Астананың 20 жылдығына - 20 нысан Избранное

Понедельник, 18 Июнь 2018 03:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2974 раз

Биыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Осы мақсатта Оңтүстік Қазақстан облысында «Астананың 20 жылдығына - 20 нысан» акциясы басталды. Аталған мереке қарсаңында облыста және Шымкент қаласында әлеуметтік нысандар және кәсіпорын саласында 20 нысан ашылып, ел игілігіне берілмек.

DSC 7379

20 жылдыққа 20 түрлі жануар сыйламақ

«Астананың 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы аясында Шымкент зообағының «Африка» зоологиялық аймағы пайдалануға берілді. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ж.Түймебаев пен қала әкімі Н.Сауранбаев, мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары және жазғы демалысын Шымқалада өткізіп жүрген бір топ балақай қатысты.
1980 жылы құрылған зообақта қайта түлету мақсатында кезең-кезеңімен құрылыс жұмыстары 2017 жылдың сәуір айында басталған. Осыдан бірнеше ай бұрын зообақ басшысы Н.Бұхарбаев құны 627 114 мың теңгені құрайтын «Африка» аймағында құрылысы аяқталуға жақын бірқатар жұмыстармен таныстырған-ды. «Зообақ келушілеріне арналған орталық аяқжолдың бойында субұрқақ орналасады. Субұрқақтың айналасында 6 түрлі жануардың мүсіні орнатылады» деген. «Африка» аймағының ашылуында сол айтылған жоспардың барлығы жүзеге асқанына көз жеткіздік.
Қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтаған облыс басшысы бұл жаңалық жуырда ғана миллионды қала атанған шаһар үшін үлкен сый болғанын жеткізді.
– Елімізде жалпы 3 зоосаябақ болса, соның бірі біздің облыста орналасқан. Осы нысанды жаңғырту, қайта құру жұмыстарын мердігерлер жоспар бойынша аяқтай алды. Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығына Шымкент зообағы мен қаланың миллион тұрғыны атынан Астана қаласына жануардың 20 түрін сыйға тартамыз, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Елордаға сыйлайтын 20 жан-жануардың қатарында арыстан, Амур жолбарысы, пума, қоңыр аю секілді жыртқыштар мен кезқұйрық, тілеміш, тазқара, үкі құстары да бар.
«Африка» аймағының ашылуына келген балақайларға сыйға тартқан балмұздақтан дәм татып, жаңарған зообақта сайран салды. Әсіресе, күннің ыстығында бассейнде рахаттана жүзген сусиыр қызықтырмай қоймайды. Зообаққа келушілер кең әрі құрылысы көз тартар сәнді «вилланың қожайынына» тамсанып, бұл арада бірауық аялдайды.

Қошқар ата аумағы - жанға сая

«Астананың 20 жылдығына - 20 нысан» акциясы аясында Шымкент қаласында ашылған тағы бір нысан - абаттандыру жұмыстары жүргізілген Қошқар ата өзенің жағалауы пайдалануға берілді. Айтулы шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев, қала әкімі Н.Сауранбаев және облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев шымкенттіктерді жаңа демалыс аймағының ашылуымен құттықтап, болашақта жүзеге асатын жобалармен таныстырды.
- Шаһардың шырайын аша түсетін Қошқар ата жағалауы - қала тұрғындарының сүйікті орнына айналып, мүлдем жаңа кейіпке енетін болады. Өйткені, алдағы уақытта Қошқар ата өзені бойында көп қабатты үйлер салынып, Қарасу және Қошқар ата өзендерінің бойы толық абаттандырылады. Жалпы, "Ескі қалашық» жобасы бойынша Қошқар ата өзенінің жағалауы демалыс және қорғау аймағы болып қарастырылған. Осылайша бұл маңай мегаполис атанған қаланың таңдаулы, көрікті жерлерінің біріне айналады, - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жаңа келбетке енген жағалаудың ашылу рәсіміне келген қонақтар демалыс аймағын аралап, дән риза болысты. Қазір өзен жағалауында жарықшам мен орындықтар орнатылып, түрлі ағаштар егілген.
Бүгінгі таңда демалыс аймағының жобасын толық аяқтау үшін мемлекет мұқтажына алынатын тұрғын үйлер мен жер телімдеріне өтеамақы төлеуге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Айта кетейік, «Астананың 20 жылдығына - 20 нысан» акциясы аясында Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан «Шымкент Темір» ЖШС-нің болат құю зауыты да іске қосылмақ. Жалпы құны 4,2 млрд теңге болатын кәсіпорын жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс орны іске қосылғанда 150 азамат жұмыспен қамтылады дейді жауапты мамандар.

Н.БЕКТАЕВ,
А.МОЛДИЯРҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.