Дүкен сөресіне – ДЕЛДАЛСЫЗ Избранное

Пятница, 22 Май 2020 02:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 198 раз

1

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өнімдерін арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатқан ірі агроөнеркәсіптік кешен мен құс фабрикасының жұмысымен танысты.

Ауыл шаруашылығы бағытындағы нысандарды аралау барысында қала әкімі Мемлекет басшысының «Егістіктен дүкен сөресіне дейін» ұсынысын іске асыру бойынша тауарөндірушінің өнімін делдалсыз нарыққа шығару үшін кәсіпкерге базарлар мен сауда орталықтарынан сауда нүктелерін ұсынуды айтты. Сонымен қатар, дағдарыстан зардап шеккен кәсіпкерлерге жергілікті билік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Ең алдымен қала басшысы Сайрам елдімекеніндегі мал бордақылау және тауарлы сүт өнімін өндірумен айналысатын «Бәйтерек Агро» АӨК-не барды. Кешеннің жалпы аумағы 300 гектар. Оның 14 гектарына қоражай орналасқан. Мұнда 1300 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы мен 200 бас сауынды сиыр бар. Кешенде кәуап, қазы секілді 10-ға жуық ет өнімін тапсырыспен жасайды. Сондай-ақ, тәулігіне 4 тоннаға дейін сүт өндіріп, құрт, сүзбе, айран тағы басқа сүт өнімдерін дайындайды. Бұдан өзге күніне 50 бас ірі қара малды союға мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда 60 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал ауысым кезінде жұмысшылар саны 200-ге дейін көбейеді екен.
Шымкентте ауыл шаруашылық бағытында кәсібін дамытқысы келетін азаматтарға «Бәйтерек Агро» агроөнеркәсіптік кешеннің жұмыс үлгісін ұсынуды айтқан қала басшысы серіктестіктің жұмысына оң бағасын берді.
– 2017 жылы жұмысын 50 бас ірі қара малмен бастаған шаруа қожалық жүйелі жұмысының арқасында бүгінгі күні ірі қараны 1 мың басқа, ұсақ малды екі мыңға жеткізіп отыр. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен және қала тұрғындарын сапалы өнімімен қамтуда. Еселі еңбегінің нәтижесінде кәсіпкер жылына 50 миллион теңге көлемінде табыс табуда,– деді қала әкімі.
Алдағы уақытта «Бәйтерек Агро» АӨК басшылығы сүт өңдейтін зауыт пен ет комбинатын салуды жоспарлап отыр. Өз кезегінде, Мұрат Дүйсенбекұлы ол мақсатқа жетуге көмегін аямайтынын айтты.
Сапар барысында шаһар басшысы жұмыртқа және бройлер етін өндіру бағытындағы «Шымкент құс» ЖШС-нің құс фермасына барды. Қазіргі таңда 320 адам тұрақты жұмыс жасайтын фермада 600 мыңға жуық бас құс өсірілуде.
Фабрикада жұмыртқа жинау және сорттау процестері автоматтандырылған жүйеде жұмыс жасайды. Заман талабына сай зоотехникалық, ветеринарлық зертханаларымен қамтылған.
Құс фермасы қуаттылығы жылына 105 млн дана жұмыртқа және 2000 тонна бройлер құс етін өндіруге бағытталған.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.