99 нысан қаланың меншігіне өтті Избранное

Среда, 28 Ноябрь 2018 04:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2875 раз

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс 41-сессиясында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзіне жүктелген қызметтер мен міндеттердің орындалуы туралы есеп берді.

130

 

Шаһар басшысы қала статусының өзгеруіне байланысты негізгі күш әкімшілік-ұйымдастыру жұмыстарына бағытталғанын, жергілікті атқарушы органдардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімде көптеген іс-шара атқарылғанын атап өтті.
Мәселен, қалалық әкімдіктің басқару құрылымына өзгерістер енгізіліп, штат саны 509-дан 721 қызметкерге көбейген. Ал әкімдіктің 15 салалық бөлімі қайта құрылып, басқарма болып өзгертілді және жаңадан 8 басқарма құрылды. Бұдан бөлек Түркістан облысы мен Шымкент қаласы арасында нысандарды бөлу балансы бойынша 99 нысан қаланың коммуналдық меншігіне өтті.
– Осыдан екі жыл бұрын қабылданған даму концепциясы бойынша Шымкентті миллионды қалаға жеткізу мақсаты қойылған еді. Біз оған қол жеткіздік. Таяуда Оңтүстік Кореяға барып қайттым. Онда Сеул қаласының басшылығымен кездесіп, құрылыс компаниясының басшыларымен бірқатар келісімдерге қол жеткіздік. Енді келесі жылы қалада үлкен құрылыс жұмыстары басталады. Жалпы, қалада әлеуметтік-саяси жағдай тұрақты, - деді қала әкімі.
Шымкентте 10 айда атқарылған жұмыс көрсеткіштері де атап өтерліктей. Мәселен, қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 384 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға артып отыр. Он айда индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 9,5 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, жаңа 613 жұмыс орны ашылған.
Кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп тұрған субьектілер саны 56,8 мыңға жетіп, онда 140 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2,2 млрд теңгеге 188 жобаға қолдау көрсетілсе, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 41 жобаға 442 млн теңгеге шағын несие беріліп, 81 жаңа жұмыс орны ашылған.
Жалпы, қала экономикасына бағытталған инвестиция көлемі 524 млрд теңгені құрап, 2,8 есеге өсіп отыр. Қала әкімі Елбасы тапсырмаларын орындауда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Сессияда, сонымен қатар, Шымкент қаласының 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, қаланың 2018-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді. Бұл мәселелер депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.