Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол!

Среда, 11 Декабрь 2019 03:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 482 раз

«Шымкент – қайырымды қала» деген арнайы айдар тағылғалы бері арамыздағы қайырымды жандарды қолдап, көтермелеп-ақ жүрміз. Әсілі, шымкенттіктер бұрыннан-ақ қайырымды, әу бастан-ақ мейірімді.

бакыт

Соның бір көрінісін қайырымды қаланың Бақыт Кенжебаев деген тұрғыны көрсетті. Қалай дейсіздер ғой? Ол өз идеясымен, материалдық қаражатымен Шымкент қаласы Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары арасында Абай оқуларын өткізді. Иә, бұған дейін республикалық деңгейде тұтас бір министрліктің бастамасымен және білдей бір облыс немесе қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізіліп жүрген Абай оқуларын өзіміздің арамыздағы қарапайым қазақтың баласы ұйымдастырды.

Қалай дейсіз бе? Оқушыларға ұлы ақынның, Бас ақынның өлеңдерін жатқа айтып, сайысқа түскені үшін қаржылай жүлде тікті. Бұл өз кезегінде жасөспірімдерді қызықтырмай қоймады.
«Сіздерге ұрпағымыздың баға жетпес байлықты тапқанының куәсі болғаным жайлы айтқым келеді. Іні-қарындастарыма Абай өлеңдерін оқуға берген едік, қуана жаттауға кірісті.

Мақсатым -- жастардың бойына Абай атамыздың өлеңдеріндегі данышпандық ақыл-ой мен зерделі сөзді сіңіру еді. Осы мақсатта жарыс ұйымдастырып, ақшалай жүлделер белгіледік. Оқушылар барын салып ұлы ақынның өлеңдерін жатқа айтып, мәнерлеп оқудан бақ сынады. Мен де іні-қарындастарыма бар білгенімді айтып ағымнан жарылдым. Абай жырларынан адамдық пен адалдықтың үлгісін санасына сіңірген жеткіншектердің өмірден өз жолдарын адаспай табатынына сенемін», - дейді Бақыттың өзі.

Жалпы Бақыт Кенжебаевтың есімі дүйім жұртшылыққа осыдан екі жыл бұрын күркетауық бағып, геллендваген мінген жігіт ретінде танылған болатын. Сол сүйікті кәсібін одан әрі дөңгелетіп, бір жағы оқушылар арасында Абай оқуларын өткізу арқылы өнегелі іс көрсетіп, азаматтық танытып жүр. Артынан ерген бауырларын Абай өлеңдерінің қуаты арқылы биік шыңдарға жетелемек. Ол алдағы уақытта еліміздің барлық мектептерінде осындай байқаулар өткізуді алдына мақсат етіп қойған.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.