Астананың архитекторы Избранное

Пятница, 03 Июль 2020 05:06 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 439 раз

Астана архитекторы

Қазақстанның астанасы қарқынды дамып, әлемдік дәрежедегі қалалар деңгейіне жетіп келеді. Көптеген сәулетшінің көкжиекке қанат қаққан қиялы, дамыған инфрақұрылым, жаңа технологияларды қолдану Нұр-Сұлтан қаласын әдемі, мобильді және қолайлы қала атандырып отыр.

Ал осыншама жетістіктің артында жүздеген және мыңдаған адамдардың еңбегі тұр. Олардың бірқатары еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, алдағы өмірін мегаполиспен байланыстырса, тағы біразы қаланың құрылысына үлесін қосып, сәулетіне жан бітірді. Біз бүгін елорданың бой көтеруіне үлес қосқан архитекторлар туралы айтып өтсек.
Ел астанасы ресми түрде Алматыдан сол кездегі Ақмола қаласына 1997 жылдың желтоқсан айында көшірілді. Ал 1998 жылдың мамыр айында елорданың атауы Астана болып өзгерді. Дегенмен, ел астанасын орталыққа көшіру туралы идея одан бұрын басталған. Елбасы Н.Назарбаев өз естеліктерінде астананы көшіру туралы ой сонау 1992 жылы ел аралап жүргенде келгенін айтады.
Содан бастап жаңа астананы көркейту, құрылысын дамыту бағытындағы жұмыстар басталып кетеді. Алдымен отандық сәулетшілер арасында қаланың концепциялық дамуы бойынша конкурс жарияланады. 17 шығармашылық ұжымның арасынан Алматы және Ақмола өңірлерінің біріккен тобының ұсынысы жеңіске жетеді. Дегенмен, олар ұсынған жоба Елбасының көңілінен шықпады. Тұңғыш Президенттің ойынша, ұсынылған жоба ХХІ ғасырдың талабына сай емес. Осылайша Н.Назарбаев астана жобасына халықаралық конкурс жариялауға шешім қабылдайды. Ол байқауға әлемдік танымал архитекторлардың ішінде қала салумен айналысып жүргендері ғана шақырылады. Конкурсқа ұзын-саны 47 шығармашылық ұжым қатысып, байқау әділ әрі жоғары деңгейде өту үшін әділқазылар да халықаралық мамандардан құрылады.
Байқаудың ақтық сынына үш жоба жетті. Біріншісі – әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның жобасы, екіншісі – қазақстандық, үшіншісі – ресейлік архитекторлардың ұсынысы.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы астананы көшіру идеясының авторы ретінде осы үш жобаның арасынан таңдау жасайды. Сонымен, Ұлт Көшбасшысының көңілінен жапон архитекторының жобасы шығып, таңдау түйінделеді. Ондағы ең басты ерекшелік – өте мықты концептуалдық идея. Яғни, жапон маманы ХХІ ғасырдың қалалары жаңа философиялық негізге сүйене отырып дамуы керек дегенді алға тартады.
Бұл идеяның Елбасыға ұнаған себебі де сонда. Астананы дамытудың алғашқы жобаларының бірі елорданы Есіл өзенін негізге ала отырып дамыту керек дегенді ұстанады. Яғни, қаланың ортасындағы өзеннің қос жағалауына тұрғын үйлер кешенін, шағынаудандарды жаппай салу ежелгі композициялық ұстанымға негізделген-ді.
Ал бұл ойға қарсы шыққан жапон архитекторы Кисе Куросава тың симбиоз идеясын ұсынады. Яғни, жаңа ғасырдың қалалары табиғатты бүлдірмей, Жер-анамен біртұтас болып, адамзаттың әрекетінен зиян келтірмей дамуды ұсынады.
– Жағалауға жақын орналасқан тығыз қала өзенге төніп тұр. Осылай жалғаса берсе, мегаполис алып қаланың артериясы секілді өзенді 2-3 жылда-ақ тұншықтырып тынады, - дейді Кисе Куросава.
Дәл осы идея Елбасының көңілінен шығып, жапон маманының ұсынысы қабылданады. Содан кейін 2 жыл бойын тынбай жұмыс істеген Куросаваның командасы жобаны аяқтап, елорданың Бас жоспары 2001 жылы бекітілді.

 

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.