ҚАРЖЫ мен ҚАРҚЫН қаланы дамытуға дем береді Избранное

Среда, 30 Октябрь 2019 04:22 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1959 раз

Шымкентте «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысы өтті. Отырысқа партияның Шымкент қаласы бойынша төрағасы Ерлан Айтаханов пен партия мүшелері қатысты.

204

 

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Шымкенттің 2018-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы.
Аталмыш бағдарлама жайында қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр баяндама жасады. Ербол Әбілқайырұлының сөзінше, Бағдарламада 72 индикатор қарастырылып, оның 2018 жылы 65-не қол жеткізілген. Нәтижесінде, қаланың жалпы өңірлік өнімі 2,1 трлн теңгеге жетіп, өсімі 114,1%-ды құраған. Бұл – өсімі бойынша республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш.
2019 жылы жалпы өңірлік өнімді 2,4 трлн теңгеге, өсімін 104%-ға, халықтың жан басына шаққанда жалпы өңірлік өнімді 2,4 млн теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Сондай-ақ, Е.Садыр бағдарлама 5 бағыттан тұратыны жайында да атап өтті. Олар: экономика әлеуметтік сала, қоғамдық қауіпсіздік және құқық қорғау, инфрақұрылым, экология және жер ресурстары.
Жиында сөз алған шаһар басшысы Ерлан Айтаханов бірнеше мәселелерге тоқталды.
«Бұл бағдарлама халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Бүгінде өзекті мәселелер өз шешімін күтуде. Яғни, біз партия мүшелері проблемамен тікелей күресуіміз қажет. Бұндай талапты «Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қойып отыр.
Мәселен, қаладағы өзекті проблемалардың бірі – мектептердегі оқушылардың сыйымдылығы. Кейбір мектептерде оқушылар тіптен аз, ал, кейбіреулерінде оқушылар сыныпқа симай отырады. Бұл мәселені біз мектеп салумен шеше алмаймыз. Себебі, проблемаға екі жақты қарауымыз керек. Ең алдымен мұғалімдердің деңгейін, білімін көтеруіміз қажет. Мектептің мәртебесі білімнің сапасымен өлшенеді.
Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Біз, яғни, жергілікті партия мүшелері әр іске жанымыз ашып, жүйелі жұмыс істеуіміз керек. Сонда ғана сапалы нәтижеге қол жеткіземіз», - деді Ерлан Қуанышұлы.
Жиын соңында «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері аталған бағдарлама мен жаңа бастамаларды жұмыла атқаратындарын жеткізді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.