Блок-бекеттердегі жағдай қандай? Избранное

Среда, 29 Апрель 2020 00:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 213 раз

13

Шымкенттегі Бозарық 3-ші және 9-шы блок-бекеттегі жағдай қоғам назарын аударды. Дәрігерлер мен полицейлер ауыз сусыз, антисептиксіз жұмыс істеуге мәжбүр. Оған қаламыздағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы арнайы мониторингтік топ мүшесімен бірге жасаған  рейд кезінде  көз жеткіздік. Карантин талаптарына қайшы жағдайларға қанықтық.

Бозарықтағы 3 блок-бекетте қай күні болмасын халық қарасы қалың. Шұбатылып кезек күткен жеңіл машиналар мен ауыр жүк көліктерінің соңы көрінбейді. Қала кіреберісіндегі блок-бекетке дәрігерлер, «103»-тің мамандары, полицейлер мен әскери қызметкерлер тартылған. Мұндағы әскери қызмет сарбаздары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етсе, полицейлер бекеттен өтетін автокөліктер мен тұрғындарды қадағалайды. Ақ халаттылар минут сайын өтіп жатқан әрбір тұрғынның денсаулығын тепловизормен тексереді. Сырттай қарағандағы бұл көріністе мін жоқ секілді.
Бірақ бізді күні-түні алдыңғы шепте еңбек етіп жүрген жандардың жағдайсыз күйі қынжылтты. Сала мамандарының қай қайсысы да бір минут та дамыл таппайды. Тікесінен тік тұрып қызмет атқаратын олар 8 сағаттан 3 ауысымда жұмыс істейді. Алайда карантин талаптарын қадағалаған бекеттегі қызметкерлер үшін ауыз су түгілі қол жуатын, жуынатын қара судың тапшы болып тұрғаны таңқалдырды. Антисептик таусылған. Қолғап пен бетперде 3 сағат сайын ауыстырылуы тиіс десек те, ол талаптың орындалуына аталған қорғаныш заттарының дәл осы маңызды учаскеде жетіспей жатқанын қалай түсінуге болады? Бұл аз десеңіз, олардың киім ауыстыратын жайы да қарастырылмаған. Қысқасы, блок-бекетте жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге жағдай жасалмағанын көзімізбен көріп, көңіліміз құлазыды. Тек әскерилерге ғана көңіл бөлінген сияқты. Олар үшін палатка тігіліп, тынығатын керуеттер қойылған. Тамақтану уақыты да мерзімімен... «103»-тің мамандарының ахуалы да жүдеу көрінбеді. Арнайы қорғаныш киім, маска, медициналық қолғаппен қамтылған. Былай айтқанда, шағымы жоқ. Әйткенмен әскерилерге арналған палатканың жанындағы полицейлер үшін тігілген палатканың іші жалаңаш. Қара жерде екі матрас қана жатыр. Күні бойы тапжылмастан тұратын 15 полицейдің кезекпен аяқ суытып алуына жасалған бар жағдай осы ғана.
Айтпақшы, екі күннен бері ауа райы ысыды. Сынап бағасы 30 градусқа көтерілді. Күн астында дамылсыз жұмыс істейтін қызметкерлерді ыстықтан шөл қысатыны анық. Адам жанына арашы жандар еріндері кезеріп, өткен кеткен адамдарды журналына тіркеп жатыр. Бекеттегілерді тағаммен қамтамасыз ету қарастырылғанда, ауыз су жеткізу мәселесіне неге мән берілмеген? Әлде сала мамандарының жағдайын қарлығаштың қанатымен су сепкендей болып жүрген еріктілер ғана ойлауы қажет пе?
Орын алып отырған олқылықтарды Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің Қаратау ауданы бойынша мамандары келіп тексеріпті. Ескерту жасап, кемшілікті жоюды тапсырған. Бірақ сонан бері бір апта өтсе де ахуал ешқандай өзгермеген. Мәселе шешімін таппай, аяқсыз қалған.
– Карантин енгізілгелі блок-бекеттерге бақылау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мақсатымыз - жемқорлықтың алдын алу мақсатында заңға қайшы әрекеттерді әлеуметтік желілерге жариялап, құзырлы органдарға жолдаймыз. Шешімді жауапты мамандар шығарады,– дейді Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы топ мүшесі Дастан
Асқарұлы.

Сала өкілінің сөзінің жаны бар

Бұдан бөлек жүргіншілер мен жүргізушілердің заңға қайшы әрекеті де тыйылмай тұр. Көбісінің рұқсат қағазы жоқ. Берілген анықтамалары жарамсыз. Бірақ бекетке бекітілген қызметкерлер кейбір азаматтардың келеңсіз әрекеттері мен оғаш мінездеріне еріксіз шыдас беруде. Дене қызуын тексерткісі келмей қарсылық танытатын, індеттің көбейгенін дәрігерлерден көріп, дөрекі сөздерге тізгін беретін базбіреулер де кездеспей қалған жоқ.
– Бұлардың аппараты жұмыс істемейд. Өтірік тексереді, – деп тепсінген жігіт ағасының қылығы қынжылтты. Оның денсаулығы үшін алаңдап, тікесінен тік тұрып жұмыс істеп тұрған дәрігерлерге алғыс айтудың орнына орынсыз мінез көрсеткеніне жөн болсын дедік іштей.
Енді бірі «Қалаға тіркелгенмін. Мекенжайым осында. Неге бекеттен өте алмаймын? Екі күн қатарынан келдім, рұқсат қағазымды арқалап. Жаяу жүрмін. Кері қалай қайтамын? Отбасым, балаларым осында», деп ашуға булықты. Аудандардың бірінен келген бұл жігіт рұқсат қағаздың сайтта тіркелетінінен бейхабар. Мұны түсіндіруге тырысқан полиция қызметкерінің сөзіне құлақ асар түрі жоқ.
Жолаушылардың көпшілігі қалаға кіріп шығу туралы талап пен тәртіпті ескермейтін сыңайлы. Тиісті талапты біліп тұрса да оған бағынуды жөн санамайтындары да бар. Тіпті жүргізушілердің кейбірі полицейдің қолындағы планшетте өздерінің рұқсат берілген тіркеуде жоқтығы үшін құқық қорғау қызметкерімен жаға жыртысуға дайын екенін көрдік. Әйтеуір қалай да бекеттен өту үшін өрекпіген жұрт..
9 блок-бекетте де жағдай көңіл көншітпейді. Ара қашықты сақтайтын орын белгіленбеген. Бұл бекеттегілердің де да ауыз суға жарымай отырғанын білдік. Киім ауыстыратын, қол жуатын орын да ескерілмеген. Ал бекет маңында қалаға кіре алмай, айналсоқтап жүргендердің қатары аз емес. Таңертеңнен бері 43 жаяу жүргінші өткізілген. Қуаныштысы, індет жұқтырған адамдар тіркелмепті.
Блок-бекетте болған бірнеше сағатта бірталай заңсыздыққа куә болдық. Әрине, бүгінгі төтенше жағдай ешкімге оңай тиіп тұрған жоқ. Дегенмен заң талабы бәріне ортақ. Ал рейд барысында көз жеткізген жайларды ескерсек, қатерлі дертті ушықтырмаудың жолында жан аямай алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен тәртіп сақшыларының еңбегі мен жағдайы назардан тыс қалмағаны жөн. Блок-бекеттерге жауапты басшылар ең алдымен осыны ескерулері керек.

Последнее изменение Среда, 29 Апрель 2020 04:51
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.