығын, тұрғын үйлер мен ғимараттарды жаңарту, қоқыстан тазарту, жылу маусымына дайындық және басқа да әлеуметтік, қоғамдық жаңалықтарды басты назарға ала отырып табыс етілді. Айта кетейік, Халықаралық ассамблея ұйымына ТМД елдерінің 85 қаласы мүше. Олардың қатарында Қазақстаннан Астана және Шымкент қалалары бар.

2. Шымкент – аумағы жағынан ең үлкен қала

Шымкент еліміз бойынша аумағы жағынан ең алып қаланың бірі және бірегейі. Соңғы жылдары қалаға жақын үш ауданнан 40-тан астам елдімекен Шымкент аумағына қосылды. Соның нәтижесінде шаһар аумағының көлемі 1170 шаршы шақырымға жетті. Бұл – Қазақстан бойынша қалалардың ішіндегі ең үлкен аумақ. Соның нәтижесінде қала халқының саны 900 мың адамнан асып, шаһардың миллионыншы тұрғыны 2018 жылдың 17 мамыры күні дүниеге келді.

3. Он үшінші аймақты 13-ші әкім басқаруда

Бірі білсе бірі білмес, Шымкентке 1992 жылдан бастап бүгінгі таңда қаланы тізгіндеп отырған Нұрлан Сауранбаевпен қоса алғанда 13 азамат әкім болған. Алғаш болып шаһардың басшылық лауазымына келген - Амалбек Тшанов. Ол 1993 жылдың 15 желтоқсанына дейін әкім болды. Сол уақыттан 1995 жылдың 16 қазанына дейін қаланы басқару Сейіт Белгібаевқа бұйырды. Одан кейін 1997 жылдың 14 желтоқсанына дейінгі аралықта әкімдікке Анарбек Орман келді (қаланы екі рет басқарған әкім). 1999 жылдың 14 мамырына дейін Шымкенттің әкімі Қылышбек Ізбасханов болды. 2006 жылы Анарбек Оңғарұлы қайта әкім болып келгенге дейін Шымкентті Төретай Бекжігітов, Болат Жылқышиев, Ғалымжан Жұмжаев сияқты әкімдер бастарды. 2006 жылдың 27 қыркүйегіне дейін қаланы Өмірзақ Әметұлы басқарды. 2008 жылдың 19 ақпаны күні Елбасының бұйрығымен Арман Жетпісбаев Шымкент әкімі болып тағайындалады. 2012 жылдың 24 сәуірі күні жүгі ауыр бұл қызметке Қайрат Молдасейітов келеді. Бір жылдан кейін Шымкент қаласының әкімі болып Дархан Сатыбалды тағайындалған. 2015 жылы Шымшаһарға Ғабидолла Әбдірахымов әкім блып тағайындалса, 2017 жылдың 7 қарашасынан бастап Шымкенттің әкімі - Нұрлан Сауранбаев. «Он үшінші» аймақты 13-ші әкім басқарған тұста шаһар еліміздің үшінші мегаполисі статусына ие болғалы тұр.

4. Ең алғашқы фронт-офис - Шымкентте

0555

2016 жылдың 20 қазаны күні Шымкентте фронт-офис ашылды. Бұл - Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан ашылған жаңа мемлекеттік қызмет көрсету орталығы. Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, мұндай кеңсенің бүгінде ТМД елдерінде баламасы жоқ. Бұл орталықта қалалық әкімдік тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтің барлық түрі бір жерде «бір терезе» жүйесі арқылы ұсынылады. Фронт-офис жүйесінде өтініш иесінің құжаттарын қабылдау кезінде арнайы бақылау коды беріліп, тіркеуге алынған құжат штрих-код арқылы әкімдіктің тиісті бөліміне жөнелтіледі. Өтініш қысқа мерзімде қаралған соң жауабы фронт-офиске жіберіліп, тұрғындарға беріледі немесе өтініш иесінің электронды мекенжайына жіберіледі. Сондай-ақ өтініш иелері бақылау коды арқылы өтініштің қаралу барысы жөнінде мәлімет ала алады.

5. Шымкент – жасыл қала

«Шымкент» сөзінің атауы түркінің "Шым" және иранның "Кент" - қала, мекен деген сөздерінен құралған. Осының өзі қаламыздың о бастан жасыл қала болғанын білдірсе керек. Оңтүстікте облыс әкімінің бастамасымен «Шатқал» бағдарламасы қолға алынған. Оны аясында бір ғана Шымкент қаласында 5 саябаққа 50 мыңнан астам көшет егілді. Жалпы, Шымкент жасыл-желекке оранып, келушілерді бірден жылылыққа бөлейтін ауа райымен ерекше. Ақпан айының соңынан басталған жылы күндер қазан айына дейін қала тұрғындары мен қонақтарын қуантып тұрады. Мұнда жаздағы сынап бағанасы +40 градусқа жетуі ешкімді таңқалдырмайды. Осындай шуақты өлкенің тұрғындары - еліміздегі ең қонақжай, мейірімді, жомарт әрі еңбеккор жандар.

6. Шымкент – «дәмді» қала

Қазақстан бойынша ең дәмді тағам Шымкентте әзірленетіні халық аузында аңызға айналып кеткен. Дегенмен, бұл аңыздың ақиқаты бар. Қонағын ілтипатпен күтіп алған шымкенттіктер оның алдына ең дәмдісін ұсынады. Бұған ауа райының қолайлылығы да себеп болса керек. Біздің өңірде көкөніс пен жеміс-жидек ерте піседі. Бұған жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен барлық жаңалыққа тез бейімделгіш екенін қоссаңыз, Шымкенттің дәмі тіл үйірер тағамын бір жеген соң ұмытпайтын адамдардың естелігін түсінесіз. Бұған қоса барлық нәрсе Оңтүстікте арзан. Ал дәмі таңдайыңнан кетпейтін кәуабы ше?

7. Шымкент – театрлар қаласы

005

Жалпы, Оңтүстік Қазақстанда 8 театр болса, соның бесеуі Шымкентте орналасқан. Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры, орыс драма театры, опера және балет театры, сатира және әзіл-сықақ театры және қуыршақ театры Шымкент тұрғындары мен қала қонақтарын өз қойылымдарымен қуантып келеді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.