Өңірдің өнерін өрістеткен Избранное

Пятница, 23 Август 2019 04:33 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2689 раз

«Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен үнемді пайдалану көргенділікті көрсетеді». Бұл – біздің сөзіміз емес. Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» мақаласында айтылған тұжырым.

392

 

Біз әңгіме еткелі отырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Лесбай Майемеровтің облыс, қала берді республика мәдениетіне қосқан үлесі мен еңбегін осы тұрғыдан таразыласақ, оның өмір жолының өнегелі өрімін де тани аламыз.
Қиялымен өткен күндерге шегінген Ілекең әңгімені әріден бастады. Иә, студенттік шақ – болашағыңа несібе жинауға ең қолайлы шақ. Шыны – сол , Лесбай Майемеров Ташкенттегі Бүкілодақтық байланыс техникумында білім алып жүргенде тек қызық қумапты. Өнер мен мәдениет тарихынан суыртпақтап сыр тартқан. Барлығына уақыт таба білген. Еске алып отырса, жетпісінші жылдары жатақханда бірге тұрып, қара нанды қақ бөлісіп жеген жеті-сегіз жігіттің бәрі де бүгінде бір-бір қызметтің тұтқасын ұстаған азаматтар. Бірі – медицина , бірі – транспорт, ал енді бірі білім саласын таңдады.

Лесбай тумасынан бойында дәнегі бар мәдениет саласын таңдады. Әңгіменің орайы келгенде айта кетсек, Ілекең қызмет жолын Мақтаарал (бұрынғы Киров) ауданындағы «Победа» ұжымшарында жастар ұйымының хатшылығынан бастады. Бойында өнердің тұмасы бар әрі ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жас маманды аудандық мәдениет үйінің директорына көтерді. Тынымсыз жан Мырзашөл өңіріндегі өнерпаз жастардан айтулы ансамбль құрды. Сұлу ән мен тамылжыған күй арқылы қара еңбектен шаршаған мақташылардың сергіп, демалуына жағдай жасады. Бұған Лесбайдың өз бойына біткен әншілігі де үлкен сеп болды. Лесбайдың орындауындағы «Балқадиша», «Ғайни», «Шилі өзен қамыс-ай» әндері жан баурады. Ол бастаған өнерпаздар Өзбекстандағы қазақ ауылдарын сан мәрте аралады.
Сексенінші жылдар Одақ бойынша халық өнерінің ең шарықтаған сәттерімен есте қалды. Міне, осы бір өнер толқынына Лесбай Майемеров бастаған аудан өнерпаздары талай-талай қызықты бағдарламаларымен үлес қосты. Олардың ең таңдаулылары облыс орталығы Шымкент қаласының тұрғындарына да ұсынылды.
Лесбай Майемеровтің бақ жұлдызы осылай жанды! Аудан өнерпаздары қойған сахнадан кәдімгі қазақы табиғатымен сай-сүйегіңді ерітетін, адамның адамға деген сыйластығын, сағынышын нәзік нақышпен жеткізетін көріністерді сезінген қала басшылығы қойылымның режиссерын өзіне шақырды. Рухы биік, сондай бір ғаламат рухани құндылықтардың шырайлы Шым шаһар төрінен орын алуына орайлы мүмкіндік ұсынып тұрған соң, аудандық мәдениет үйінің директоры келісті.

... Ұрпақтан ұрпаққа ғасырлардың тереңінен аңсау мен сағыныш үні болып жететін асыл мұра, сырлы әуен енді Шымкенттің көрікті алаңдарынан шырқалды. Түрлі халықаралық форумдарды әуенмен әрлеп, от шашумен көркемдеді. Әр форумның мәрелі кештерін думан концертке айналдыруда Бағараның бағланы алдына жан салмады. Ол сахналанған әр көрініс көрермендерді еліктіре, еміндіре түсумен бірге, мағыналы ойға, терең тебіреніске жетеледі.
Шет-шегі беймәлім өнер әлемін бағындыру үшін бойдағы талантты толықтырып тұратын білім мен біліктілік қажет. Осы орайда Ілекең тағы да алымдылығын танытты. Ол Шымкент педагогикалық институтында білім көкжиегін кеңейтті. Өнер майталмандары С.Оразбаев, А.Әшімов, С.Өтемісов, дарынды режиссер Жақып Омаровтың ақыл-кеңестерін тыңдады. Шымкент жерінде өте дарынды режиссер, оңтүстік өңірінің мақтанышына айналған Серік
Елеусізовпен қызметтес болды. Өзбек халқының өнер жұлдыздары Фарух Закиров, Аббас Алиевтермен жиі араласты. Өнерге деген құштарлық алға жетелей берді. «Көп көңілінен шығатын дүние сыйлау үшін ол дүниеге алдымен өзіңіз ынтық болуға тиіссіз» деген қағиданы ұстанды.

Бірде осы сауалдың жауабын іздеп келе жатқанымызда Лесбайдың «Шәмші әлемі» саябағында жай ғана даусымен:
Шилі өзен қамыс-ай,
Бізді ойлай жүр, таныс-ай, -
деп әндетіп отырғанын көріп қалдық. Сәлемдесуге бұрылдық. Амандық – саулықтан кейін қазір ғана болған ыңғайсыздықты Лекеңнің өзі жуып-шайды:
- Кейде осылай саябақтарды аралап, өткенді еске алатыным бар. Сондайда Егізкүл анашым салатын әндер есіме түседі. Анамыз 83 жасында дүниеден озғанға дейін халық әндерін тамылжыта орындап отыратын. Жаңағы да сол кісінің сүйсініп салатын әні еді. Ал, әкем Созақтың күй тарихы Төлеген Момбековпен ағайындас болып келеді, - деп сағынышқа берілді. Көңілінің сетіней бастағанын байқап, тез қоштастық.
«Жақсылармен жүздессең, жаның жайсаң болады» демекші, өнер адамдарымен, ел елеулілерімен иықтаса жүргендіктен болар, Ілекеңнің жүзі қашанда жадыраңқы, үні асқақ шығады. Осы асқақтық ол қойған көріністердің бәрінен де сезіледі. Оның шарықтау шегі облыста, тіпті елімізде тұңғыш рет Ш.Қалдаяқов атындағы ән байқауын ұйымдастыруында жатыр. Куәгерлердің айтуынша, жұртшылықты дүр сілкіндіріп, тыңдарманын селт еткізген осынау ғаламат қойылым небәрі сегіз күнде дайындалыпты. Әрине, мұндай тапсырыс бастапқыда облыс деңгейінде берілген. Алайда ондағылардың салғырттығынан уақыты ұзап бара жатады. Содан бұл шараны өткізу Лесбай басшылық ететін Шымкент қалалық мәдениет басқармасына жүктеледі. Осы жерде Ілекең нарлығын танытпаса, бүгінде республика бойынша қанатын жайған «Менің Қазақстаным» ән байқауының тұтанбай қалуы да мүмкін еді. Осындай ауқымды фестивальдің тұңғыш алауын жаққан Лесбайға Оңтүстік жеріне аяқ басқан ел басшылары Н.Назарбаев, И.Каримов, А.Ақаев, С.Демирелді жоғары деңгейде қарсы алу бағдарламасын жүргізу де сеніп тапсырылды. Сондай мемлекеттік маңызы бар шараның бірі – 1994 жылы Ордабасы тауында үш жүздің басын қосқан билер мен қазақ батырларының құрметіне арналған жиын еді. Осы жоғары деңгейдегі басқосуда Елбасы Н.Назарбаев алқалаған халықтың алдында «Менің Қазақстаным» әнін орындады. Міне, осы бір ғажайып сәтте Мемлекет басшысының қасында Лесбай даңқты әнді бірге әуелетті. Иә, айтпақшы, сол күні Сара Алпысқызын, Оңтүстік жұртшылығы атынан ілтипат көрсетіп, биге шақырды. Сол бір шуақты күндердің әр сәті осы кезге дейін көз алдында.

– Мына өмір – тұнып тұрған мәдениет. Сіз бен біз соның бір бөлігіне ғана қызмет жасап, соның нанын жеп келдік, - дейді ол жетпіске келсе де қыры сынбаған киімінің шалғайын түзеп жатып. Бұл нақтылықты өз өмірінен алып отырғаны сөзсіз. Кезінде «Қала күні» мерекесіне орай Шымкентпен бауырлас қалалар Балакесер, Стивинейдж, Волгоград, Оренбург, Омск, Томск, Шыршықтан қонақтар шақырылатын. Дүниенің төрт бұрышынан келгендердің алдында ұлттың намысын жоғары ұстаған жігіт өз өзіне жіті көзбен қарауды дағды етті. Ол жасаған туындылар қатарында «Тайбурыл-3», республикалық «Шәмші әндерінің фестивалі», Өзбекстан, Украина елдерінің мәдениеті мен әдебиетінің күндері, сондай-ақ қазақ киносының жұлдыздарын Шымқаламен таныстыру секілді іргелі шаралардың жатуы да нағыз жігіт екендігін айқындаса керек. Бүгінде жетпістің желкенін керген шағында да кербез болмысынан танбаған Ілекеңнен осындай сергектігінің сырын:
– Бұл өмірде ешқандай жалынып, жалпайғаныңа келмейтін, қайырылмайтын екі нәрсе бар. Ол – денсаулық пен талант. Бұл екеуін жаныңнан ұзатпау үшін, жүрегіңде ұстау үшін тек еңбектену қажет, – деп түсіндіреді.
...Ия,жетпіс жасында да жиырма бестегі жігттей жалтылдаған замандастың өңірдің өнерін өрістеткен өнегелі істері жайлы ұзақ-сонар айтатын әңгіме аз емес.

Нұрлан Әділханов,
ҚР мәдениет қайраткері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.