СУ ПАЙДАЛАНУ МӘСЕЛЕСІНДЕ ЖҮЙЕЛІЛІККЕ ЖЕТЕ АЛМАЙ ЖҮРМІЗ Избранное

Среда, 10 Июнь 2020 03:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2100 раз

h7sUjgjotdeCRalzGiQXvXuG8RpVYL5a

Бүгіндері бір мазасыз күндер тұр қоғамымыздың басында. Өйткені өтпелі бір кезең келді де, тоқтап қалды. Бірақ ештеңе мәңгілік емес. Бұл күндер де өтіп кетер. Асықпай, бар жағымызды барлап, бажайлап алуымыз керек. Экономикамыздың бүгінгі жағдайында елді қаржы жағынан қиындыққа ұшыратып, тұрғындарды алаңдататын оқиғалар өз шешімін табатынына сенейік.

Күні кеше елімізде түйіні қиын бір проблема кездескені белгілі. Ол – Өзбекстан аумағында Сардоба су қоймасында болған оқиға.
Суармалы жерді сумен қамтамасыз ету – ең өзекті жайт. Қазақстанның су пайдалану проблемалары трансшекаралық сипатта екендігі белгілі. Өзбекстанның Сардоба су қоймасында келеңсіз жағдай орын алғанда Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануға қатысты маңызды мәселелерімен бетпе-бет кездестік.
Сардоба біздің шекарамыздан 50-70 шақырым жерде жасалған су қоймасы. Сыйымдылығы – 922 млн куб. 2017 жылы іске қосылған. Ең терең жері 35 метр. Жағалауларына төменнен жоғары қарай 14 метріне бетон плиталар қойылған, әрі қарай 10-15 метрдей кәдімгі топырақтан жасалған дамба.

Осы жылғы 1 мамырда нөсер жаңбыр жауып, қатты жел соғуы салдарынан су қоймасының жағалауы осал жерінен жырылып, елді мекендерге, коммуникациялық желілерге, егістіктерге үлкен зақым келтірген.
Себеп неде? Себеп су қоймасының құрылғанына үш жыл толмай-ақ бұзылуы – құрылыстың ғылыми негізделмегенінде, сапасыз, асығыс жүргізілгенінде, халықаралық ортақ суды пайдалану ережелерін пайдаланбауында.
Су қоймасының жағалауындағы дамба жағасы толы суға шыдас бермей, жіңішке жерінен жыртылған. Су ашыққа қарай лап берген, Өзбекстанның 2 ауданын су жайлаған. Ақпараттарға қарағанда ол аудандардың халқы судан азап көріп отыр. Мырзашөлдегі орталық қала Гагаринге де су барған. Қазақстан аумағына 300 млн текше метр су аққан.
Өзбек жеріндегі су жайлаған жерден 70 мың адам көшіріліпті. Статистикаға асырып айтуға әдеттенген билік біршама қосып айтқан шығар, бәрібір аз емес.
Мақтаарал ауданындағы су астында қалған бес ауыл тұрғындары 10 эвакуациялық бекетке жайғастырылып, Мақтаарал мен Жетісай аудандарында уақытша паналау орталықтары ашылды.
Жалпы, халықаралық ережелерде көршілес елдер үшін ортақ проблема болған жағдайда оларды құқықтық тұрғыдан реттеу қатысушы елдер арасындағы келісімдер арқылы шешімін табады. Осыған орай екі немесе одан да көп елдер трансшекаралық суларды бірлесіп пайдалану жөнінде келісім хаттамасын жасап, соған сәйкес ортақ пайдалану мен ортақ жауапкершілік шараларын көреді.
Сардоба су қоймасын салу шарасы Өзбекстан мемлекеті тарапынан біржақты шешілген. Жалпы Орталық Азия елдерінде траншекаралық өзендерді пайдалануға қатысы барлық қатысушы мемлекеттер қол қойған Келісім жоқ.
Дегенмен, 1992 жылдың 18 қыркүйегіндегі БҰҰ-ның трансшекаралық су ағындары мен халықаралық өзендерді қорғау және пайдалану жөніндегі Конвенциясы, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1997 жылдың 21 мамырында қабылдаған Халықаралық су ағындарын пайдалану құқығы туралы Конвенциясы бойынша «трансшекаралық әсері бар немесе болуы мүмкін іс-әрекеттер кезінде трансшекаралық сулардың сипатына ерекше мән беріліп қисынды және әділетті түрде пайдалануды қамтамасыз ету» міндеті қарастырылады. БҰҰ-ның шешімдерінде «су ағысына ие мемлекеттер ынтымақтастықтарын егеменді теңдік, аумақтық тұтастық, өзара тиімділік және адал ниеттілік негізінде құрады» делінген. Залал келтірілген жағдайда оны жою немесе азайту үшін барлық шаралар қолға алынуы тиіс. БҰҰ-ның жоғарыда аталмыш конвенцияларының негізгі талаптарына сәйкес беделді халықаралық сарапшылар гидротехникалық нысандардың құрылысы экологиялық жағынан табиғатқа, қоршаған ортаға зардап келтірмейтіндігіне, трансшекаралық өзендер бассейнінде орналасқан барлық мемлекеттердің пайдаланатын су ағысының қалыптасқан балансы бұзылмайтындығына кепілдік беруге тиісті.
Дүние жүзінде трансшекаралық өзендер туралы 290-ға жуық құжат бар екен және бұл салада суды бірлесе отырып пайдаланудың оң тәжірибелері жетерлік. Мәселен, Еуропада 10 елді басып өтетін Дунай бойынша келісім 1948 жылы жасалды. Осы және өзге де құжаттарда өзендерге зиян келтірмеу, суды бірлесіп қолдану, өзенге зақым келтірген тарап оны тазалауға қаражат бөледі деген секілді принциптер жазылған.
АҚШ пен Канада қос елдің арасындағы бірнеше өзенді әділ пайдаланып келе жатқанына 100 жылдан асты. Яғни, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, трансшекаралық өзен мәселесін шешуде әмбебап әдіс жоқ, алайда келесідей ұстанымдар бар. Келісім біржақты қабылданбауы тиіс, құжатта судың бойында жатқан барлық елдің мүддесі ескерілуі қажет. Керек кезде дауды шешуге халықаралық ұйымдар да үлесін қосуы мүмкін. Су дипломатиясы халықаралық құқыққа негізделгенде ғана сәтті болады.
Осы ғасыр басталғалы Орталық Азияда шешімін таппаған ең маңызды сұрақтың бірі – трансшекаралық өзендерді дұрыс пайдалану мәселесі. 1998 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында (кейінірек Тәжікстан да қосылды) Сырдария өзенін пайдалану туралы келісім қабылданды. Алайда, бұл құжаттың Орта Азиядағы шекараларды кесіп өтетін сулардың мәселесіне қатысты тармақтары толық орындалмады. Тәжікстан өзін электр энергиясымен қамтамасыз етіп, артығын көршілеріне сату үшін Вахш өзенінің бойына Рогун ГЭС-ін салмақ болды. Вахш Әмударияға құятын болғандықтан, егер бұл ГЭС салынса, онда Өзбекстанның мақталы аймақтарында су жеткіліксіздігі пайда болуы мүмкін еді. Сол үшін Өзбекстанның сол кездегі басшысы Ислам Каримов бұл гидростанцияның құрылысына қатты қарсылық көрсетті. Тіпті, Өзбекстан шетелдерден ГЭС құрылысына келе жатқан материалдарды өз территориясында себепсіз бірнеше ай ұстап, жобаның іске асуын тоқтатты. Осы жанжалдан кейін Орталық Азиядағы трансшек-араық өзендерді бірлесіп шешу процесі тежелді. Тек, Өзбекстан билігіне Шавкат Мирзиёев құрылысқа қарсылық білдірмеді, содан кейін жағдай біршама жұмсарды.
Сырдарияның су мөлшерін дәл бөлу қиынның қиыны. Сыр суының бастауы Қырғыз жерінде қалыптасып, Тәжікстан мен Өзбекстан аумақтары арқылы өтіп, Қазақстанға келеді. Тау аумағынан келетін судың сапасы төмен қарай аққан кезде күрт нашарлайды, оның құрамында көрші елдердің егін алқабында қолданатын химиялық заттар – гербицидтер, пестицидтер, минералды тыңайтқыштар көбейеді. Қазақстан Сырдарияның ең төменгі бөлігінде болғандықтан, бірде Қырғызстан, бірде Өзбекстан суды жолай өз пайдасына пайдаланғысы келеді. Мәселен, жаздың суармалы маусымында кейде Өзбек үкіметі Сырдарияның суын қысып, Оңтүстік Қазақстандағы мыңдаған гектар жерді құрғатып тастап, шаруаларды шығынға батыратын. Ал қыс айларында Қырғызстан өз жеріндегі Тоқтағұл су қоймасында жиналған судың жартысын төмен ағызып, төмендегі ауылдарды су шайып кететін. 2008 жылғы сел Қазақстан аумағында 3 мың үйді басып, шығын 130 млн долларды құрады. Осыдан соң Қазақстан үкіметі Оңтүстік Қазақстанда Көксарай су қоймасын салуға шешім қабылдады. Ол артық суды жинап, қажет кезде Сырдарияға жіберу үшін салынды. Алайда, кей кездері Шардара мен Көксарай су қоймаларының сыйымдылық мүмкіндігі жеткіліксіз. Бұдан бөлек, Шардарадан Арнасайға су жіберу мәселесі де реттелмеген. Арнасайдан жіберілетін су көлемі келісілген көлемнен асып кетсе, Өзбекстан артық су жібергені үшін ақы талап етті. Бір сөзбен айтқанда, екі ел арасында трансшекаралық суларды бірлесіп қолдану бойынша халықаралық нақты келісім қажет еді.
Қазақстанның су ресурстары көптеген басқа мемлекеттермен салыстырғанда шектеулі, сондықтан, су ресурстарын ықпалдасқан басқару принципі мен тәжірибесін нығайту, су ресурстарын басқару жөніндегі мекемелерде персоналдың біліктілік деңгейін көтеру бойынша мемлекеттік қолдауды кеңінен қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық-құқықтық келісімдерге негізделген трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту аса маңызды болып табылады.
Су ресурстарының тапшылығы мен осалдығы жағдайында су қауіпсіздігінің проблемасы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер ретінде танылған. Қазақстанның ұзындығы жағынан екінші болатын Сырдария өзені республиканың шегінде 1400 шақырымды құрайды (жалпы ұзындығы 2219 шақырым). Қазіргі уақытта Қазақстан су ресурстарының жетіспеушілігін сезіне бастады және болжам бойынша 2040 жылға қарай қажеттіліктің 50%-ы көлемінде су ресурстарының елеулі тапшылығына ұшырауы мүмкін. Су ресурстарының тапшылығы мен осалдығы жағдайында су қауіпсіздігінің проблемасы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер ретінде қарастырылады.
Егер суды тұтынудың тиімділігін көтеру және қолжетімді су ресурстарын ұлғайту жөнінде жеткілікті шаралар қабылданбаған жағдайда су тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін қажетті су пайдалану бойынша: ауыл шаруашылығында, сондай-ақ гидроэнергетикалық салада, өнеркәсіпте экономикалық мақсат үшін су тұтынуды мәжбүрлі лимиттеуге әкелуі мүмкін, оның үстіне елді мекендерді сумен қамтуда іркілістер болуы мүмкін.
Сонымен қатар су ресурстарын ықпалдасқан басқару принципі мен тәжірибесін нығайту, су ресурстарын басқару жөніндегі мекемелерде персоналдың біліктілік деңгейін көтеру бойынша мемлекеттік қолдауды кеңінен қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық-құқықтық келісімдерге негізделген трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту барынша маңызды.
Қазақстанда басқа мемлекеттермен салыстырғанда су ресурстарын пайдаланудың (өнімділігінің) тиімділігі төмен: елдің экономикасына Ресейге немесе АҚШ-қа қарағанда ішкі жалпы өнімнің (бұдан әрі - ІЖӨ) бір долларына алғанда үш есе артық және Австралияға қарағанда алты есе артық су қажет.
Су ресурстары тапшылығының қаупін азайту мақсатында соңғы жылдары Қазақстанның су ресурстарын басқаруда оң үрдіс, атап айтқанда, ең үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес келетін, су ресурстарын бассейндік принципте басқаруға көшу, сондай-ақ су шығынын төмендетуге және инфрақұрылымның қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізетін су шаруашылығы мен гидромелиоративтік инфрақұрылымды өсіңкі қаржыландыру байқалады.
Әлемдік тәжірибе су тапшылығын қысқарту тетіктері туралы мынадай негізгі тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді.
Келісімдердің табысты болуы олардағы қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мен мониторингтеудің қажетті тетіктерін егжей-тегжейлі етуге байланысты болады. Алайда, көптеген келісімдер негізгі қажет параметрлерді ескермейді: келісімдердің жартысынан астамында мониториигтеу тәсілдері айтылмайды және 80%-ында санкциялар қолдану тетіктері қамтылмаған.
Су ресурстарын пайдалануды жақсарту және ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін суармалы жер көлемін күрт арттыру мақсатында, 2018 жылы 23 желтоқсанда Үкіметте Суармалы жерлерді дамытудың 2028 жылға дейінгі жоспары қабылданды.
Жоспардың негізгі мақсаты – 3,5 млн га суармалы жерді суару суымен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда суармалы жерлердің ауданы 1,4 млн га құрайды. Жоспарды іске асыру айналымнан шыққан, алайда қажетті 600 мың га суармалы жерлерді қалпына келтіріп, жаңа 1,5 млн га суармалы жерлерді іске қосуды көздейді.
Бүгінгі таңда елімізде пайдаланылып жатқан суармалы жер барлық егістік алқабының 7%-ын құрайды. Бұған қарамастан, ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы өнімінің 40%-ы осы суармалы жерлерде шығарылады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы И.Әбішевтің айтуынша: «Жоспардың негізгі мақсаты суармалы жерлердің 3,5 млн гектар аумағын суармалы сумен қамтамасыз ету болып табылады. Іске асыру барысында айналымнан шыққан 600 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру және жаңа 1 500 мың гектар суармалы жерлерді енгізу қарастырады».
Алдын ала есептеулер бойынша жаңа суармалы жерлердің 1 гектарынан 1,6 млн теңгеге дейін кіріс алуға мүмкіндік береді.
Әлемдік тәжірибенің талдауы көрсеткеніндей, суға кететін шығындардың үлесі әр түрлі елдерде 10 пайызға дейінгі көрсеткішті құрайтындығын көрсетеді, ал Қазақстанда 0,4 %.
Қазақстанда су беру және су пайдалану жұмыстарының тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандырудың өзектілігіне келсек, біздегі су пайдалану тиімділігі орташа алғанда жекеленген салалар бойынша да, тұтас экономика бойынша да төмен: Қазақстанға ЖІӨ-нің 1000 долларына 97 м3 су қажет етіледі, бұл Австралияның (15 м3), Бразилияның (26 м3), АҚШ-тың 31 м3), Ресейдің (33 м3), ҚХР-дың (67 м3) көрсеткіштерінен едәуір асып түседі.
Қазіргі таңда біздің өңірлер бойынша, жекеленген облыстарда суармалы жердің көлемі былайша қысқарған: Ақмола облысында – 95 пайызға, Қостанай облысында - 80 пайызға, Шығыс Қазақстан облысында - 60 пайызға, Алматы облысында -11 пайызға, Жамбыл облысында - 32,7 пайызға, Қызылорда облысында - 23,7 пайызға және Оңтүстік Қазақстан облысында - 16,8 пайызға кеміген. Суармалы жердегі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі бойынша қазақстандық фермерлердікі шетелдіктерден 2-4 рет аз.
Сардоба оқиғасы нені көрсетті? Орталық Азияда өзен суын пайдаланудағы халықаралық келісімдердің жоққа жақын екенін, көршілес мемлекеттердің өзімбілермендік саясатының игілікке бастамайтынын көрсетті.
Осындай жағдайда аудан, ауылдың ресми басшыларының лидерлік қабілетінің төмендігі көрінді. Олардың жоғарыдағы нұсқауға байланып, өз бетінше мәселе шешудегі олақтығы көрінді. 30 жыл бойы жоғарыға жалтақтап, нұсқау күтіп қана қимылдайтын әкімқаралар қайда барарын, қайда тұрарын, қиыншылық жағдайда істі неден бастарын, қалай ұйымдастырарын да білмейтін болып шықты.
Сөзім жалаң болмауы үшін Мақтарал мен Жетісай аудандарынан бір-бір мысал келтірейін. Целина деген ауыл екі мемлекет арасындағы суы Арнасай ойпатына барып түсетін коллекторға ең жақын ауылдардың бірі. Жанындағы үш ауылды су молынан басқанда, ол ауылға бір литр де су өткен жоқ. Сонда қалай, мұнда қандай сиқыр бар?
Сиқыр жоқ, еңбек бар, жігер бар, жанашырлық бар. Сол ауылдың тумасы, алматылық бір азамат пен ауылдағы бір әлеуетті жігіт екеуі қаржы беріп, Целинаны төңірегіне тез арада 2,5 метрлік биік дамба жасап, оның іргесін қаппен бекітіп, нөпір судан сақтап қалған. Ауыл жігіттері де ұйымшылдық көрсетіп, бірін-бірі тыңдаған, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған.
Қоғалыда да осындай еңбекті басшылар емес, қарапайым тұрғындар өздері ұйымдастырды. Қоғалылықтардың дабылына сол төңіректегі азаматтар жұмылып, мыңдаған қаппен тосқауыл жасаған. Қоғалының тұсында коллекторға салынған ескі көпір бар еді, ол өзбек еліне қарайды, сонда шекараны қорғайтын застава бар, сол көпірге су тоқтап, коллектордың жағалауын су алу қаупі туғанда застава басшысы мықты азамат екен, көпір жанынан қосымша арық қаздырып, судың кедергісіз Арнасай ойпатына түсуіне жол ашқан. Атасына рахмет. Ол көпірді рұқсатсыз бұздыра алмаймын, жанынан арық қазамыз, тек шекарадан ешкім өтіп кетпеуін сұранамын, әйтпегенде мен сот алдында жауап беріп қаламын, - деп шынын айтып, тіреліп тұрған суды төменге жібергізген.
Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру дегенін өмірге нақты енгізуді ауыл әкімінен, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарынан бастауымыз керек еді, олай болмай жатыр. Бұрынғы кездегі жауыр болған биліктегілердің формалды есебі, бір сөз айтылса, лапылдатып ала жөнеліп, бірер айдан кейін ұмытып, жаңа ұранды мадақтайтын әдетті өзгерте алмай жүрміз.
Сөз соңында айтарымыз, Шардара мен Көксарай су қоймаларының сыйымдылық мүмкіндігі жеткіліксіз. Демек, трансшекаралық суларды бірлесіп қолдану жөнінде Нұр-Сұлтан мен Ташкент арасында жаңа нақты құжат керек және оның орындалуы ұдайы бақыланып тұруы тиіс.

 

Мырзагелді КЕМЕЛ,
экономика
ғылымдарының докторы, профессор

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.