Туризм басқармасының есебіне депутаттар қанағаттанбады Избранное

Среда, 25 Сентябрь 2019 03:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 314 раз

Шымкент қаласы мәслихатының отырысы өтті. Депутат Нұрғазы Бұхарбай төрағалық еткен жиында депутаттар есеп беруші басқарма басшыларына бірқатар ұсыныстар айтты.

туризм есебі

Жиынға Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, Экономикалық даму және Депутаттық өкілеттік этика әкімшілік аумақтық құрылым мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының мүшелері мен басқарма басшылары қатысты.

Отырыста кезекті елу алтыншы сессиясының қарауына ұсынылған күн тәртібінің жобасындағы он мәселе талқыланды. Жиында ең алдымен Шымкент қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының есебі тыңдалды.

Ондағы мәселелердің бірі - Асанбай Асқаров атындағы дендросаябағының кіру ақысы қызу талқыға түсіп, депутаттар тарифті қайта қарау жөнінде ұсыныс берді.Сондай-ақ, жиында жер қойнауын пайдалану мәселесі қозғалды. Комиссия төрағасы Е.Дәрменовтің айтуынша, Асар шағынауданында орналасқан бетон зауытына қатысты тұрғындардан шағым түскен.

Өндіріс тұрғын үйлерге жақын орналасқандықтан жел тұрғанда зауыттың шаңынан тұрғындардың берекесі қашып, аталмыш зауыт экологияға зардабын тигізуі мүмкін. Осыған байланысты жауапты мамандарға заңға сәйкес сараптамалық жұмыс жүргізуді тапсырды.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы өз есебінде атаулы әлеуметтік көмек мәселесіне тоқталды.Сондай-ақ, 8 ай ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да айтарлықтай әлеуметтік қолдау көрсетілген. Қала бойынша 1819 азамат протездік-ортопедиялық көмекпен және техникалық көмекші құралдармен қамтамасыз етілді.

470 мүгедекке қол арба құралдар таратылды. Үш мыңға жуық азамат шипажай орындарына емделуге жолдама алған. Сонымен қатар, арнайы жабдықталған «Инватакси»19 автокөлікке 585 өтініш қабылданып, мүгедектерге қызмет көрсетуде.

Десе де, мәслихат хатшысы Ғани Әбдіғаниұлы жауапты мамандарға мәслихаттың жеке қабылдауына және келіп түсетін хаттардың басым көбі мүгедек азаматтардан екенін айтып,олардың өтініштеріне барынша көңіл бөлуді тапсырды.Депутат Ермек Аманжолұлы да бұл басқарманың халықты жаңалықтармен ақпараттандыру барысында ұйымдастыру жұмыстарын жақсартуды ескертті.

Сонымен қатар, халық қалаулылары энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен туризм басқармасын сынға алды. Атқарылған жұмысының олқы тұстарын айтып, мемлекет қаржысын тиімсіз пайдаланды деген күдікпен энергетика және коммуналдық шаруашылық басқарма әрекеттерінің заңдылығын анықтау үшін, тексеру комиссиясына хат жолдауды ұсынды. Ал, қаламыздың көрікті жерлері мен тарихи орындарын жарнамалау жағына көңілі толмаған депутаттар туризм басқармасының есебін қанағаттандырусыз қалдырды.

Қызметіне салғырттықпен қараған кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы да халық қалаулыларының сынына ілікті. Депутаттардың сөзіне қарағанда, бұл басқармаға қажетті қаржы қаралғанымен жұмысында шикіліктер көп. Осыған байланысты комиссия мүшелері басқарма есебін қабылдаудан бас тартып, шара қолдануды ұсынды.

Бұдан кейін, ішкі саясат және дін істері, отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармалар мен денсаулық сақтау басқармасының есебі тыңдалып, лайықты баға берілді. Жиын соңында комиссия мүшелері қатысушыларға ескертулердің аяқсыз қалмауын, аталған мәселелер депутаттардың жіті бақылауында болатынын ескертті.
Аталған мәселелер алдағы тұрақты комиссияның бірлескен отырысында егжей-тегжейлі қаралатын болады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.