«ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ САПАСЫ – БАСТЫ НАЗАРДА» Избранное

Пятница, 17 Апрель 2020 02:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1851 раз

455

Төтенше жағдай Шымкенттегі жол жөндеу жұмыстарына қолбайлау болмауы керек. Көшедегі көлік қозғалысының аздығы мен жұрттың жаппай үйде отырған сәтін тиімді пайдаланған жөн.

Қала аумағында жүріп жатқан жол салу жұмыстарының барысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
– Қаланың орталығында тұрсақ та талайдан бері топырақ кешіп жүр едік. Енді, міне, көшемізге асфальт төселіп, су ағатын арықтар орнатылуда. Бұған, әсіресе, балаларымыз қатты қуанды. Көшеміздің ажары кірді. Бұл үшін қала тұрғындарының атынан алғысымыз шексіз, – деді қала әкімімен жүздескен Самал-2 шағынауданындағы Сейітов көшесінің тұрғындары.

Қаладағы Гагарин көшесі мен Республика даңғылындағы жол құрылысы да қарқынды жүруде. Қалаға кіреберістегі орталық даңғыл бойындағы құрылысты аралаған қала басшысы мердігерлерге бірінші кезекте сапаға мән беруді тапсырды. Оған қоса карантин кезінде жұмысшылардың барлық сақтық шараларына мұқият болуын жүктеді.
Әкім «Самал» базарына барар жол бойының қос қапталындағы аяқжолдар мен суағар лотоктардың арасында ашық жерлерді жасыл желекпен көмкеруді тапсырды. Жол құрылыс сапасын барлық талаптарға сай жүргізу үшін құрылыс басында күнделікті бақылаушылар сараптама жүргізіп жатыр. Оған қоса сол көше тұрғындарын тікелей құрылысты қадағалап тұруға шақырды.
Шымкент қаласындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 297 606 шақырымды құрайды. Оның 56,5%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Шаһардағы жол сапасын дамыту мақсатында 417,6 шақырым жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстарына биыл бюджеттен 25,6 млрд теңге бағытталған. Оның 5,1 млрд теңгесі республикалық қазынадан болса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Нәтижесінде 294 шақырым жол мен 6 көпір және 1 жолайрық пайдалануға беріледі.
Қала әкімі, сондай-ақ, Шымкент әуежайындағы жаңа терминал құрылысымен танысты. Ол бірнеше кезең бойынша жүруде. Барлық құрылғы заманауи үлгіде болады.
Жолаушыларды өткізу және жүк қабылдау цифрлы түрде жүргізіледі. Одан кейін әуе кемелеріне арналған перронды кеңейту жоспарда бар. Терминалға апаратын жаңа жол мен инженерлік құрылым және абаттандыру жұмыстары бірге аяқталады деп жоспарланған.
Мердігерлермен жүздескен қала әкімі жүк тасымалдаушы көліктердің жүріп-тұруы үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. «Құрылысқа қажетті заттардың басым бөлігі отандық. Сондықтан сапасы жоғары болады», деп атап өтті компания өкілдері.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.