«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласы бойынша жол картасы әзірленген. Аталған жол картасына сәйкес 2 жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу болса, екіншісі – Шымкентте Smart-тұрақтар жүйесін енгізу.
Үшінші мегаполистегі көлік тұрақтарын дамыту мәселесі бақылауға алынып, таяуда «ақылды» тұрақтар пайда болады. Интеллектуалды жүйе әзірге қаладағы 20 орында орнатылмақ. Бұл мақсатта қала бойынша «Smart-тұрақтар» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.
Мұндағы мақсат – шаһардағы экологиялық ахуалды жақсарту, көлік тұрақтарының санын көбейтіп, жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасау.
Жобаны іске асыру үшін «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан «Шымкент паркинг» ЖШС құрылды. Бүгінгі таңда нысандарды паспорттау талаптары белгіленіп, тұрақтар орналасатын орындар бойынша келіссөздер жүруде.
Жоба авторларының айтуынша, көлік тұрақтарында инспекторлар жұмыс істейді. Әр көліктің тиісті орынға қойылуын бақылау дәл осы мамандарға жүктелмек.
Ал көлік иесі тұрақтың ақысын төлем терминалы, ұялы қосымша, смс-хабарлама немесе жүйенің сайты секілді бірнеше әдіспен төлей алады.
– Жоба беларустық үлгі негізінде жүзеге асырылады. Бұл жүйеде паркоматтар болмайды, олардың орнына қолданылатын арнайы интеллектуалды жүйе тұрақтардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді.
Полиция департаменті, коммуналды қызмет, төлем жүйелері, жүргізушілерді құлақтандыру жүйесі мен эвакуация қызметі арасындағы байланыс та осы арнайы жүйе арқылы іске асады.
Құны 109 млн теңгелік бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асады. Ондағы «Shymkent» ӘКК үлесі - 49%, ал 51% «Ақ жол» ЖШС-на тиесілі, – деп мәлімдеді «Shymkent» ӘКК» АҚ баспасөз хатшысы Сайра Амантаева.
«Shymkent» ӘКК» АҚ өкілдерінің айтуынша, көлік тұрақтарына арнайы 20 учаске бөлінген. Олардың барлығы ретсіз тұрақтар көлік кептелісін туындататын ірі базарлар мен басқа да нысандардың маңында орналасқан.
Жобаның басты мақсаты – қала көшелеріндегі кептелісті азайтып, қозғалысты жылдамдату, жол апатының алдын алу, қалада қозғалыстың қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкентте 350 мыңнан астам көлік құралы ресми тіркелген. Оның ішінде 275 000 жеңіл автокөлік бар. Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда қаладағы әр 1000 тұрғынға орта есеппен 300-ден аса көліктен келеді.
Ал көлік тұрақтарымен қамтамасыз ету көрсеткіші 10%-дан төмен. Бұл – он көлік иесінің тоғызы көлікті қою мәселесімен үнемі бетпе-бет келеді деген сөз.
– Жобаны жүзеге асырудан түскен қаржыны «Shymkent» ӘКК толығымен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға, нақты айтқанда, қаладағы үйлердің аулаларындағы көлік тұрағын шешуге жұмсайды. Бұл – өзекті мәселе.
Пәтер иелері өз аулаларына бөтен көліктер кірмес үшін бөгеттер қойып, жолдарды жабуға мәжбүр. Қазіргі таңда корпорация осы мәселемен де айналысуда, – деді Сайра Амантаева.