Премьер-Министрдің орынбасары – Шымкентте Избранное

Пятница, 17 Январь 2020 03:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 153 раз

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын пысықтау мақсатында үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келді.

DSC 9762

Үкімет басшысының орынбасары сағатына 2000 жолаушының өтуіне мүмкіндік беретін Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалының құрылысымен танысты. Бүгінде жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының 1-кезеңі аяқталды.

Қазіргі таңда екінші кезеңнің құрылыс жұмыстарын «Альянс Контракт Құрылыс» ЖШС жүргізуде. Құрылысқа 115 жұмысшы, 10-ға жуық арнайы техника тартылды. Жұмыс 2 ауысымда атқарылылуда. Жаңа терминалдың құрылысын осы жылдың қазан айында аяқтау көзделген.

Қазақстан Үкіметі жеңіл өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді.

Вице-премьер одан әрі тоқтап тұрған бұрынғы «Меланж» АҚ-ның тоқыма фабрикасын және бұрынғы «Ютекс» АҚ тігін фабрикасын қайта іске қосу барысындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Бұл кәсіпорындардың мүлік меншігі «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-на тиесілі.

Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылғы 21 маусымда Ташкент қаласында қол қойылған Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары арасындағы екі жақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 18-отырысының хаттамасына сәйкес, екі ел арасындағы тауар айналымын өзара ұлғайту мақсатында Өзбекстан тарапымен бірлескен тоқыма кластерін құру мәселесін қарастыру қажеттігі жайлы келісімге қол жеткізілген болатын.

Хаттаманы орындау үшін «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ мен Өзбекстан Республикасының «Alliance Textile» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы арасында өткен жылдың 22 маусымында стратегиялық ынтымақтастық туралы шекті келісім жасалды.

Кейіннен тараптар Шымкент қаласында орналасқан меншік құқығындағы аталмыш қорға тиесілі тоқыма фабрикаларын басқару жөніндегі жол картасын әзірледі. Осы жол картасы орындау барысында «ALLIANCE» сауда-өндіріс компаниясы» ЖШС-і бірлескен кәсіпорны құрылды. Жол картасы шеңберінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының тізімі, оларды орындау және тоқыма фабрикаларын іске қосу мерзімдері анықталды. Оған қоса қажетті қосалқы бөлшектер сатып алынып, техникалық аудит жүргізіледі.

Жол картасының 1-кезеңінде 7 жыл бойы тоқтап тұрған «ALLIANCE» сауда-өндіріс компаниясы» ЖШС-сі (бұрынғы «Ютекс» АҚ) жіп иіру фабрикасы өткен жылы іске қосылып, 120 адам жұмыспен қамтылды.
Екінші кезеңде «Ютекс» АҚ тігін фабрикасын биылғы мамыр айында, ал, бұрынғы «Меланж» АҚ ағымдағы жылдың желтоқсанында қайта іске қосу жоспарланған.

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың айтуынша, жол картасының жүзеге асырылуы, тоқыма кәсіпорындарының қайта іске қосылуы үшінші мегаполис үшін өте маңызды. Бүгінде әкімдік тарапынан өндірісті іске қосуға және кәсіпкерлікке мейлінше қолдау көрсетіліп, инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде.

Аталған фабрикаларды іске қосу Шымкентте тоқыма кластерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстанда өңделетін мақта көлемінің 2 есеге өсуін қамтамасыз етіп, 800 адам жұмыспен қамтылады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.