Сақтансаң, сақтайды....

Пятница, 29 Май 2020 07:18 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1894 раз

Шымкентте COVID-19 індетін жұқтырғандар 700-ден асты. Аурудың алдын алуға мықтап ден қойғанымен, сақтық шараларын ескермей жүрген тұрғындардың қарасы қалың. Содан болар бірнеше күннің ішінде науқастар саны күрт өсті. Коронавирус жұқтырғандардың пайыздық көрсеткіші де айтарлықтай жоғарылаған. Сала мамандары дабыл қаққанымен, сөзге құлақ асатындар аз.

DSC 2996

Үшінші мегаполистің Бас санитариялық дәрігері Әбдіманап Төлебаев қаладағы коронавирус инфекциясына қатысты ахуалды баяндады. Брифингте коронавирус індетін жұқтырған науқастар мен қаладағы COVID-19 инфекциясының алдын алу шаралары жан-жақты айтылды.

Қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау депаратаментінің басшысының айтуынша, Шымкент қаласында 2020 жылдың 27 мамырға COVID-19 инфекциясымен 732 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 69,4 пайызды құрап отыр. Коронавирус жұқтырғандардың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар. 732 жағдайдың 22-і сырттан келіп тіркелген (13-і халықаралық жүк тасымалының жүргізушісі, 1 жолаушы Польшадан ұшып келген, 8-і Ресей Федерациясынан келген, оның ішінде 7-і адам жұмыс істеп жүргендер және 1 студент).

Науқастармен қарым-қатынаста болған 3895 адам оқшауланып, оның 2067-і карантиннен алынған. 50-ге тарта адам өз үйінде карантинге жабылған. Ал стационарлық ем қабылдап жатқандар саны - 500. Қауіпті дерттен 6 адам қайтыс болған. Айыққандар 228-ді құрайды. Ауыр індетпен күн-түн демей күресіп жүріп, COVID-19 инфекциясын жұқтырған мамандар да бар.

– Бүгінге дейін індетпен күрес барысында Полиция Департаментінің шытаттан тыс 1 қызметкері, Қорғаныс министрлігінің 3 әскери қызметкері және Ұлттық ұланнан 1 әскери қыметкер коронавирус жұқтырған. Науқастармен қарым-қатынаста болған медицина қызметкерлерінен де COVID-19 инфекциясы анықталды. Жалпы 127 жағдайдың ішінде 20-сы - дәрігер, 69-ы - медбике, қалғаны – орта және кіші буын қызметкерлер, - деді Ә.Төлебаев.

DSC 3007

Шымшаһарда 25 мамырдан бастап карантиндік режимді жеңілдетудің екінші кезеңі жоспарланған болатын. Бірақ қалада эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтамауына байланысты, ол 2020 жылдың 8 маусымына дейін созылды. Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылығы 24 мамырда №18 «Шымкент қаласының аумағында карантин және шектеу шараларын ұзарту туралы» Қаулысы қабылданып, жұмысын қайта бастаған нысандарға COVID-19 бойынша карантин кезіндегі күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтауға минималды және кеңейтілген талаптар әзірленді. Төтенше жағдай енгізілген күннен бастап арнайы құрылған мобилді топ мониторинг жүргізіп келеді.

  Бүгінге дейін мониторингпен 5000-нан астам нысан қамтылды. Оның ішінде 1460-ы қоғамдық коммуналдық нысан болса, 2890 тамақтану орыны, 303-і өндірістік нысан. Бұл көрсеткішке балабақшалар да кіреді. Жергілікті әкімдік қызметкерлері мен департаменттің мамандарынан құралған 16 мониторингтік тобы қала аумағында өздеріне тапсырылған міндетті атқарып жатыр, - дейді спикер.

Статистикаға сүйенсек, коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 11 пайыздан жоғары болған. Сондықтан санитарлық дәрігерлер әліде сақтық шараларын қатаң сақтау керектігін ескертеді. Кәсіпкерлік нысандарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескертпеге бағынбағандарға әкімшілік хаттамалар толтырылған.

Санитарлық дәрігерлердің келтірген дерегіне сүйенсек, елімізге төтенше жағдай жарияланғаннан бастап санитарлық талаптарды сақтамағандарға 140 әкімшілік шара қолданылса, төтенше жағдай аяқталғаннан бері 14 хаттама толтырылған. Сала мамандары соңғы қабылданған қаулыда көрсетілген сақтық шараларын тұрғындар сақтамай жатқандарын айтады. Олар бұл ретте патрульдік полиция қызметкерлерін күшейтуге ұсыныс жасап, маска кимеген тұрындарға қатаң шара қолданбақ. Оған құлақ аспайтындар болса, заң талаптарына сәйкес айыппұл салынатынын ескертеді. Қалада бетперде тапшылығы жоқ екенін де алға тартады.

 Маска тақпаған жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 13890 теңгені құраса, лауазымды қызметкерлерге 41670 теңге. Шағын бизнес үшін 277 800 теңге айыппұл салынады. Ал орта бизнес – 555 600 теңге, ірі кәсіпорындарға салынатын айыппұл сомасы 833 400 теңгені құрайды. Тәртіп баршаға ортақ екенін ұмытпаса екен, - дейді Шымкенттің Бас санитариялық дәрігері.

Апта соңында жағдай тұрақталса комиссия кәсіпкерлік нысандардың саны арта түсетінін айтты. Қоғамдық тамақтану орындары мен жазғы алаңдар да іске қосылады. Спорт объектілері, базалары мен залдарын жұмыс алгоритмі қарастырылмақ. Тек олар санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы тиіс. Осы ретте «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін халық нақылы еске түседі. Әлемді әбігерге түсірген кеселден арылу түптен келгенде адамдардың салғырттығына байланысты екенін түсінер уақыт жетті.