Ақылды ұл ерінбейді, қуатты ел сүрінбейді Избранное

Пятница, 23 Август 2019 04:36 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 609 раз

Біз, қазақ баланың болашақта кім болатынына тұсауын кесерде өзімізше болжам жасап жатамыз. Қаз-қаз қадам басқан сәбидің алдына қамшы, домбыра, кітап, көлік кілті, ақша қойып, таңдау жасағанына мәз боламыз. Қылығы шыға бастағаннан «осы баладан бірдеңе шығады-әй!» деп сүйсінеміз. «Қабілетті баланы өз биігінен көрудің бірден бір жолы – оның ақыл-ойын дамыту» дейді белгілі ғалым, ҚР Білім және ғылым министрлігінің екі мәрте Құрмет грамотасын иемденген белгілі математик Ырысбек Мәуіт. Осы ойды өрбіту мақсатымен біз республикалық пән олимпиадаларының жеңімпаздарына жетекшілік жасаған ғалыммен білімді ұрпақ тәрбиесі жайлы сұхбаттасқан едік.

393

 

– Ырысбек аға, сізді Шымкент қаласында көргенімізге қуаныштымыз.

– Бізге де Шымкентте жұмыс істеген ұнап қалды. Әу баста мұнда жиі келемін деген жоспарым жоқ еді. Қаланың ауа-райы да тыныс-тіршілігі де жұмысқа бел шешіп кірісіп кетуге өте жайлы екен. Елордадан осы жаққа қарай көшеміз-ау! (күлді)

– Жақсы шешім ғой. Сіз басқаратын «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығы Нұр-Сұлтан қаласының өзінде төрт жерден ойып тұрып орын алып, оқушыларды Назарбаев зияткерлік мектебіне (НЗМ) дайындайды деп естідік.

– Төрт емес, алты жерде. Биыл тағы екі жерден қосымша бөлімдерін ашуға тура келді. Сондай-ақ, біздің мектеп туралы білетіндердің ұсынысымен Алматы және Шымкент қалаларында да филиалдарын ашып отырмыз.

395

– Қандай жақсы жетістік?! Оқу орталығында 2000-ға жуық бала оқиды екен. Төлемақысы құпия емес пе? Жалпы, бұл кәсіп пе әлде шынында да балаға білім берудің ұтымды әдісін таптыңыздар ма?

– Біз балаларды бірінші кезекте НЗМ және басқа да кәсіптік лицейлерге, Назарбаев университетіне және шетел университеттеріне дайындаймыз. Мәселен, 2017-2018 жылы «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығында білімін жетілдірген 327 баланың 210-ы НЗМ оқу грантына ие болды. Биылғы көрсеткіш одан да жоғары. Ал ҰБТ-дан біздің шәкірттер жинаған орташа балл – 117. Біз үшін бұл зор жетістік. Ал төлемақысын және басқа да мәліметтерді біз сайтымыздың бірінші бетінде ашық жариялап отырамыз. Кәсіп емес, ұстаздың бойындағы қабілет пен білімді балаға берудегі құштарлық деген дұрыс шығар. Себебі, басшы ретінде мен мұғалімдерге белгілі мөлшерде жалақы қойып, қалғанын табыс ретінде алып қалмаймын. Керісінше, төлемақыдан түскен қаражаттың басым бөлігі үздік мұғалімді тарту үшін олардың айлық табысына жұмсалады.

– Жақсы екен. Соңғы кездері «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келіп, елімізге қызмет етіп жүрген азаматтарға қарап, шетелде оқуды армандайтын жастар көбейді. Сондай-ақ, әрбір оқушының арманы – Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алу. Педагог-ғалым ретінде айтыңызшы, баланың парасат биігіне шығару үшін жан-жақты білім беруді қай жасынан бастаған дұрыс?

– Екінші сыныптан бастауға кеңес беремін. Себебі, бала 7 жасқа дейін өзін қоршаған ортаны танып, жазуын қалыптастырады. Сан мен әріпті жатқа үйренеді. Дәл осы кезеңдерді балақайлар сәтті пайдаланса, 2 сыныптан бастап қосымша сабақты игеруге қабілеті артады. Ата-ана осы жұмыстарға көбірек көңіл бөлуі қажет. Ата-аналар көбіне 1-2 сыныпта баланың үлгеріміне көп көңіл бөлмейді де, 3 сыныпта ол сыныптастарынан қалып, оқу бағдарламасын игере алмай жатқанда ғана қосымша сабақтарға алып барады. Онсыз да үш жылдық білім көрсеткіші кенжелеп қалған балаға қосымша сабақтар ауыр соғып, оның білім алуға, сабақ оқуға ықыласы болмай қалуы да әбден мүмкін. Осындай жағдайда баланың меселін қайтармау үшін жеке дара білім беру бағдарламасын дұрыс үйлестіре білу қажет. Ең әрісі үшінші сыныптан кейін оқушы ағылшын тілі мен математиканы меңгеруге бет бұрса, бұл ұмтылыстың міндетті түрде нәтижесі болады. Қажетті біліммен дер кезінде сусындаған бала 10 жасында білуге деген ұмтылысы қалыптасып, ересек адамдармен дискуссия жасауға жарайды. Дәл осы кезден бастап бала жеке тұлға ретінде қалыптасады.

394

– Сіз айтып отырған жұмыстарға ойша ілесудің өзі оңай емес сияқты...

– Әр заманның талабы басқа, қазір жаңа технологияның дәуірі жүріп тұр. Дүние қарыштап дамып жатқанда біздің жас өскіннің жан-жақты тану, қабылдау зеректігі де сол талаптан кенже қалмауы тиіс. Баланың жылдам ойлап, кез келген жағдайға тез бейімделуі үшін оның логикасын, ақыл-ойын дамыту бүгінгі күннің ең бірінші талабына айналғаны сондықтан.

– Логика! Біз бұл тақырыптағы сабаққа университет қабырғасында ғана ден қойып оқыдық. Ал қазіргі оқу бағдарламасы бойынша логикаға мектептің бастауыш сыныптарынан-ақ басымдық беріліп отыр. Дегенмен, оқушының бүгінгі тапсырмасы мен кешегі тапсырмасының арасында жүйелі байланыс жоқ. Мұндай қиын тапсырмаларды әсіресе, математика пәнінен кездестіруге болады. Есептің қиындығынан оқушы тұрмақ, мұғалім мен ата-ана да жаңылысатын сәттердің кездесетіні жасырын емес.

– Бастауышты аяқтаған оқушы 5 сыныпқа өткенде тоқырауға түскендей қиналатыны да сол. Осы аралықта бағдарлама бірден күрделенеді. Мектеп бағдарламасы заман талабына сай тақырыптың бәрін қамту мақсатында жасалған. Ондағы кей тақырыптарды тарқатып түсіндіруге сағат жетпейтіні анық. Ал НЗМ бағдарламасы мүлде басқа. Міне, білім алу барысындағы осы қиындықтардың бәрінен қиналмай өту үшін оқушы сан түрлі мысалдармен жан-жақты жұмысты көбейтуі қажет. Мәселен, бір ғана есепті бірнеше мысалмен шешудің жолдары бар. Әрине, бұның бәрі бала қабілетін арттыру, логикасын дамыту үшін тиімді.
Қазақстанда жаратылыстану пәндерін математикадан бөлек оқытады. Ал біз осы химия, физиканы математикамен бірге меңгеру әдісіне басымдық береміз.

– Жаратылыстану пәндерін байланыстыру арқылы логиканың дамуына жол ашады екенсіздер ғой?

– Дәл солай!

– Ал ментальды арифметика туралы не айтар едіңіз?

– Ментальды арифметика 1-4 сынып оқушыларының есте сақтау қабілетін жақсартуға көмектеседі. Ал 4 сыныптан кейін логиканы дамыту керек.

– Сіз ұстаздық қызметті Қытай халық Республикасында бастаған екенсіз. Халық саны миллиардтан асып жығылатын аспан асты еліндегі тәжірибенің пайдасы тиген болар?

– Әрине. Қытайда 10 жыл ұстаздық етіп, Қазақстанға келгенде білім беру жүйесінен көптеген айырмашылықты байқадым. Адам көп жерде әрқашан бәсекелестік те жоғары болады. Қазақстанда мұғалімдерге өте жақсы жағдай жасалған. Дегенмен, ең білімді оқушыларды дайындау үшін тек орыс тілін жақсы білу керек деген түсінік бар екен. Сондай-ақ, Қазақстан мектептерінде жаратылыстану пәндерін математикадан бөлек оқытады. Алайда, біз «шетелде бәрі тамаша, Қазақстанда жағдай қиын» деген ойдан арылуымыз керек. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан аса уақыт енді өткеніне қарамастан, 18 миллион халқы бар қазақтан да бүгінде үздік ғалымдар шыға бастады.

– Иә, шынында да, біз шетелде бәрі тамаша деп ойлаймыз. Сол үшін шет тілін меңгеруге барымызды саламыз. Қарапайым мысал, бала ағылшын тілін үйренсін деп кітап дүкенін араласаң, тек орыс тіліндегі сәтті аудармаларға көзің түседі. Амал жоқ, қаршадай балаға үш тілді үйретеміз. Бірақ, біздің санамыздағы «қазақ үшін ең жақсы білім орыс тілін меңгеру арқылы келеді» деген стереотипті сіз бұздыңыз. Қазақтілді оқушылардың зердесін қалай дамытып жүрсіз?

– Жаратылыстану пәндерін байланыстыра отырып, баланың логикасын дамытатын 10-нан астам әдістемелік оқулықты жазып шықтым. Қазір сол оқулықтарды өзіміздің оқу орталығында да пайдаланамыз. Осы орталықтың ұстаздарына дәріс беріп, оларды сол әдістеме аясында жұмыс істеуге дайындаймын. Сондай-ақ, еліміздің әр өңірі семинарға шақырып тұрады. Сонда бастауыш сынып мұғалімдеріне оқушының логикасын жан-жақты дамыту арқылы танымын арттырудың әдістерін үйретуге тырысамын. Бала жаратылыстану пәндерін жете түсіну арқылы ақылды, зерек болады. Ал ағылшын тілін меңгеру Еуропа өркениетіне жол ашады. Бізге бұдан артық не керек?

– Кез келген баланың зердесін ашып, интелектуалды потенциалын көтеру мүмкін бе?

– Қазіргі балалар тумысынан ақылды. Қызығушылығы да жоғары әрі өте зейінді. Жасына толмаған бала смартфонды қарайды. 2-3 жастағы бала интернеттен өзіне қажеттінің бәрін тауып ала алады. Ата-ананың міндеті сол толассыз ақпараттың жақсы-жаманын іріктеп беру ғана. Кейде, олардың дұрысты бұрыстан ажырата білуі үшін қателесуіне де мүмкіндік беру керек. Балаға бір есепті қате шығарып беріп, «дұрыс па?» десеңіз, ол «ата-ана қателесуі мүмкін емес» деген оймен «иә, дұрыс» деп жауап береді. Сосын, «жоқ, дұрыс емес» деп есепті қайта шығарсаңыз, ол ойланып қалады. Осы әдісті жиі қайталасаңыз, бала ой тәуелділігінен арылады. Дұрыс-бұрысты өзі ажыратуға бейімделеді. Ақыл-ой таразысы қалыптасады.
Бұрын екінің бірі экономист, заңгер болуға тырысты. Қазір заман талабына сай жастар технолог немесе IT маманы болуға тырысады. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы
Н.Назарбаев та «IT білімді қалыптастыруға көңіл бөлу қажет» деген-ді. Міне, Қазақстанның цифрлы дәуірінде болашақ жастар жетістікке жетсін десек, біз олардың логикасын дамытуды бүгіннен бастауымыз қажет.

– Әңгімеңізге рахмет! Зерделі ұрпақ тәрбиелеу жолында жетістікке жол ашатын қадамдарыңыз дәйім сәтті болсын!

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.